• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қыркүйек, 2019

Абаттанған Аягөз

1624 рет
көрсетілді

Әдетте әкімдер жаңа жұмысқа кіріссе, шаруасының бісмілләсын бордюр ауыстырудан бастайтын әдеті. Ал Аягөзде бұл тараптағы жұмыс көпір жөндеуден басталыпты.

      

Аягөз – тоғыз жолдың торабында орналасқан, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған аудан. Бүгінде бір ғана теміржол бойында 3 мыңнан астам адам еңбек етуде.

 

Комбинат жергілікті тұрғындарды жұмысқа алады

Қазір аудан аумағында ірі өндіріс орны – Ақтоғай кен байыту комбинаты жұмыс істеп жатқаны белгілі. Комбинат алдағы уақытта екінші үлкен зауытты іске қоспақ. «Біз мүмкіндігінше жергілікті азаматтарды кен орнына жұмысқа орналастыруға күш салып жатырмыз. Олардың да қояр талаптары бар. Негізінен кен байыту инженерлері, кен байыту технологтары, жоғары разрядты электриктер керек. Бұл тарапта бізде кадрлар жоқтың қасы. Сондықтан әзірге қарапайым жұмысшыларды жұмысқа орналастырып жатырмыз. Ауданға әкім болып келгенде Ақтоғай кен байыту комбинатының басшылығымен кездесіп, еңбек жәрмеңкесі арқылы 40 жергілікті азаматты жаңадан салынып жатқан зауытқа жұмысқа кіргіздік. Алдағы уақытта осындай жәрмеңкені тағы да ұйымдастырамыз. Кен орны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақтоғай кенті мен Қопа ауылына екі балалар алаңын орнатып жатыр. Алпауыт компания алдағы уақытта Ақтоғайға дене шынықтыру сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отыр. Оның 30 процентін аудан әкімдігі, қалғанын өздері қаржыландырады. Тағы бір жағымды жаңалық, кен орны келесі жылы Қопа ауылындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізуге көмектеседі. Сонымен қатар комбинат басшылығына Ақтоғайда жүзу бассейнін салу жөнінде ұсынысымызды айттық. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз» дейді Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.

300-ге жуық күн батереясы орнатылды

Аягөз жері ежелден мал өсіруге қолайлы. Алайда аудан халқының барлығы бірдей мал өсіріп, шаруасын дөңгелентіп, шалқып өмір сүріп жатыр деуге келмейді. Бұған аудан тұрғындарының төрт түлік санын еселеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламаларды жөнді білмеуі, бейхабар болуы да әсер етіп отырса керек. «Ауданда «Агро бизнес – 2020» бағдарламасы баяу жүріп жатыр. Іргеміздегі Тарбағатай ауданы 1 жарым миллиард теңгеге несиеге мал алған. Аягөздің бұл тараптағы көрсеткіші әзірге 300 миллион теңгеден аспай тұр. Қазір біз халықты малмен қамтамасыз ету үшін осы бағыттағы жұмыстарымызды жандандырып жатырмыз. Тұрғындардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламаларды білмейді, білсе де ол бағдарламалар арқылы малды, техниканы қалай алуды білмейді» деген аудан әкімі осы мақсатта арнайы үш топ құрылғанын, олар әр квартал сайын  ауылдық округтерге барып, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқандығын жеткізді. Осы жұмыстардың нәтижесі болар, бүгінде Аягөз ауданының шаруа қожалықтарына  300-ге жуық күн батереясы орнатылып, 200-ге тарта құдық қаздырылып, аудан бұл тарапта облыста бірінші орынға шығыпты.

 

Сегіз көп балалы ана баспаналы болды

Қазір елімізде көп балалы аналарға ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Осы ретте Шығыс Қазақстанда ауылды жерде үй кезегінде тұрған 230 көп балалы отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлаған-ды. Ал Аягөз ауданында 8 көп балалы отбасы осындай қуанышқа кенелген болатын. Соның бірі – Мамырсу ауылының тұрғыны, 5 баланың анасы  Гүлзат Әлсейітова. Жолдасы кенеттен өмірден озып, 5 баламен жалғыз қалған Гүлзат жақында осы ауылдан мемлекет тарапынан берілген бес бөлмелі үйге қол жеткізіпті. «Балаларымның үлкені Аягөзде колледжде, екі балам мектепте оқиды. Кішкене балам 1 жаста. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті алдық. Бұрын 45 мың еді, қазір 120 мың болды» дейді ол.

Баспана демекші, бүгінде Аягөз қаласы бойынша 150-ге жуық көп балалы ана үй кезегіне тұрып, соның 100-ден астамы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы үй алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне құжаттарын жолдапты. Банк әзірге алты көп балалы отбасыға келісім беріпті. Ал Аягөз ауданы бойынша атаулы әлеуметтік көмек сомасы 1 миллиард теңгеден асыпты.

Қазір ел арасында атаулы әлеуметтік көмекке қатысты әртүрлі әңгіме айтылуда. «АӘК тұрғындарды масылдыққа үйретуде» деген пікірлер де бар. «Жақында аудандағы АӘК алған бір әйелмен сөйлестім. Бұрын 40 мың алса, қазір 160 мың шамасында АӘК алады екен. «Онда былай істеңіз. 40 мыңмен де күн көрдіңіз ғой. Сол 40-қа 20 мың қосыңыз. 60 мың болады. Ар жағында 100 мың қалады ғой. Соған 20 мыңнан бес тоқты алыңыз да, қораға кіргізіңіз. Келесі айда тағы бес тоқты алыңыз. 4 айда 20 тоқты аласыз. Соны бордақылап, баға беріңіз. 20 мыңдық тоқтыны екі айдан кейін 40 мыңға сатасыз. Сөйтесіз де келесі жылы атаулы әлеуметтік көмектен шығып кетесіз. Ешкімге қол жаймайсыз» дедім. Ойланып қалды» дейді аудан әкімі.

 

Апта сайын жәрмеңке

Иә, қазір Аягөз қаласының қақ ортасында апта сайын әр сенбіде ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізілуде. Аудан әкімдігі ақ адал малын саудаға шығару үшін ауыл-ауылдардан келген шаруаларға арнайы орын белгілеп, әр ауылға шатыр тіктіріп, бар жағдайын жасап жатқан көрінеді. Шаруаларды әуре-сарсаңға салмас үшін ветеринарлық зертхананы да жәрмеңке ұйымдастырылатын жерге әкелдіріп қойыпты.

«Базарда баға қымбат екенін көрдім. «Бұларға бәсеке болатын не бар?» деп сұрасам, «ештеңе жоқ» дейді жергілікті азаматтар. Содан апта сайын жәрмеңке ұйымдастырайық деп шештік. Алғашқы кезде жәрмеңкеде 7-8 ірі қара сатылған, қазір апта сайын 30 ірі қара мал сатылып жатыр. Ет қана емес, сүт, қаймақ, сары май, бәрі бар. Ауылдың адамдары тікелей өздері сатып жатыр. Жәрмеңкедегі баға базардан 25-30 процент төмен. Ет жәрмеңкеде 1400 теңгеден сатылып жатыр. Содан да болар, базардағы ет бағасы екі мыңға дейін түсіп кетті. Осылайша бір айда 120-ға тарта ірі қара мал, 40-қа жуық қой сатылып жатыр. Бір жылға есептесек, 1700 қой, 1300 ірі қара сатылады екен. Сөйтіп, біз  біріншіден, бағаны ұстадық. Екіншіден, халықты азық-түлікпен қамтып жатырмыз. Үшіншіден, шаруалардың өнімдерін тікелей саудаға шығаруына мүмкіндік бердік» дейді Д.Оразбаев.

 

Жылу мәселесіне нүкте қойылар күн жақын

Аягөз шағын шаһар болғанымен бір басына жетерлік мәселесі де аз емес. Соның бірі – жылу. Бұған дейін қара тұрғындары тарапынан жылудың жеткіліксіздігіне, дұрыс берілмеген жылуға төленген ақшаға, жеке меншік жылу қазандығының басшысына қатысты бірнеше мәрте мәселе көтерілген-ді. Ақыры бұл мәселеге облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі араласып, жеке меншіктегі жылу қазандығы аудан әкімдігінің балансына алынған болатын. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 250 миллион теңге бөлінген-ді. Аудан әкімінің айтуынша, 1 қазанға дейін барлық қазандықтар орнатылады. Осылайша қаладағы жылу мәселесіне нүкте қойылмақ.

Қазір Аягөз қаласындағы су мәселесін шешу де қолға алынып жатыр. «Қаладағы үйлерде есептеуіштер жоқ. Халық қанша су жұмсап жатқанын білмейді. Қала халқы қанша көлемде су алып жатқанын біз білмейміз. Енді барлық жерге есептеуіштер қоямыз. Есептеуіштерді жертөлеге орнатамыз. Осы жұмысты бастап жатырмыз. Бір миллион халық тұратын Шымкент қаласында мегаполисті 24 сағат сумен қамтамасыз етіп отырған «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС деген мекеме бар. Сол мекеменің бас директоры Анарбек Ормановпен келісімге келдік. Мекеме мамандары Аягөзге келіп, жағдайды көріп, кемшіліктерді анықтап кетті. Енді жобалаушылар келеді. Бұл – үлкен жұмыстың басы» деген аудан әкімі қаланың шет жақтарындағы 38 көшеде ауыз су мәселесі толық шешім таппағанын, осы түйткілді тарқату күнтәртібінде тұрғандығын айтты.

Аягөздегі өзекті мәселенің бірі – қоқыс шығару. Әсіресе жер үйлерден қоқыс дұрыс шығарылмайды екен. Жер үй тұрғындары қоқысты қапшыққа салып, жинап қоятын көрінеді. Осы мәселені шешу үшін қала билігі 500-ге жуық контейнер орнатыпты, алдағы уақытта 2 мың контейнер қоюды жоспарлап отыр. «Қазір қалада қоқыс шығарумен бір ғана компания шұғылданады. Бірақ біз екі компания жұмыс істеуі тиіс деп ойлаймыз. Сонда олардың арасында бәсеке болады. Кім жақсы жұмыс істейді, сол көшелерді алады. Мүмкін күшейген компания екіншісін ығыстырып шығарады. Әйтпесе жалғыз компания білгенін істейді. Алғысы келсе алады, алғысы келмесе алмайды» дейді Д.Оразбаев.

 

11 көпір салынады

Былтыр наурыз айында Аягөз қаласының «За линий» ықшам ауданы аумағындағы Кіші Аягөз өзені арнасынан асып, тұрғындарды әуре-сарсаңға салған еді. Тасқынның алғашқы күндері облыс әкімі жұмыс сапарымен Аягөзге келгенде осы ықшам аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелердің көптігін, әсіресе жаяу жүргіншілерге және көліктің өтуіне арналған көпірлердің тозып, жөндеу көрмей тұрғандығы жандарына батып жүргендігін ашына айтқан-ды.

Әдетте әкімдер жаңа жұмысқа кіріссе, шаруасының бісмілләсын бордюр ауыстырудан бастайтын әдеті. Ал Аягөзде бұл тараптағы жұмыс көпір жөндеуден басталыпты. «Ауданға әкім болып келгеннен соң «За линий» ықшам ауданының тұрғындарымен кездескенде: «Әкімдік «көпір саламыз» деп қанша рет алдады. 280 миллион бөлінді деп еді. Сол ақша қайда? Сіз соны сұраңызшы» деп маған мұң-зарын жеткізді. Сол кездесуде биыл жаяу жүргіншілерге арналған 5 көпірді жаңадан салып беремін деп уәде бердім. Қазіргі уақытта соның төртеуі пайдалануға берілді. Біреуі жақында іске қосылады. Ал екі көлік жүретін көпірді алдағы уақытта жөндеуден өткіземіз» деген аудан әкімі бұрын бір көпірге 30 миллион теңге смета жасалғанын, қазір қаражат үнемделіп, бір көпір 3 миллион теңгеге салынып жатқанын жеткізді.    

Орайы келгенде айта кетейік, биыл Аягөз ауданы бойынша 11 көпір салынып жатыр. Оның алтауы – Мамырсу ауылында. Тамыз айында Аягөз ауданына жұмыс сапарымен барғанымызда осы елді мекенге жол түскен еді. Сол кезде ауылдық округтің әкімі Архат Ибрайшин ауыл ішіндегі шағын алты көпірдің төртеуі іске қосылғанын, екеуі жуықта әзір болатындығын айтқан-ды. Аягөздің дәл іргесіндегі Мамырсу ауылы тұрғын саны 2 мыңнан асқандықтан  жыл басынан бюджеттің төртінші деңгейіне өтіпті. Осы ретте биыл облыс әкімдігі осындай ауылдарды қолдау мақсатында 10 миллион теңгеден қаржы бөліпті. Мамырсу ауылында бұл қаражатқа Мәдениет үйінің жанында шағын орталық алаң салынып жатыр екен. «Халықпен ақылдаса отырып осындай шешім қабылдадық. Наурыз, тағы басқа да мерекелік шаралардың барлығы енді осы жерде өтетін болады. Заманауи шағын алаңға жарық шамдары орнатылып, орындықтар қойылып, гүлдер егіледі. Алаңның төбесі жабылады» дейді ауыл әкімі.

Ауылдағы тағы бір жағымды жаңалық, бұрын әкімшіліктің конторы болған тоғыз бөлмелі ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, әлеуметтік тұрғыдан қамтылған екі отбасына, екі мұғалім мен екі дәрігерге және бір спорт мектебінің мұғаліміне тегін беріліпті. Тек коммуналдық төлемдерінің ақысын төлейді екен.

 

Шағын шаһар шырайланып келеді

Қазіргі уақытта Аягөз қаласын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл шағын шаһардағы «Ардагер» саябағы көркейтіліп, жарықтандырылып, шырша көшеттері мен гүл егіліп, «Самұрық-Қазынаның» қолдауымен футбол алаңы салынып, стрит воркоут және балалардың ойын алаңқайы пайдалануға беріліпті. Бүгінде Қажымұқан көшесі мен №7 мектеп жанында футбол алаңы мен стрит воркоут салынып жатқан көрінеді. «Қаланың тазалығы, көркемдігі бірінші орында болу керек деп ойлаймын. Сондықтан биыл көктемде 3 мыңнан астам шырша ектік, күзде тағы 3 мың шырша отырғызамыз. Келесі жылы көктемде терек отырғызу ойымызда бар. Сонымен қатар алдағы көктемде Аягөздегі көп қабатты үйлердің қас беттерін бояуды бастаймыз. Саябақтар абаттандырылып жатыр. Оларға «Дөнер» қойып жатырмыз. Тазалығына солар жауап береді. Қаладағы бордюлер де ескірген. Келесі жылы ауыстыратын шығармыз» дейді Ділдәбек Оразбаев.

Жалпы, Аягөз қаласында 108 көше бар болса, соның 30 проценті ғана асфальтталған екен. Биыл 10 көшені асфальттау жоспарланып, бесеуінде жұмыс басталып, оның біреуі толық аяқталыпты. 10 көшеге қиыршық тас төгіліпті. «Ауа райы қолайлы болса, 10 көшені асфальттап үлгеруіміз мүмкін. Аягөз көшелері бұрын-соңды мұндай қарқынмен жөнделген емес. Әрі кетсе екі-ақ көше асфалтталатын» дейді Аягөз қаласының әкімі Қуаныш Азыханов.

  

Кесене маңы көріктендіріледі

Аягөздің бір мақтанышы – Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары. Бұл нысан Шығыс Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген. Алайда жолдың қиындығына, инфрақұрылымның жеткіліксіздігіне байланысты мұнда туристер ағылып келіп жатыр деп айта алмаймыз. Сондықтан аудан әкімдігі қасиетті орында өз баланстарына алып, жан-жағын жақсылап абаттандыруды жоспарлап отыр. «Келген адамдар дәрет алатын жер жоқ. Шырақшы жоқ. Дәретхана да керек. Біз мазар басына шырақшы қойып, бес-алты адам түнейтін бөлме салсақ, келген жұрт малын сойса, түнесе дейміз. Кесене маңын жарықтандырып, орындықтар орнатып, су бұрқақ қойсақ дейміз. Үйленген жастар осында келіп, тәу етіп жатса жақсы емес пе?! Кесене жанындағы ауылға апаратын жолда өзен бар. Көктемде тасқын болғанда адамдарға арлы-берлі өту қиынға соғады. Соған уақытша жиналмалы көпір қойсақ па деп отырмыз» дейді аудан әкімі.

Аягөз десе бұрын өз алдына аудан орталығы болған қасиетті Шұбартау өңірін айналып өте алмайсыз. Аудан мәртебесінен айырылған бұрынғы аудан орталықтарының көпшілігінің жағдайы мүшкіл екені ешкімге жасырын емес. Шұбартауда да сол кеп. Шешілмеген мәселе көп.

Десек те Тарбағатайда әкім болғанда Ақсуат пен Ақжардың тізгінін тең ұстап, бұрынғы аудан орталығын ажарландырған Ділдәбек Тәжібайұлы Шұбартаудың да шырайын кіргізеріне халық сенеді. «Рас, Шұбартауда түйіні тарқамаған мәселелер аз емес. Бұрынғы аудан орталығы Баршатаста су кейде үш-төрт сағатқа дейін берілмей қалады екен. Жалпы, ауыз су мәселесі Шұбартау өңірінде өте өзекті болып тұр. Жақында Баршатаста аудан әкімдігінің көшпелі мәжілісін өткіздік. Көшпелі мәжілісті шеттегі, шалғайдағы ауылдарда әдейі өткізіп жатырмын. Мақсат – сол ауылдарды дамыту. Баршатаста жиын өткізгенде ауыл көшелерінің 25 жыл бойы асфальт көрмегенін естідім. Тұрғындар тарапынан көптеген мәселелер, түрлі ұсыныстар айтылды. Қазір Баршатас ішіндегі жолдарды жаматып жатырмыз, ауылға энергия үнемдегіш шамдар қоямыз. Жоспар көп» дейді Д.Тәжібаев.

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы