Санкт-Петербургте шығатын «Невский альманах» журналын бұрынғы одақ құрамында болған елдердің әдебиетсүйер қауымда білмейтін адам кемде-кем. 1828 жылы жарық көрген журналда Александр Пушкин де өлеңдерін жариялап тұрған көрінеді. Бүгінде журнал кемеңгер ақынның: «Примите «Невский альманах», он мил и в прозе, и в стихах» деген екі жол лебізін өзіне эпиграф етіп алған.
Жақында журнал редакциясында редактор Владимир Скворцовтың шақыруымен қостанайлық ақын Александра Суслованың питерлік оқырмандарымен шығармашылық кездесуі болды. Кеш автор үшін де, Санкт-Петербургтегі орыс әдебиетінің белгілі тұлғалары үшін де әсерлі өтті.
– Кештегі әңгімемді де, өлеңімді де өзімнің қос отаным туралы бастадым. Мен негізі Ленинградта туған екенмін, бірақ Қазақстанда тудым деп айтамын. Себебі 60 жыл тұрып жатқан, бүкіл балалық шағым өткен, адам болып, ақын болып қалыптасқан, өскен-өнген жерім болған соң, Қазақстанда тумай, қайда тудым деп айтамын?!. Кеште тарихи шаһардың «сен тұр, мен атайын» қаламгерлері отырды. Бұл мені одан сайын толқытты. Мен олардың алдында қазақтың селеулі даласы, бәйге, жусан иісі туралы өлеңдерімді оқыдым. Менің өлеңдерімнің бояуы даланың самал желін, жусан иісін, қазақ тұлпары тұяғының дүбірін жүректерге жеткізе алса керек, көзінің жасын сүрткендерді де байқадым, өзім де көңілімнің еркіне, көз жасыма ие бола алмадым, дейді Александра Ильинична. Питерліктер қостанайлық ақынның шығармашылығы туралы жылы лебіз білдіріп, әсерлі кешін жас авторларға шеберлік сыныбы болды деп бағалапты. Ол Санкт-Петербургке құрқол барған жоқ еді, «Солнце на ресничках» атты балаларға арналған өлеңдер мен ертегілер жинағын тарту етті. Қостанайлық суретшілер Александра Ильиничнаның балаларға арналған шығармаларының анимациялық нұсқасын да жасаған болатын. Ол Қостанайдағы балабақшаларда пайдаланылып та жүр.
– Баланың Отанға, ата-анаға, туған жерге деген адамгершілік танымы кішкентайынан құлағына сіңген өлеңдермен қалыптасады. Сондықтан балаларға арналған шығармаларға өте жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Әрбір шумақ баланы «Жақсы деген немене? Жаман деген немене?» деген сұрақтарға жауап іздеп, ойландыратын болуы тиіс ғой, дейді Александра Ильинична. Ақынның балалар әдебиетіне жақындығы тегін емес. Александра Суслова – облыстағы айтулы педагог. Неше жылдан бері педагогика колледжінде бастауыш сынып мұғалімін дайындап келеді.
– Өлеңдерім қазақ тіліне аударылса екен деп армандаймын. Менің патриоттық сезімге суарылған өлеңдерім қазақ тілді оқырман көңілінен де өз орнын табарына сенемін, дейді Александра Ильинична.
ҚОСТАНАЙ