• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қыркүйек, 2019

Болашаққа деген нық қадам

445 рет
көрсетілді

Оқушылар сарайында облыс активінің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылауға арналған алқалы басқосу өтті. Онда облыс басшысы Құмар Ақсақалов баяндама жасап, тарихи құжаттың маңыздылығына жан-жақты тоқталды.

– Жолдау Елбасы ұсынған бес институционалдық реформа мен Ұлт жоспарын толыққанды жүзеге асыруға бағдарланған. Онда еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жаңғыртулар, қар­қын­ды дамыған экономика қалып­тастыру, тұрғындардың сапа­лы өмір сүру көрсеткішін, әлеу­меттік жағдайын нығайту, ауыл­дық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, тағы бас­қа іргелі мәселелер бойынша Үкімет пен жергілікті билік органдарына нақты тапсырмалар жүктелді. Біз осындай ауқымды міндет­терді орындаудың тетік­те­рін қарастырып, әр бағыт бойынша талдау жасауға жиналып отырмыз, дей келіп, Құмар Іргебайұлы өңірде бірінші кезекте қандай салаларға басымдық берілетінін атап өтті.

Президент тапсырмасына сәйкес еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есе өсіру талабы тұр. Пе­тро­павл ауыр машина жасау, Ки­ров атындағы зауыттарда енгі­­зілген озық технологиялар есе­бінен еңбек өнімділігін 2,5 есеге өсіруге мүмкіндік туды. Баспа платаларын шығаратын кәсіпо­рынға жүзден астам заманауи қондырғылар әкелінді. «РимКазАгро» ЖШС-інде 1,2 мың тонна өнім өндіретін фабрика­ пайдалануға берілді. Металлургиялық компаниялар алтын өндірісін 40 пайызға ұлғайтты. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, эко­но­­миканы әртараптандыру мін­­дет­­тері үдесінен көріну үшін индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасы шеңберінде 36,9 млрд теңгенің 41 жобасы жүзеге асырылады. 1,5 мың жаңа жұмыс орындары құры­лады.

Өңірде кәсіпкерлікті дамы­ту­дың үлгі боларлық мысал­да­ры аз емес. Бүгінде 30 мың­нан астам шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері жұ­мыс істейді. Микро және шағын бизнес саласындағы ком­па­ния­ларды табысқа салына­тын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық базаға тү­зе­тулер енгізіліп, 2020 жылдан бастап күшіне енетіні, сондай-ақ тексеріс жүргізуге осын­ша мерзімге тыйым салынатыны бұл саладағы кедер­гі­лер мен ауыртпалықты ай­тар­­лықтай азайтары анық. Қ.Ақса­қалов Жолдауда негізгі ре­сурсымыз болып табылатын ауыл шаруашылығының әле­уе­ті толық пайдаланылмай отырғаны атап көрсетілгеніне, жер мәсе­лесі ерекше сөз болғанына жиналғандардың назарын аударды. Жүргізілген тексерістердің нәтижесінде соңғы төрт жылда 668 мың гектар жер мемлекет меншігіне алынды. Ауылшаруашылық алқаптарын жалға алушылар арасында жерді игермей, босқа ұстап отырғандар әлі де кездеседі. Алдағы уақытта оларға қатаң шаралар қолданамыз, – деді өңір басшысы.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 292 елді мекеннің инфрақұрылымдары дамытылады. Аз қамтылған, тұрмысы төмен жандарға жан-жақты қамқорлық көрсетіледі. Бүгінде жәрдемақы мөлшері 10 есеге артып, жыл басынан бері 21,7 мың отбасы 1,3 млрд теңгенің әлеуметтік көмегін алды. 799 адам мен 125 отбасына бір реттік әлеуметтік жәрдемақы берілді. Басқосуда құрылыс индустриясын жетілдіру, еңбек ресурстары тапшылығын азайту, ауыз су, жол жайын жақсарту, медициналық қызметтің сапасын, қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша аудан әкімдері мен тиісті ведо­мс­тво­ларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жиында «Ақселеу» ЖШС-нің басшысы Серік Малаев, «MATEX» шұлық фаб­рикасының директоры Арамаис Тер-Аствацатурян, Н.Пого­дин атындағы орыс драма театрының жетекшісі Спартак Рама­занов, Петропавл қалалық мәс­лихатының депутаты Павел Афанасьев, тағы басқалары ой-пікірлерін ортаға салды.

Солтүстік Қазақстан облысы