Таяуда Өзбекстанның Самарқанд қаласында Шығыс халықтарының музыкалық мұраларын дамыту һәм насихаттауға арналған дүниежүзілік «Шарк тароналари» фестивалі өткен-ді. Осы мәдени шараға Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы Мәдениет үйінің жанындағы «Бабалар сазы» этно ансамблі арнайы шақырту алып, өз өнерлерін көрсетіп қайтты.
«Таңғаларлығы, бұл музыка фестивалі материалдық емес құндылық ретінде ЮНЕСКО тізіліміне еніп, екі жылда бір рет өткізілетін Өзбекстан үкіметінің аса ірі мемлекеттік іс-шарасы екен. Төрт күнге созылған фестивальға әлемнің 33 мемлекетінің 300-ден астам дәстүрлі өнерпазы қатысты. Отыз үш мемлекеттің өнерпаздарының жиырма минуттық өнерін төрт күн бойы он адамнан құралған тәуелсіз қазылар алқасы сараптады. Біздің «Бабалар сазы» этно ансамблі фестивальдың үшінші күні сахнаға шықты. Халқымыздың қара домбырасын бас қылып, қыл қобызын, жетігені мен шертерін, шаңқобызы мен сазсырнайын, ортекесін орғытып, Алтай-Тарбағатай ән-күй мектебінен халық күйлері «Бұлғын сусар» мен «Қара жорғаны», дәстүрлі әнші Е.Құжиманов «Үш теке», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Жамбылдың «Ақындарға арнауын», Т.Шәкәрімов пен А.Ахатұлы «Домбыра» шығармасын орындады. Бұл фестивальға қатысқандардың барлығы дерлік облыстық, республикалық деңгейдегі филармония, өнер ұжымдары екенін айта кеткен орынды. Қағыс дыбысты қалт еткізбейтін қазылар алдында тарбағатайлық өнерпаздардың өнер көрсетуі оңайға түскен жоқ. «Бабалар сазы» этно тобы – алыс ауылдағы қарапайым Мәдениет үйінің өнерпаздары. Ұлттық аспаптарымыздың үнін әлем елдері үніне ұластырып қайтқан өнерпаз ұжым үшін бұл байқау шеберлік мектебінен өтудің үлгісі болды», дейді этно ансамбльдың жетекшісі, Ақсуаттағы Мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікбаева.
Фестиваль қорытындысында «Бабалар сазы» Иран елінің «Сарай ханымдары», Үндістанның «Саманвая» ансамбльдерімен бірге «Дәстүрді жалғастырушылар» арнайы аталымымен (500 АҚШ доллары) марапатталыпты. Орайы келгенде айта кетейік, бұл өнер ұжымы бұған дейін Қытайдың Шәуешек қаласында, Иран Ислам Республикасында, Түркия елінің Анкара, Бурса шаһарларында өткен халықаралық фестивальдарға қатысып қайтқан болатын.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Ақсуат ауылы