• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қыркүйек, 2019

«Құрметті кіріп-шығушылар!»

332 рет
көрсетілді

Кей-кейде шаруаның ыңғайына орай әлдебір мекеменің жұмысы туралы ақпарат қажет болса, сайтын ашып қарайтынымыз бар. Сондай шақта мемлекеттік мекемелердің сайтында мемлекеттік тілге деген немқұрайлылықтың иісі аңқып тұрады-ау, аңқып тұрады.

Бүгінгі таңда әлеуметтік мәселелер көпшілікті қатты толғандыруда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауынан кейін қандай жаңалық бар екен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жеңілдіктер бар ма, кімдердің не­сиесі кешіріледі деген сандаған сауал­дың тууы заңды. Сондықтан да көп­теген адамдардың облыстық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ла­маларды үй­лес­тіру басқармасының сайтына топырлап кіріп жататыны бар. Таяуда біз де кірдік. Біз түсінбейтін жай бірден бас­талды. «Құрметті кіріп-шығушылар!» деп жазылған екен. Кіргеніміз сол еді мына жазуды оқыған соң тезірек шығып кеткіміз келгені. Әжем жарықтық, «көр­ші үйдің хал-жағдайын біліп кіріп-шы­ғуым керек еді» деп отыратын. Сөйт­сек, бұл «Дорогие посетители!» де­ген­нің аудармасы екен ғой. Бір ғажабы бұл жазба басқарма басшысы Дина Ахмет­жанованың атынан берілген бас­ты бетте тайға таңба басқандай етіп жазылып тұр.

Бұл сайттың амандығын білген соң басқа қыруар мекемелердің сайтына «кіріп-шықтық». Көпшілігінде «қазақ ті­лі» деген сөз «каз» деп қысқартылып алын­ған. Енді қайтсін төрткүл дүние те­гіс үнемдеуге көшкенде, «қазақ» деген бес әріптен тұратын сөздің екі әрпін жаз­бай ықшамдаған түрлері. Бірақ ­«қ»-ны «к» деп жазған. Өзгені айтасыз, дәл осындай қателік облыстық білім бас­қармасының сайтында да кекештене сөйлеп тұр. Ал «кіріп-шығу» тура­лы кесімді пікір айтсақ, анығында бұл «сайт­ты пайдаланушылар» болса керек.

Мемлекеттік тілде ешбір дерек-дәйе­гі жоқ сайттардан көз сүрінеді. Біз­дің өңірде қазақ тілінің кірпігі ғана қи­мыл­дап жатыр. Сайттағы сорақылық мынау! Ал жиналыс атаулы әуелі қазақ тілінде басталып, бір-екі ауыз сөз айтқан соң жергілікті жұртқа осы да жарайды дегендей, ордаңдаған орысшаға көшеді. Бұған етіміз әбден үйренген. Қазір таза­ қазақша сөйлейтін адам көрсек, жатыр­қап тұратын жағдайға жеттік. Облыс­тық дене шынықтыру және спорт бас­қар­масының сайтын ашып жіберсеңіз, «Құрметті ханымдар мен мырзалар!» деп басталады. Жаныңа жылы тиетін осы сөзді оқығанда айналып кетейіндер-ай деп жылап жібергің келеді. Бірақ әрі қарай сауатсыздықтың самсап тұрғанын көргенде, жігерің құм болып, сілең қа­тады. Оқи алмайсың. Оқығанмен, түсіне алмайсың.

Қалай болған күнде де илегеніміз бір терінің пұшпағы – ел игілігі жолындағы еңбек болған соң мемлекеттік тілге де­ген құрмет естен шықпауы керек. Өйт­ке­ні ол ұлттың тұғыры мен рухы емес пе?!