• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Қыркүйек, 2019

Медициналық сақтандыруды енгізуге әзірлік жайы пысықталды

119 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік медици­налық сақтандыруды жүзеге асыру мәселесіне жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері бойынша кеңес өтті.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Денсаулық сақтау жүйесін медициналық қызметті медициналық сақтандыру бойынша көрсетуге да­йындау туралы баяндады. Қазір дайындық жұмыстары бес негізгі бағыт бойынша жүргізілуде: құқықтық базаны қалыптастыру, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін жақсарту, қорға ауда­рылған ақшаға мониторинг жүр­гізу және сақтандырылған адамдарды есептеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, Қарағанды облысында медициналық сақ­тандырудың қанатқақты жобасын енгізу.

1 қыркүйектен бас­тап ен­гізілген медициналық сақ­тан­дыруды тестілеу алдын ала мәсе­лелерді анықтауға жәнеМӘМС-ке толық көшу кезінде тәуекелдерді жоюға көмектеседі. Е.Біртанов өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуді талап ететін бірнеше мәселені атады. «Медициналық сақтандыру табысты жұмыс істеу үшін халықты барынша көбірек тарту керек. Медициналық сақтандыру қоры сақтандырылған адамдардың санын тұрақты түрде есептеп, мониторинг жүргізеді. Бүгінгі таңда біздің бағалауымыз бойынша, азаматтардың 94,6%-ы МӘМС жүйесімен қамтылған, ал халықтың шамамен 5,4%-ы немесе 1 млн адам сақтандырылмаған», деді Денсаулық сақтау министрі.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты өзектендіру мәселесі бойынша ведомство басшысы 2,7 млн адамның 687,7 мыңының мәртебесі анықталмағанын атап өтті. Сонымен қатар министр еңбек және салық заңдарының орындалуына бақылауды күшейту қажет екенін еске салды. Селекторлық режімдегі кеңеске өңірлердегі әкімдіктердің, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері қатысты, олар медициналық сақ­тандыруды енгізуге техникалық дайындық, 2020 жылдың қаң­тарынан бастап медициналық көмек көрсетудегі өзгерістер жайлы халықты хабардар ету туралы баяндады.

«Медициналық сақтандыру әрбір тұрғынға әсер етеді, сондықтан мемлекеттік органдар сақтандыру медицинасына бірқалыпты көшу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс. Олар үйлесімді және өзара жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Ең бас­ты мәселе – балалардан бастап ересектердің барлығын есепке алу қажет. Осы айда халық мәртебесін өзектендіру, МӘМС жүйесіне жеңілдік жасалған санаттар бойынша қатысушыларды реттеу жұмыстарын аяқтау керек», деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар әкімдіктерге 1 қазанға дейін медициналық ұйымдарды компьютермен жабдықтау және интернетпен қамту жұмыстарын аяқтауды тапсырды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.