Түркістан облысында «Азаматтар өтініштерін бақылау» бөлімі құрылады. Аталған бөлім барлық деңгейдегі арыз-шағымдардың мерзімінде жауап берілуіне бақылау жасайды.
Бұл жөнінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыруға арналған жиында мәлім етті. Алқалы жиында облыс әкімі Жолдауда айқындалған бағыттарға тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Халықпен байланысты нығайтуда қоғамдық бақылау және партия белсенділері мен шенеуніктерді бағалау тетігін ұйымдастыра білу қажеттігін айтқан Ө.Шөкеев «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша атқарылатын жұмыстарға да тоқталды. «Биыл Түркістан облысында 7 елді мекеннің мәселесін шешуге 4 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде 112,8 шақырым жол төселіп, 7 білім, 1 спорт және 5 мәдениет нысаны жөндеуден өтетін болады. Жоба аясында 2020 жылға 15 елді мекенде 114 жобаны іске асыруға 4,8 млрд теңге бағыттау жоспарлануда», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Ө.Шөкеев қала, аудан әкімдері мен қалалық құрылымдардың басшыларына тұрғындар арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеп, өздеріне жүктелген міндеттерді уақтылы әрі сапалы орындауға тапсырма берді.
Актив отырысында мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым, қоғамдық ұйым төрағалары жарыссөзге шығып, Жолдауда аталған міндеттер бойынша өз пікірлерімен бөлісті. Ал Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев жергілікті атқарушы органдардағы партия мүшелеріне мәселені жасырғаннан гөрі жедел шешкен тиімді екенін айтты. «Бүгінде облыста әлеуметтік жағдайдың төмендігі, тұрғын үй және жұмысқа орналасу мәселелері өте өзекті. Партия филиалы бірінші кезекте осы бағыттағы проблемаларды жүйелі түрде шешу үшін жергілікті әкімдіктермен, тиісті басқармалармен жоспар түзіп, жұмыс жүргізетін болады», деді Б.Тәжібаев. Партия филиалы Президенттің Жолдауда айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін екі бағытта жұмыс жүргізбек. Ең алдымен, партия филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесі Түркістан қаласындағы халық ең жиі шоғырланған Алматы арбатындағы ғимаратта «Open space» форматына көшсе, екіншіден барлық лауазым иелерінің қабылдауларын әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы жүргізу қолға алынатын болады. Сонымен қатар актив жиналысында партия филиалы Жолдауды халыққа тиімді етіп насихаттау үшін ескі форматтағы көптеген жиналысты тоқтатып, елдегі шешімін таппаған мәселелерге жауапты өкілдерді алып, елдің ортасына шығуды ұсынды. Атап айтқанда, кәсіпорын ауласында, базарларда, алаңдарда, саябақтарда, егістік алқаптарында, фермаларда ашық аспан аясында өтетін кездесулерде тұрғындар сала мамандарына тікелей сауал қойып, жауабын алу керек.
Айта кетелік, жыл басынан бері Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесіне 5204 арыз-шағым түскен. Оның 2747-сі оңтайлы шешіліп, 2289 өтінішке заң аясында кеңестер берілген, 168 өтініш бүгінде қаралу үстінде. Арыз-шағымдардың 2148-і әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардан, ал 1629-ы тұрғын үйге және жерге мұқтаждық бойынша, 454-і жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару, еңбекақы өндіру мәселесіне қатысты түскен. Әсіресе Келес, Ордабасы, Жетісай аудандарынан шағымданушылар көп.
Түркістан облысы