Кеше Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы өңірде мемлекеттік бағдарламаларға сай атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастамашы болған «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қалай? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлер экономикаларын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы қалай жүзеге асуда? Үкімет басшысының Ақжайық өңіріне сапары осы мәселелерді қамтыды.
Үкімет басшысы ең алдымен Бөрлі және Бәйтерек аудандарында орналасқан Қарашығанақ және Чинарев мұнай-газ конденсатты кен орындарында болды. Бұл жерде Премьер-Министр «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» және «Жайықмұнай» ЖШС кәсіпорындарының жұмысымен танысты.
Түстен кейін Орал қаласына келген Асқар Мамин өңірдегі азық-түлік, жиһаз, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары «Желаев астық өнімдері комбинаты», «Күблей» ЖШС консерві зауыты, «Аквакультура тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісінің оқу-ғылыми кешені», «Квант» корпусты жиһаз өндіретін фабрика, «Болашақ-Т» тұрғын үй құрылысы комбинаты, Орал трансформатор зауыты, шиналар мен құрамында резеңке бар қалдықтарды өңдейтін «Кама Центр» кәсіпорны секілді бірқатар ірі кәсіпорынды аралады.
12 300 га алқапқа егін өсіріп, астық өнімдерінің толық циклын игерген кәсіпорын өз өнімінің 50%-ын экспортқа – Ресей, Тәжікстан, Ауғанстан және Түрікменстанға шығарады. Премьер-Министр экспорт көлемін одан әрі ұлғайту үшін еліміздің ауыл шаруашылығы кәсіпорындары алдында қандай кедергі бар екенін сұрап білді. Кейбір үкіметтік субсидияның қысқаруының теріс әсерін зерттеу үшін Ауыл шаруашылығы вице-министріне тапсырма берді.
Өнімінің 95%-ын Ресейге, Грузияға, Әзербайжанға және Арменияға экспорттап отырған Орал трансформатор зауыты еліміздегі Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған болатын. Зауыттың басқарушы директоры Ақжол Сауранбаев мұнда үш ауысымда 300-ден астам адам жұмыс істейтінін, биыл өндіріс өсімі 35%-ды құрап, жалпы саны 9 мың трансформатор шығару жоспарланғанын айтты. Келесі жылы кәсіпорын жобалық қуатына толық еніп, өндіріс көлемін жылына 12 мың трансформаторға дейін арттырмақ.
Зауыт келер жылы панельді радиаторлардың жаңа өндірісін іске қосуды да жоспарлап отыр. Өндіріс қуаты жылына 3000 тонна радиатор шығаруға жетеді. Өнімнің 30%-ы ішкі нарыққа жіберілсе, 70%-ы экспортталмақ. Кәсіпорында қосымша 100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады.
Қаланы жылумен және ыстық сумен қамтитын «Жайықжылуқуат» АҚ кәсіпорнын аралау барысында Премьер-Министр өңірді энергиямен жабдықтау саласындағы жағдаймен, сондай-ақ жергілікті табиғи монополиялар субъектілерінің жұмысымен танысты. 100% акциясы Орал қалалық әкімдігіне тиесілі «Жайықжылуқуат» мекемесі жылына 300 млн кВт/сағат электр қуатын, 1,0 млн Гкал жылу өндіреді. Жылу маусымы Орал қаласында 200 күнге созылады, жылу жүйесінде температура 105-70°С талап етіледі. Орал жылу-қуат орталығының қуат беретін және су қайнататын қазандықтары табиғи газбен жұмыс істейді.
Асқар Мамин Орал қаласындағы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан «Ақжайық» жаңа шағын ауданының және 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысының барысымен танысты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2014 жылы құрылған «Болашақ-Т» ЖШС бес жыл ішінде 230 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беріпті. Кәсіпорын директоры Асқар Қощанов Үкімет басшысына үй құрылысы комбинатының қуатын бұдан да арттыру жоспарланғанын айтты. Премьер-Министр комбинат басшысынан ірі панельді технологиямен салынған үй сапасы тұрғындардың көңілінен қалай шығып жатқанына назар аударды.
Бұдан кейін Үкімет басшысы Жоғары аграрлық-техникалық колледжін аралап, оқу орнының оқытушылары әзірлеген ғимараттар мен нысандардың 3D-жобалау жүйесінің жұмысын көрді. Сондай-ақ өңірді цифрландыру жобаларымен танысты. Айта кетейік, аталған колледж әкімшілігі Финляндияның «Каларамп» компаниясымен келісімшартқа отырып, оқытушылар сол елде тәжірибеден өткен болатын.
Батыс Қазақстан облысы