Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО Конгресс-орталығында Қазақстан Үкіметінің қолдауымен Қазақстан машина Жасаушыларының VII форумы өтуде. Форумды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстанның машина жасаушылар одағы ұйымдастырып отыр. Бас серіктес – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ.
Отандық машина жасау саласы мемлекет экономикасын өндіріс құралдарымен қамтамасыз етуде едәуір жұмыстар атқаруда, сөйтіп барлық өңдеуші өндірістерді, отын-энергетикалық, көлік-логистикалық, экономика мен ауыл шаруашылығының өндіруші секторларын дамытуға жәрдемін тигізуде.
Форумның беташар басқосуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын Президент көмекшісі Мәулен Әшімбаев оқып берді. Президент хатында жылдан жылға қарқынды жұмыс істеп келе жатқан еліміздің машина жасау саласының отандық экономикаға елеулі үлес қосып отырғандығы айтыла келе, форум жұмысына сәттілік тілегені жазылған.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Мейрам Пшембаев жылма-жыл өтіп келе жатқан дәстүрлі басқосудың мемлекет пен бизнестің нақты диалог алаңына айналғанын атап көрсетті. Бұл жолы да форум барысында әлемдік машина жасау саласындағы ең соңғы үрдістер мен ағымдарға назар аударылмақ. Биылғы форум «Машина жасау – Қазақстанды индустрияландыру драйвері!» ұранымен өтпек.
Форумда заман талабына сай саланы дамытудың стратегиялық бағыттары, импорт алмастыру, өндірісті ынталандыру, жас мамандардың ынтасын арттыру, цифрландыру жағдайында жаңа тәсілдерді талқылау сияқты маңызды және өзекті тақырыптар талқылануда. Форумға Германия, АҚШ, Жапония, Италия, Чехия, Ресей, Қытай, жалпы әлемнің 20-дан астам елінен шетелдік компаниялар мен ұйымдар өкілдері қатысып жатқандықтан отандық кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге шетелге шықпай-ақ осы жердің өзінде шетелдік әріптестерімен кездесулер өткізіп, келісімдер жасасудың мүмкіндігі беріліп отыр.
Форумда сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек соңғы жылдары машина жасау саласы жаңа экономикалық жағдайларға жедел бейімделіп, тұрақты өсіп келе жатқанын атап көрсетті.
Индустрияландыру жылдары машина жасау және металл өңдеу саласында 130 жаңа өндіріс іске қосылып, 14 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өнеркәсібінің жалпы өсімі 4,1 пайызды құрағанда, машина жасау өндірісінің өсімі 14,1 пайыз болды. Сала бойынша 1,1 трлн теңгенің өнімдері өндіріліп, тарихи рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 2019 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша машина жасау өндірісінің өсім көлемі одан да жоғарылап 18 пайызды құрады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған сапары барысында еліміздің «СарыарқаАвтоПром» компаниясы Ресейге және басқа да елдерге көлік экспорттауға негізделген ірі келісімге қол жеткізді. Мұның алдында Ресейдің «КамАЗ» кәсіпорнымен бірге еліміздегі жүк көліктерін шығаруды дамытып, көрші елдерге экспорттау туралы келісім жасалған болатын.
Жалпы машина жасау саласын дамытуға ел Үкіметінің жасап жатқан қамқорлығы да аз емес. Қазақстан экспортын ұлғайтуға 500 млрд теңге бөлінсе, машина жасау саласының бұдан алар үлесі қомақты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Премьер-Министрдің 2019 жылғы 26 маусымдағы өкімімен еліміздегі машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бекітілгенін айтты. Жол картасын жүзеге асыру жолдары осы форум аясында талқыланбақ.
Жалпы машина жасау саласының еліміз үшін пайдасы зор. Мұндағы 1 жұмыс орны онымен аралас салалар бойынша 6-7 жұмыс орнын құруға әсер етеді.
Елімізде сала бойынша осы уақытқа дейін 114 жоба іске қосылды. Сөйтіп Қазақстанда автокөліктер мен машиналардың 167 моделі жасалатын және құрастырылатын болды. Жалпы өнеркәсіптегі автоөнеркәсіп саласының үлесі 19 пайызға жетті. Электротехникалық машиналар жасау, мұнай-газ машинасы, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, өндірістерге арнап түрлі құрал-жабдықтар шығару ісі де қарқын алып, бұл өнімдердің біразы экспортқа бағытталуда.
Басқосуда сөз алған Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Александр Субботин өткен жылы Еуразиялық одақ елдері арасында Қазақстанның машина жасау саласы даму қарқыны жағынан бәрінен де озық көрсеткіштерге қол жеткізгенін, одақ бойынша тауарлар алмасу ісіне белсене қатыса бастағанын атап көрсетті. Оның айтуы бойынша қазірдің өзінде осы үдеріске Қазақстанның машина жасау саласының 90 кәсіпорны үлес қосуда.
Сала бойынша елімізде өзіндік орны бар Алматы ауыр машина жасау зауытының бас директоры Жетпісбай Едігенов бұл салада еңбек етіп келе жатқанына 47 жыл болғанын айтып өтті. Прокат құрал-жабдықтарын, сымдау орнағын шығаратын зауыт өнімдерін көбінесе ресейлік кәсіпорындар тұтынады. Зауыттың бір проблемасы өнімдерге арнап қаптамалар шығару еді. Әрине бұл – қосалқы жұмыс. Енді Машина жасау саласының жол картасы әзірленуіне байланысты бұл жұмысты басқа ұйымдар атқара алатынын айтқан Ж.Едігенов оған қуанатынын жеткізді. Сондай-ақ электр қуатының тарифтерін реттеу мәселесінде де Үкімет көмегін айқын сезіне бастады. Өйткені зауыт шығындарының едәуір бөлігі пайдаланылатын электр қуатына жұмсалатын.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлішер Пірметов форумға қатысушыларды қордағы өздеріне қажетті заттар мен қызметтерді сатып алудағы жаңалықтармен таныстырды. Қордың бұл бағыттағы жұмысы тамыр-таныстық пен жемқорлықтың жолын кесуге бағытталып отыр. Әрине 2 трлн теңгені құрайтын қор тапсырыстарындағы адалдықтың машина жасаушылар ғана емес, бүкіл кәсіпкерлер үшін маңызы зор.
Еліміздегі тағы да осындай бір үлкен тапсырыс беруші «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Мұрат Мұқашев отандық кәсіпорындардан 40 түрлі өнімдерді сатып алатын алып компанияға дәл қазір крандар мен жоғары қысымды сорғылар қажет екенін айтты. Қазір компания 70-тен астам қазақстандық кәсіпорындармен жұмыс істеуде. Олардың әрбірімен жеке келісімдер жасалған.
«Теңізшевройл» ЖШС отандық кәсіпорындарды қолдауға, олардың өнімдерін сатып алуға ерекше мән береді.
Бұл жөнінде бағдарламалары да бар. Бағдарлама отандық тапсырыс орындаушыларды халықаралық деңгейге шыға алатындай жағдайға жеткізуді, оларды талапқа сай жаңа өнімдер өндіруге жетелеуді көздейді. Осының нәтижесінде бұрын төменгі қысымды сорғы шығаратын қазақстандық кәсіпорын қазір жоғарғы қысымды сорғы шығаруға қол жеткізді.
М.Мұқашев осы форумның көрме залдарында «Теңізшевройл» ЖШС-інің арнаулы мамандары жұмыс істеп, ұсынылған заттармен танысып жүргендігін айтты. Көңілден шыққан өнімдер болса, сатып алу мәселесі қарастырылмақ.