«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы биыл екінші рет Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «National Tourism Awards 2019» ұлттық байқауын ұйымдастырып жатыр. Конкурсқа өтінімдер 1 қазаннан бастап қабылданады.
«National Tourism Awards 2019» ұлттық байқауының басты мақсаты – ішкі және сыртқы туризмді дамыту және танымал ету. Сондай-ақ туристік сала бойынша үздіктерді анықтап, қонақжайлылық индустриясында қызмет көрсету сапасын арттыру, дейді «Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев.
«Бұл байқау бизнесті өз инфрақұрылымын жақсартуға, бәсекеге қабілетті болуға ынталандыруды көздейді. Байқаудың 10 аталымында бизнестің барлық салалары қамтылған. Онда жайғастыру орындары, туристік операторлар, блогерлер және биыл «Үздік туристік жоба» аталымын қостық. Бұл қандай да бір ерекше қонақүй болуы мүмкін немесе этноауыл немесе іс-шара. Министрлік бұл жобаға қаражат бөледі», деді Т.Дүйсенғалиев.
Оның айтуынша, министрлік (Мәдениет және спорт министрлігі – ред.) осылайша жақсы жобасы бар, бірақ қаржыландыру жетіспейтін бизнеске қол ұшын созғысы келеді. Мұндай жүлделер туризм саласындағы көшбасшыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Байқауға қатысушылар «Жылдың үздік туристік компаниясы», «Үздік гид-экскурсовод», «5* санатындағы үздік қонақүй», «4* санатындағы үздік қонақүй», «3* санатындағы үздік қонақүй», «Үздік шипажай», «Балалар мен жасөспірімдер туризмі бойынша үздік жоба», «Туризмді насихаттау бойынша үздік жоба», «Туризм туралы үздік блог» және «Оқиғалық туризм бойынша үздік жоба» аталымдары бойынша үміткер атана алады.
Сондай-ақ Туризмді дамыту департаментінің директоры Гауһар Жеңісбек биыл ұйымдастырушылар мен серіктестердің арнайы жүлделері де көбейгенін атап өтті. «Қазақстандағы туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Үздік бизнес-жоба» және «Қолөнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымдарының жеңімпаздары өздерінің стартаптарын дамытуға грант жеңіп ала алады.
«National Tourism Awards 2019» байқауына өтінімдер 1-31 қазан аралығында www.tourismawards сайтында қабылданады. Іріктеу және онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша сарапшы қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтайды. Ал жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 7 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.