Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы сабақтастықты сақтай отырып, одан әрі даму бағытын көрсетіп берді... Соңғы отыз жыл еліміз үшін бейбітшілік пен алға ілгерілеудің кезеңі болды. Елімізде заң салтанат құрып, еркіндік құндылыққа айналды. Әрине мұның бәрі Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының нәтижесінде жүзеге асты.
Қазақстан көпдінді, көпэтносты мемлекет. Бұл әралуандық біздің бағымыз болды. Азаматтардың діни сеніміне кесірін тигізбейтін құқықтық, діни қысым туындатпайтын зайырлы, этностық қырқысты болдырмайтын әлеуметтік мемлекет құрылды. Мемлекет басшысының Жолдауында осы мәселелер анық айтылды.
Жолдауда көрсетілген дінаралық түсінікті сақтауымыздың маңызы өте жоғары. Себебі әлемдегі діни ахуалды сараптап отырсақ, діни сенімдерге байланысты бір-бірін кінәлаған халықтарды байқаймыз. Оның соңы ел ішінде азаматтық соғысқа ұласып жатыр. Шынайы діндарлық, ол – бейбітшілік. «Шынайы дін – бейбітшілік, ал қалғаны – жаман түсіндіру» деген нақыл бар. Біздің жолымыз бейбітшілікке бастап тұрса, ең дұрыс идея, маңызды іс сол деп санаймыз. Қазақ көппен бірге болуға үндейді. Көптің тілеуі – бейбітшілік. Бұл бағытта Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған дінаралық түсіністіктің мәні жоғары.
Осы орайда дінаралық келісімді қалыптастырудың қазақстандық моделі болған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьезінің маңыздылығына ерекше тоқталғым келеді.
Әлемдік қоғамдастық ХXI ғасырға қадам баса отырып, халықаралық қауіпсіздікке төніп тұрған сын-қатерлердің жаңа түрі, халықаралық сипат алған терроризм және діннің атын жамылған экстремизм мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Ал өз кезегінде терроризм мен экстремизм идеологиялық күш көрсетуге байланысты саяси күрестің бір түрі.
Осындай діннің атына телініп отырған қайшылықтар мен қасіреттер заманында әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері мен өкілдері пікірлерінің бір арнаға тоғысуы, олардың арасында өзара түсіністіктің орнауы, байсалдылық ұстанымдарының басымдық танытуы, тіпті ортақ мәселелерді белгілі бір мәмілеге келе отырып талқылау, мүмкін болса ортақ шешімдер қабылдау өркениет тарихында, қазіргі адамзат қоғамының бейбітшілігі мен игілігі үшін ауадай қажет шара. Осындай әлемде баламасы жоқ шараның еліміздің бастамашы болуымен қолға алынуы, оның елордамыз Нұр-Сұлтанда әр үш жыл сайын ұйымдастырылуы адамзат қоғамының бейбітшілігі мен тұрақтылығын нығайтуға қосылған үлес, қарқындап дамып, аяғынан тік тұрып келе жатқан еліміз үшін үлкен абырой.
Мемлекет басшысы дінаралық түсінік дамуымыздың негіздерінің бірі екенін атап көрсетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда 18 конфессияға тиесілі 3754 діни бірлестіктің өкілдері бейбіт өмір сүруде және өзара іс-қимыл жасауда. Оның ішінде саны аз діни топтар діни рәсімдерді өткізу үшін жиналуға, діни әдебиетті қолдану немесе қайырымдылық ұйымдарын құруға құқылы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі елдегі конфессияаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты ілгерілетуге бағытталған кешенді жұмыстарды белсенді жалғастыруда. Жұмыстың негізгі бағыты Елбасы бекіткен Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес құрылған.
Стратегиялық тәсілдер министрлік жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес, Діни бірлестіктер көшбасшыларының жиналысы, Дінтанушылар форумы, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты диалог алаңдары арқылы белсенді түрде алға жылжуда.
2018 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығын құру туралы бастама бірауыздан қолдау тапты. Қазіргі таңда Орталық құрылды және жұмыс істеп жатыр.
Министрліктің үйлестіруімен дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері еліміздің 17 өңірінде халық арасында діни экстремизм көріністеріне қарсы және дінаралық келісімді насихаттау бағытында жұмыстар жүргізіп келеді. Дін мәселелері бойынша аймақтық ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің қатысуымен осы жылдың бірінші жартыжылдығында 1 млн-нан астам адамды қамтыған түрлі форматтағы 16 800 іс-шара ұйымдастырылды. Жастар арасында түсіндіру іс-шаралары үнемі жалғасып келеді. Барлығы 316 мыңнан астам адамды қамтыған 6700-ден астам шара өткізілді. Сонымен қатар балалар үйлері мен интернаттарда 670-тен астам тәрбиеленушіні қамтитын 38 түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.
Конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету үшін министрлік жүзеге асыратын шаралар елдегі діни ахуалға мониторинг жүргізу нәтижелеріне қарай, діни ахуалдың дамуының негізгі үрдістерін талдау, өзекті мәселелерді анықтау негізінде жүзеге асырылады. Оның қорытындысы бойынша діни қатынастарды реттеу саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру үшін ұсынымдар әзірленеді.
Биылғы жылдың II тоқсанында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша халықтың 90%-ы дін саласындағы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қолдайды. Азаматтардың 85%-ы дін саласындағы мемлекеттік саясатты ілгерілету жұмысының тиімділігін бағалау туралы оң жауап берді.
Елбасы «Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан» деген болатын. Түрлі діни көзқарастарына қарамастан азаматтарымыз Елбасы атаған ортақ идея аясында қызмет етуде. Бұл – біздің жетістігіміз. Министрлік осы бағыттағы жұмыстарды үздіксіз атқаруда.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі. Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер» деген болатын. Жолдаудағы осы айтылған құндылықтардың еліміздегі діни ахуалға тікелей қатысы бар.
Осындайда хакім Абайдың «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп, адамның жігерін ынталандырған сөзі де еске түседі. Еліміздегі дінаралық келісім саясаты да осы кемеңгерлік идеяға негізделген деп санаймын. Нағыз байлық адамның ақылында, санасында. Сенімде түсінік, қоғамдық диалогта түсіністік, санада бірлік болғанда ғана елдің дамитынына осы уақытқа дейін жүріп өткен 30 жылымыз мысал бола алады.
Қоғамды бейбітшілікке келтіретін күш емес, түсіністікке ұмтылған сана және сабырлы ақыл екенін Елбасымыздың сара жолы көрсетті. Сондықтан Мемлекет басшысы өз Жолдауы арқылы осы ұғымдардың маңыздылығын алға тартып отыр.
Марат ӘЗІЛХАНОВ,
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі