Халықтың Шерағасына айналған халық жазушысы Шерхан Мұртаза бұл күндері арамызда жүрсе ғой, алдағы 28 қыркүйекте 87 жасқа толар еді...
Даңқты қаламгердің жуалылық жерлесі, қаламдас інісі, жазушы-режиссер Доқтырхан Тұрлыбек жақында оқырмандарға жып-жылы естелік кітабын ұсынды. Небәрі 125 парақтан тұратын алақандай ғана кітапша «Шераға» деп аталады, «Шерханның Түркібасы», «Шерағаның бір кем дүниесі», «Жуалының «Павлик Морозовы», «Мына диюды қалай ноқталап жүрсің?», «Жақсы адамның ашуы» атты тағы да бірнеше естелік әңгімелерден құралған. Әдебиеттің әзіл-сықақ жанрында да ерекше өз үлесі бар белгілі қаламгер Доқтырхан Тұрлыбектің естелік жазбасы Шерхан Мұртазаның бір заманда ұлттық телеарнаны басқарып жүргендегі, елдегі, ел арасындағы, ұлттық басылымдарда басшылық қызметтегі басынан кешкен үздік те үзік естеліктеріне арналған. Кітапта әрдайым қабағы түюлі, кейбір сәттерде күндей күркіреп қоятын Шерхан Мұртазаның адами болмысын шуақты әзілмен жуып-шайып, ойнақы, жеңіл, уытты тілмен суреттеген тарау-тұстар баршылық.
...«Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына кіре берісте Шерағаммен кездесіп қалдым.Түрі суық, сәлемімді әрең алды.
– Сен бала, мен жайында не былжырап жазып жүрсің? – деді мұрты едірейіп. Шерхан Мұртазадан мұндай қатқыл сөзді өз құлағымен естіген жан бар ма екен?! Доқтырхандай балаң жазушының сондағы көкжал алдындағы бүріскен көжектей кейпін көз алдыңызға елестетіп көре беріңіз.
– Ел аузында... айтылып жүрген... Ғабең екеуіңіз туралы әдемі... әзілді «Айналайын» деп ат қойып жазып ем...
– Қай басылымда жарияланды? Бірдеңені шатып-бұтсаң, менен жақсылық күтпе!
– «Жалынға» шыққан... 1997 жыл 8-ші саны...
– Бір жаққа сандалып кетпе. Үйіңде бол! Үш сағаттан соң телефон соғамын. Айтпақшы, телефон нөмірің қандай еді?
Бұл үш сағаттың Доқтырханның тағдырында қандай рөл ойнағанын оқырманның іші сезіп те отырған шығар. Содан... «Шерхан Мұртаза тұп-тура үш сағаттан соң телефон қоңыраулатты» деп жазады сасқалақтап, жанын қоярға жер таппай отырған Доқтырхан.
«Доқа, оқып шықтым, все нормально, – деп, телефон тұтқасын қоя салды. «Уф...» дер-деместен сылқ етіп отыра кеттім» деп аяқталады әңгіме. Қызықты естеліктің арқауына қазақтың ғажайып қаламгерлері Ғабит Мүсірепов пен Шерхан Мұртазаның арасында өткен қандай оқиға сеп болғанын осы «Шераға» атты кітапшаны қолыңызға алғанда қанығасыз!..
Шерхан Мұртазаның қасиетті қаламынан өрілген шындық шығармалары, оның буырқанған бояуы, елім-жерім, ұлтым-тілім деген уытты ұстанымдары, әрбір азаматтың көкейіндегісін дөп басатын ой-танымдары бүгінге дейін де талай-талай әдебиет зерттеушілерінің еңбегіне азық болғаны рас, бола беретіні және ақиқат. Белгілі жазушы Доқтырхан Тұрлыбектің бұл сүйінші данасы – «Шерағасы» сондай толымды дүниенің бірі. Шераға туралы естелік – Алматыдағы «Тоғанай-Т» баспасынан жарық көрді.
АЛМАТЫ