Ленинское ауылының тұрғындары төрт жыл бойы жабайы арпамен алысып әлек. Биыл тағы да үлкен әбігерге түсірді. Жыл өткен сайын ауқымы үлкейіп, қырды айтпағанда тұтас елді мекенге жайылып үлгерген. Түп-тамырымен қырқып, жойып тастауға жеке адамдар түгілі шаруа қожалықтары да қауқарсыз.
Жұрт аузында жабайы, жалды, канадалық деп аталып кеткен арпа сырт көзге әдемі, зиянсыз көрінгенімен, ауылшаруашылық дақылдары мен төрт түлік малдың қас жауы көрінеді. Өсімталдығы соншалық, тез таралып, атшаптырым аумаққа тамыр салып үлгеріпті. Зейнеткер Арғын Үсейіновтің иыққа триммерді іліп алып, ауласын тазалағанына бірнеше күн болыпты. Бірақ жауыннан кейінгі саңырауқұлақ құсап қайтадан қаптап кетеді екен. Алыстан қараса, ауыл дәні пісіп, масағы толысқан сап-сары елтінжалдың ортасында тұрғандай әсер береді. Бұл – шын мәнінде қаулай өскен арамшөп.
«Былтыр мына жерді тап-таза етіп орып тастағанбыз. Шапқан сайын балалай бере ме деймін. Тіпті көбейіп кетті. Жолдарды, жайылымдарды басып, егістік алқаптарға жақындап қалды. Дереу алдын алу шаралары шұғыл жүргізілмесе, жағдайдың күрделеніп кететін түрі бар», дейді лениндіктер.
Осы себепті бақташылар мал жайылымын ауыстырып, басқа жаққа бағуға мәжбүр. Жуырда жабайы арпаны жеген бір қой аяқасты серейіп, сойса, ішек-қарнына шөптің тікенектері қадалып қалыпты. Бір ауылды әбден мезі қылған жабайы арпа бала-шаға нәпақасын айырып отырған мал иелерін де жайсыздыққа ұрындыруы мүмкін. Өңірдің фитосанитарлары арамшөптің төрт түлік малға да, егістікке де аса қауіпті екенін жасырмайды. Одан құтылудың бір ғана жолы – химиялық өңдеу. Алайда жаппай әсер ететін шетелдік гербицид өте қымбат тұрады. Оның үстіне оған мемлекет тарапынан қаражат бөлу жағы қарастырылмаған.
Жергілікті биліктен де күдерлерін үзген Ленинское ауылының тұрғындары триммер мен қол шалғы сатып алуға жаппай кірісіп кеткен сыңайлы. Өйткені өз күштеріне сенуден басқа амал жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы,Аққайың ауданы