Жұма, 29 наурыз 2013 0:55
«Өмірге үшем келді» деп басталатын жаңалық іспетті хабар осы күні көп-ақ. Ол үшемдердің есімдері, ата-анасы, әлеуметтік жағдайы туралы елу жолдың айналасындағы мәлімет болғандықтан, келесі бір «үшем» дүние есігін ашқанға дейін санадан сызылып кетеді. Бірақ, соңғы жылдары өмірге үшемдердің көптеп келуі кәдімгідей назарымызды аударатын болды.
Жұма, 29 наурыз 2013 0:55
«Өмірге үшем келді» деп басталатын жаңалық іспетті хабар осы күні көп-ақ. Ол үшемдердің есімдері, ата-анасы, әлеуметтік жағдайы туралы елу жолдың айналасындағы мәлімет болғандықтан, келесі бір «үшем» дүние есігін ашқанға дейін санадан сызылып кетеді. Бірақ, соңғы жылдары өмірге үшемдердің көптеп келуі кәдімгідей назарымызды аударатын болды.
Бала кезімізде, яғни Кеңес дәуірі әне-міне құрдымға кетер тұста үшемдер туралы әңгіме естімедік. Ондай жаратылыс иелерін көзімізбен көрген де емеспіз. Есесіне Айман-Шолпан атты егіз балалармен бір сыныпта оқығанымыз еске түседі. Көршілердің, ағайындарымыздың арасында да егіз ұл-қыздары бар отбасылар көп еді. Балалық қиялдың ұшқыр келетіні бар емес пе? Сол кездегі санамыз егіз балаларды ерекше жаратылыс иелері деп танып, асқан қызығушылықпен қабылдапты. Олардың жүріс-тұрысын, киген киімдерін, айтқан сөздерін, бәрін-бәрін қалт жібермей бақылағанымыз ұмытыла қойған жоқ. Бірақ, бір ананың құрсағынан бір мезетте үш сәби өмірге келеді деген ойымызға кірмепті. Бұл сол кездері үшемдер мүлде тумады дегенді білдірмейді.
Ал енді соңғы кездері үшемдердің көбеюін немен түсіндіруге болады?
«Тұқымында егіз не үшемдер кездескен әйелдердің үшемдерді дүниеге әкелу мүмкіншілігі жоғары. Үшемдерді дүниеге әкелу оқиғалары бұрын да ара-тұра кездесетін. Тек оларға бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қызығушылық аз болатын. Ал үшемдердің дүниеге көптеп келіп жатуының тағы бір себебін жатырдан тыс ұрықтандыру (ЭКО) тәсілімен де түсіндіруге болады. Біздің елімізде тұңғыш ЭКО клиникасы 1995 жылы ашылған болса, одан бері 17-18 жылдың ішінде қаншама сәбилер жарық дүние есігін ашты. Соның ішінде үшемдер де кездеседі. Себебі, экстракорпоральды ұрықтандыру барысында әйелдің жатырына түтікшеде ұрықтанған төрт-бес жұмыртқа клеткалары салынады да, әрі қарай олардың өсу үдерістері жүреді. Көбінде бұл жұмыртқа клеткаларының бәрі бірдей жетіліп кетпейді. Оның ішінде жалқы немесе егіз балалардың саны басымдау. Ішінара үшемдер де кездеседі», дейді Астанадағы №1 перзентхана бас дәрігерінің орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты, акушер-гинеколог Халида Шәріпова.
Халида Көбентайқызы медицинада ұрықты жою (редуцирование плода) деген ұғымның бар екенін де айтты. Ол, әсіресе, әлгіндей үш немесе төрт ұрық қатарынан өскенде соның біреуін, не екеуін ата-аналарының келісімімен жоюға болатынын, бұған біздің медицинаның әлеуеті толығымен жететінін, дегенмен, ата-аналардың бұған келіспей жататынын да баяндады. «Дәрігерлердің міндеті – кеңес беру, ал шешімді ата-ана қабылдайды деген», акушер-гинеколог үш баланы бірдей босанудың әйел адамға өте ауыр тиетінін, өмірі қыл үстінде тұратынын, тіпті, көп жағдайда олардың айы-күніне жетпей, кесарь тілігі арқылы сәбилерін дүниеге әкелетінін де жасырмады. «Әрине кесарь тілігі тек үшемдер туылғанда ғана жасалады екен деп ойлап қалмаңыздар. Оны жасауға сәбилердің жатырда дұрыс орналаспауы, әйел денсаулығында эндокринологиялық патологиялардың болуы, гармондардың сәйкессіздігі деген сияқты жағдайлар да себеп болады», дейді акушер-гинеколог.
Елордадағы №2 Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Гүлфайруз Оразбаева көп ұрықты жүкті пациенттердің жоғары тәуекел тобына жататынын, соған байланысты мұндай пациенттерге әйелдер кеңесінде алдын-ала босанатын жерін және босану әдісін анықтап, айрықша көңіл бөлінетінін мәлімдеді. «Біздің мекеме 2010 жылдан бастап үшінші деңгейдегі акушерлік стационар болғандықтан әрі көп ұрықты жүктіліктің топталған жеріне айналғандықтан үшемдердің дүниеге келуі өсу үстінде. Соңғы бес жылда бізде сегіз үшем дүние есігін ашты. Сегіз отбасы мол қуанышқа бөленді. Тағы бір айтар жайт, осы үшемдердің барлығы репродуктивті технологиялардың көмегінсіз дүниеге келді», дейді ол. Осы арада маман үшем көтерген әйелдердің көбінесе ай-күніне жетпей босанатынын, дүниеге шала туылған балалар әкелетінін де жеткізді. Соған сәйкес үшем тапқан аналарға да, олардың сәбилеріне де арнайы күтім қажет екенін айтты.
Соңғы кезде үшемдердің өмірге келуінің жиілеуінің себептерін білу үшін №3 перзентхананың Әйелдер кеңесіне де бардық. Онда жиырма жылдан астам еңбек өтілі бар акушер-гинеколог Айман Нарбаеваға жолыққанбыз. Соңғы 3-4 жылдың бедерінде ғана жұмысын бастаған перзентханада бұл уақытқа дейін екі үшем туыпты. Тағы бір үшем аналарының құрсағында екен. «Алғашқы екі үшемді тапқан әйелдер де менің бақылауымда болды. Ал қазіргі қаралып жүрген әйел наурыздың соңына қарай босанады. Бұлардың барлығына тән бір ерекшелік – тұрмыста болса да көп жыл бала көтермеген. Сондықтан, экстракорпоральды ұрықтандыру көмегіне жүгініп, жүкті болды», дейді Айман Бекарыстанқызы. Акушер-гинеколог үшемге жүкті болған әйелдердің денсаулығына мамандардың ерекше алаңдайтынын айтты.
Әрине, әйел баланы ең алдымен өзі үшін табады. Десек те үшем тапқан аналардың әлеуметтік жағдайы баршаны, әсіресе, билік басындағыларды ойландыруға тиіс.
Елімізде осыны жақсы түсінетін басшылар жоқ емес, бар. Мәселен, Алматы облысы Талғар ауданының Кеңдала ауылында тұратын Айдар және Әлия Тоқтарлардың жас отбасында Әния, Әзия және Әдия есімді үш сәби өмірге келгенде, оларға жаңа үйдің кілті табыс етілді.
Осындай қуанышқа Павлодар облысындағы Танкешевтердің отбасы да бөленді. Қызылорда қаласында дүниеге келген Асылхан, Әділжан, Ақжан есімді үшемнің ата-аналарының да жаңа қоныс қуанышына кенелгенінен хабарымыз бар.
Алайда, санамалай бастасақ, мұндай бақытты бастан кешкендердің саны онша көп емес.
Үшем сүю бақытына бөленгендердің барлығының бірдей баспанасы жоқ дегенге ешкім сене қоймас. Тіпті, жоғарыдағы мамандардың айтуынша, экстракорпоральды ұрықтандыру әдісімен дүниеге келіп жатқан сәбилердің отбасылары көп жағдайда бақуатты тұратын көрінеді. Олардың кейбіреулері тек шыр еткен сәби дауысына зар. Сондықтан 3-4 миллион теңге, кейде одан да көп қаржы жұмсап ЭКО-ның көмегіне жүгінеді. Дегенмен, табиғи жолмен туып жатқан үшемдер туралы бұлай айтуға болмайды. Осы мақаланы дайындау барысында біраз ізденуге тура келіп, сонда байқағанымыз – баспана сұрап, өздері туралы хабардың жарыққа шығуына мүдделі боп жүрген отбасылардың көбі ауылды жерден қалаға көшіп келген, не аудан орталығында, ауылдарда тұратын әлеуметтік жағдайы ортадан төмен қарапайым жандар. Осыған байланысты 2011 жылдың 27 қаңтарында Сенат депутаты Қуаныш Айтахановтың тұрмысы төмен отбасыларда туған үшемдерді нормативке сәйкес баспанамен қамтамасыз ету және арнайы жөргекпұл мен арнайы жәрдемақы тағайындауды Үкімет тарапынан шешуді сұрап жазған хаты да бар екен. Қандай жағдайда өмірге келсе де Алланың ерекше сыйы іспетті үшемдердің ең алдымен еліміздің демографиясына қосылып жатқан үлес екенін, көбеймесек көсегеміздің көгермейтінін, ал ол үшін көп балалы отбасыларды ынталандыру жайы назарда болуы тиістігін алға тартқан депутаттың бұл сауалы ескерусіз қалмайтынына сенгіміз келеді. Ал, әзірше үшемдерге берілетін жәрдемақы көңіл көншітпейді. Өйткені, сәбилерді былай қойғанда, үшемді өмірге әкелген ананың денсаулығы да қалыпты жағдайға түсуі үшін кешенді дәрумендер, оған қоса емделу қажет екені айтпасақ та түсінікті. Бұл ретте мемлекеттің беретін бір реттік 260 мың теңгесі жыртыққа жамау болмайды десек қателесе қоймаспыз. Балалар бір жасқа толғанға дейін берілетін бала күтіміне байланысты жәрдемақы да мардымсыз. Аталған жәрдемақының көлемі жұмыс істейтін аналардың жалақысының 40 пайызын құраса, үйде отырған аналарға балаларының реттік санына байланысты беріледі. Сонда бір бала туған ана мен үш баланы бірден өмірге әкелген ананың айырмашылығы онша көп болмай тұр.
Біз «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін мақалды жиі айтып, оның астарында әр баланың өз несібесі бар деп, келешекке үмітпен қарайтын халықпыз. Десек те мынау нарықтың заманында үшемнің орны бөлек екенін ұмытпағанымыз жөн-ау, сірә?!
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».