• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қыркүйек, 2019

Кәсібі көп ауылдың нәсібі мол

340 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Байзақ ауданында халықты әлеуметтік қолдау шаралары кеңейіп, бизнес құрылымдарын мемлекеттік қолдау тетіктері дамып келеді. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, қазіргі кезде халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыру басты мәселе болып отыр.

Тараз қаласының іргесіндегі Қызыл жұлдыз ауылында орналасқан «Рола 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 11 жылдан бері 27 түрлі макарон өнімдерін шығарады. Аталған кәсіпорын былтыр 536 миллион теңгенің өнімін өндірді. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өндірген өнімдері облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде де үлкен сұранысқа ие болып отыр. «Рола 7» кәсіпорны өндіріске қажетті шикізаттың 85 па­йызын Солтүстік Қазақстан облысынан алады. Серіктестік 50-60 пайыз жүктемемен ғана жұмыс атқаруда. Ауданға жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов оны 80 пайызға дейін көтеру үшін қаржылай қолдау шараларының қажет емес екенін, тек шикізатпен қамту мәселесін шешу керектігін ескерткен. Себебі «Рола 7» кәсіпорны шығынының 20-30 пайызы шикізат тасымалына жұмсалады. Сонымен қатар ауданда өңдеуші кәсіпорынды шикізатпен тұрақты қамту, электр энергиясы мен газға жұмсалған шығындарды субсидиялау мәселелері де өзекті. Ал кәсіпорын құрылтайшысы Марат Қасымбекұлының айтуынша, шикізатпен қамтуды жүйелеу арқылы өндірістік әлеуетті екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.

Бүгінгі таңда кооператив құ­рудың маңызы жоғары. Себе­бі ауыл ахуалын жақсартып, тұр­ғындардың тұрмысын түзеуге таптырмас жағдай. Бұл ретте ауылды жерлердегі шаруа қожалықтарының рөлі орасан. Мәселен, Байзақ ауданының Темірбек ауылдық округіндегі «Көк жайлау» шаруа қожалығы өз жұмысын екі жыл бұрын бастаған. Қожалық же­текшісі Бақтияр Баратовтың айтуынша, қазір шаруашылықты қаржылай қолдау шаралары бойынша «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамына өтініш берілді. Сонымен қатар кә­сіпкер бұл қаражатқа Франция мемлекетінен ірімшік өңдейтін құрылғы алынатынын айтады.

Жалпы, Байзақ ауданы өңір­дегі аграрлы ауданның бірі. Ауданда өткен жылы өнеркәсіп кә­сіпорындарымен 3035,9 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 30 миллиард 818 миллион теңгені, ал негізгі капиталға салынған инвестициялардың кө­лемі 14 097,8 миллион теңгені құ­раған. Сонымен қатар аудан­да кооператив құру, ауыл ша­руашылығын дамыту, сол арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыру маңызды. Қазіргі таңда аудандағы 50 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 807 мүше бірікті. Сүт бағытындағы кооперативтер 628,8 миллион теңге несие алып, 2352 бас сауын сиыр, 3 сүт тасымалдайтын көлік, 5 сүт сақтайтын танкер және 1 құрама жем дайындайтын құрылғы алған. Ал ет бағытындағы кооператив 211,7 миллион теңге несиеге 1021 бас бұқашықтар алып бордақылап, сатуда. Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бо­йынша мүйізді ірі қараны импорттау жоспары 142,5 пайызға орындалды. Есепті кезеңде экспортқа 157,4 тонна қозы еті, 164,4 тонна мүйізді ірі қараның еті өткізілген. Сонымен қатар «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігінен 224 тонна құс еті экс­портқа шығарылды.

Бүгінгі таңда Байзақ ауданында жаңа бетбұрыс бар. Ауданда экспорт мәселесі жолға қойылған. Мәселен, «Рола 7» серіктестігі Ресей мен Қырғызстан мемлекеттеріне 443 тонна ұн өнімдерін, «Рола-Ян» кәсіпорны 20 тонна кеспені Қытайға экспорттаған. Сонымен қатар бүгінде ауданда «Әулие-Ата Феникс» кәсіпорнының сою цехының қалдықтарын тереңдетіп, етсүйек ұнын өңдейтін құрылғы сатып алып орнату инновациялық жобасы жүзеге асырылып, сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 5 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 2500 тонна етсүйек ұны шығарылады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 126,2 миллион теңгені құрайды. Бүгінде мемлекеттің қолдауы ауыл­ды жерлерде тұратын халықтың тіршілігін тіктеуге бағытталған. Бұл ретте ауылдағы шаруалар кәсібін дөңгелетіп, өңірдің әлеуметтік, экономикалық дамуына үлес қосып келеді.

 

Жамбыл облысы