• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2013

Әбілсейіттің Моңғолиядағы інісі

403 рет
көрсетілді

Әбілсейіттің Моңғолиядағы інісі

Сейсенбі, 8 қаңтар 2013 0:10

Таяуда біздің қолымызға “Нар тұлға”  атты кітап түсті.  Оны редак­цияға әкеп берген   монғолиялық оралман  қандасымыз Бекен Қайрат. Жинақ 2000 жылы  Улан-Батордағы “Дастан” баспасынан жарық көрген. Кейіпкері – шет жерде жүріп халқымыздың даңқын шығарған  алып күш иесі,  балуан  Бақыт  Одынайұлы.

Ол кім?

 

Сейсенбі, 8 қаңтар 2013 0:10

Таяуда біздің қолымызға “Нар тұлға”  атты кітап түсті.  Оны редак­цияға әкеп берген   монғолиялық оралман  қандасымыз Бекен Қайрат. Жинақ 2000 жылы  Улан-Батордағы “Дастан” баспасынан жарық көрген. Кейіпкері – шет жерде жүріп халқымыздың даңқын шығарған  алып күш иесі,  балуан  Бақыт  Одынайұлы.

Ол кім?

Кітаптағы мәліметтерге қара­ғанда  біз сөз етпек болып отырған  қандасымыз  1954 жылы Моңғо­лияның  Қобда аймағында  дүниеге келген.  Әкесі Одынай Ысқақұлы сол  өңірдің байырғы қазақтарының бірі.  Сөз ретіне қарай айта кетейік,  кезінде  Чойбалсан сияқты басшы билік құрып тұрған кезде бұл елде де  Кеңес Одағындағы 1937 жылғы зобалаңға ұқсас саяси нәубет жүрген.  Сонда болашақ балуанның әкесі  осы қызыл құйынға ілігіп,  одан әзер аман қалған.  Түрмеден ақталып шығып, еліне  аман-есен  қайтып келгеннен соң  ол кісі  қақ-соқпен жұ­мысы жоқ тірлікке бет бұрады. Отбасын құ­рып  үйленіп, төрт пер­зент­­тің  әкесі атанады. Оды­най ақсақал­дың сол ұрпақтарының  арасын­дағы үш қыздың  ішіндегі жалғыз ұл осы Бақыт екен.

Жас жеткіншектің 60-70-ші жылдардағы өсу жолдарына үңілсек, оның  өмірбаянының  сол кездегі  өзінің құрдастарының  тыныс-тіршілігіне  өте ұқсас  екенін бай­қаймыз. Иә, ол да бала болған. Бала болып жүріп,   Өлгий қаласындағы  орта мектепке оқуға барған. Сол жер­­де күрес пен волейболға ерек­ше құмартқан. Қызығы сол,  спорт­тағы өзі құмартқан екінші сала,  во­лейболдан ол табыссыз да болмаған. Оған оның МХР-дағы  1970 жылғы  бес аймақ  ойынында озып шығып,  оқушылардың республикалық жарысына  жолдама алуы,  1973 жылы  Улан-Батордағы  құрылыс техникумы қабырғасында жүріп ел жасөспірімдер  чемпионатын­да  қола медаль иегері атануы анық дәлел. Бірақ…  иә,  бірақ  осыдан кейін Бақыт волейболды тастап, күреске біржолата бет бұрады.  Оған себеп те жоқ емес еді. Өйткені…

Моңғолияда балуандық бәсеке –  күрес өнері   қай кезде де  ерек­ше  сипатқа ие. Бұл сонау  1206  жылы  ұлы қаһан  Шыңғысханды  Керуленнің  кең жазығында алғаш рет  хан көтерген  тойдан бергі  туы жығылмай келе жатқан үрдіс.  Аңыз бойынша сондағы бәсекеде  әмір­шінің інісі  Хасардың  жауырыны жерге тимеген   деседі. Міне,  осы оқиғаны  өздеріне дем беруші  рух ретінде қабылдаған  моңғолдар  содан бергі 800 жыл бойына “Дан­шиг долон Наадам” деп аталатын аламан бәйгені үзбей өткізіп келеді. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде  халықтық республика болып құ­рылған моңғол елі  жоғарыдағы жа­рысқа  бұрынғыдан да  ерекше  мән бере білді.  Соның айқын белгісі  – жылына бір рет өтетін  аталмыш бәсекедегі  жеңіске жеткен адамға “Мемлекеттік піл”, “Мемлекеттік лашын” атақтарының берілетіндігі еді. 1940 жылдан бастап рес­публикалық ол ду-додаға  Баян-Өл­гий қазақтары да қатыса бастаған.  Соның нәтижесінде  1946 жылы  Әбдіқажы  деген қандасымыз “Мемлекеттік піл”, ал 1949 және 1951 жылдары  Қожақапан   атты  алып күш иесі “Мемлекеттік лашын”  атақтарына ие болған.  Алдыңғы толқын ағаларының осындай ерен ерлігін  жастайынан жадына  тоқып өскен  Бақыттың  күрес өнеріне  бет бұрмауы мүмкін емес еді.

Он бес жасынан бастап ортаға шыққан  ол алдымен  Моңғолия астанасындағы жа­рыс­та  көзге түседі. Бұл 1974 жыл еді.  Сон­да­ғы қараша айын­да Бақыт Улан-Батор қалалық  жас­тар чемпиона­тын­да еркін күрестен 87 кг. салмақ дәрежесі бойын­ша  жеңімпаз атанып, алтын медаль алса, 1975 жылғы рес­­публикалық бәсе­кеде тағы да бірінші орын­ға шығып,  даңқ биі­гінен табылады.  Осы­дан кейін  1976 жылғы  аймақтық жарыстың  алтын жүлдесін же­ңіп алған ол  Корея, Қытайдағы додаларда да  айдарынан жел есе отырып,  1980 жылғы  Мәскеу олимпиа­да­сынан  жарқ етіп көрінеді.

“Нар тұлға” жина­ғындағы деректерге  зер салып отырғанда  біз 1981-1986 жылдар  монғолиялық қазақ балуанының нағыз жұлдызды сәттерге толы  өмір кезеңі екенін байқаймыз. Оған  Бақыт Оды­най­ұлы­ның осы уақыттар аралығында  халықаралық аренадан  көріне біліп,  1981 жылы  АҚШ-тың  Толидо қаласында өткен  бес құрлық балуандарының дүниежүзілік кубогы жолындағы  бәсекеде қола медаль,  1983 жылғы әлем  чемпионатында  күміс,  ал 1985 жылғы дәл осындай  дүниежүзілік сында  кіші қола медаль алып,  1986 жылғы Мәскеуде өткен  “Ізгі ниет ойындары”   атты  әлемдік додада 4-ші   орыннан көрінуі  анық дәлел.  Бұған қоса … иә, бұған қоса жолбарыс жүректі  қазақ жігітінің  МХР-дың  жоғарыда  біз сөз еткен  “Даншиг долон Наадам” атты  ең үлкен ұлттық жарысында   бұлшық еті бесіктей, кеудесі есіктей небір алып монғол балуандарын жерге қаратып, олар­дан  1981, 1982 және 1983 жылдарғы “Мемлекеттік лашын” атағын үш рет жеңіп алатыны да  міне,  сол кез.

Осы арада: “Моңғолиядағы  бә­секелерді  былай қойғанда  әлемнің  Корея, АҚШ,  Венгрия, Болгария, Ауғанстан, Румыния, Арабия, Қытай, Польша, Ресей сияқты  елдеріндегі халықаралық жарыстарға қатысып,  80-ге жуық  медальға ие болған бұл қанда­сы­мызды  Қазақ­стан  тәуелсіздік алғанға дейін  біздің еліміздің адамдары  білді ме?”– деген сұрақ туады. “Иә, білген. Бірақ  одан  өте аз ғана жандар хабардар болған”,– деп жауап берер  едік біз бұл сауалға.  Кітаптағы деректерге қарағанда олар  кинорежиссер Сұлтан   Қожықов пен  балуан  Әбілсейіт Айханов екен.

– 1981 жылы,– дейді  “Нар  тұлға” кітабындағы  сұхбатта  Бақыт Одынайұлы,–  Грузия астанасы  Тбилисиде өткен халықаралық  жарысқа қатыстым. Қонақ үйге мені   шашы да,  мұрты да  бурыл тартқан  жігіт ағасы іздеп келді.  Кілем  үстіндегі күресімді  көріп, қазақ баласы екенімді білген соң  тағаты қалмай  жеткен беті екен. “Ай, бауы­рым-ай! Балуаным-ай! Баты­рым-ай! Монғолияда да даң бір апайтөс азаматымыз бар екен ғой! Соны енді  ғана біліп, өзіңді  бір құшақтайын деп келдім қарағым.  Басқа шаруам жоқ. Келші,  бетіңнен сүйейін, айналайын!”–  деп  ағынан жарылды ол кісі.  Әзілқой,  әңгімешіл адам екен. Көп сөйлестік. Кетерінде  Сұлтан аға: “Қыз Жібек”  фильмі арқылы  әлемге қазақтың қызының қандай екенін  таныттым.  Ендігі арманым  Қажымұқан сияқты  алып күш иесі арқылы  дүниежүзі­не  халқымыздың  атан жілік, ай мүйіз ұлдарын  мәшһүр ету. Бұл кино­лен­таның алғашқы әзірліктері  басталып та кетті.  Сен, бауырым,  мүмкіндігін болса осы фильмге қатыс. Еліңе барған соң ойланып, бізге  жауабың­ды бер”,– деген еді.  Бірақ асыл ағаның  өтінішін орындай алмадым.  Спорт  комитеті басшылары  ол кездері бізді  алды-артымызға қа­рауға мүмкіндік бермей,  жарыс­тан жарысқа, бәсекеден бәсекеге қосты да отырды емес пе.

Бақыт Одынайұлының  Қазақ­стан тәуелсіздік алғанға дейінгі  ежел­гі атамекені тарапынан екінші бір кез­дескен адамы  ол әйгілі балуан  Әбіл­­­­сейіт Айханов екен.  Жас кезі­нен бастап бұл ағасының есіміне  сырт­­тай қанық ол өзі армандап жүр­ген осы алып күш иесімен  алғаш рет  1983 жылы  Украинада  жүздеседі.

– Ол уақыт Киевте еркін кү­рестен дүниежүзілік ХХІІ чемпионат өтіп жатқан кез еді,– деп еске алады  Бақыт жоға­ры­дағы  жүз­десу туралы. –  Әлемнің 25 елінен 150 балуан  бас қосқан осы дүбірлі додаға төреші әрі  құрметті қонақ ретінде  кеңестік Қазақстаннан  Әбілсейіт ағамыз да шақырылған екен.  Менің   қазақ екенімді естіп, таудай бо­лып  жетіп келмесі бар ма. “Сенің моңғолың  ниеті дұрыс халық екен, – деді ол кісі сонда әңгіме­лесіп отырып.–  Бетіңнен қақ­пай,  бойыңдағы бар қабілетіңді бағалаған,  сөйтіп әлемдік бәсеке­де белдесуге бөгет жасамай, жағдай туғызған  бұл елді сыйлап  өт, бауырым!”  Сол сөзді мен ұмыт­пай келемін.   Ол  күні бүгінге дейін жадымда.

Бақыт осыдан кейін Әбілсейіт ағасымен  1986 жылы Ауғанстан астанасы  Кабулда  кездеседі.  Бұл уақыт Әбекеңнің  осы елде   ауған балуандарын жаттықтырып жүр­ген кезі еді. Ал  Бақыт Одынай­ұлы болса Кабулға  Ауғанстан­дағы сәуір төңкерісінің  сегіз жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық  бәсекеде Моңғолия командасы атынан барған бола­тын. Сол сапарында ол  өз сал­мағы бойынша бірінші орынға шығып, алтыннан алқа тағады. Әбілсейіт ағасы сонда бұл ме­дальды өзі алғандай қуанып,  інісін  құшағына қысады.  Бәсеке өтіп жатқан күндері  аталмыш елде тағы бір төңкеріс жасалады.  Бабрак Кармальдың үкіметі құлап, Наджибулла билік басына  келеді. Әбекең  сонда  атыс-шабысқа толы қала ішіндегі қауіпке қарамай, Бақыт інісін  әуежайға дейін шығарып салып, өзі Кабулда қала береді.

Әбілсейіт Айханов пен  Бақыт Одынайұлының үшінші кездесуі   1992 жылы Алматыда болады.  Бұл кез еліміздің тәуелсіздік алып, әлемнің түкпір түкпіріндегі қандас­тарымыз қазақтың  Дүние­жүзілік бірінші құрылтайына  жи­налып жатқан уақыты еді. Сол  кел­ген сапарында Бақыт Әбе­кең­мен қол ұстаса жүріп, Түркіс­тан қаласын­дағы Қожа Ахмет Ясауи мазара­тына  тағзым етіп, Ордаба­сы ауда­нындағы Қажы­мұқан ба­басының басына барып құран оқиды.

“Нар тұлға” кітабында  байқа­латын  бір жәйт Бақыт Одынай­ұлының балуан Әбілсейіт Айха­новты  ерекше қадірлеп, оны өзіне  аға тұтатындығы. Кеңестік  заманда күрестегі жолы  аса ауыр болған Әбекеңнің  сол қиындық­тардың бәріне мойымай,  өзінің азаматтық болмысын сақтап  қалғандығын ол өзінің үлгі тұтар ағасының  өмірдегі  ең үлкен ерлігі деп біледі. Иә,  бұл расында да солай.  Болған іске  болаттай берік болмай, боркеміктік таны­тып, өзі де, ісі  де жоқ болып кеткен  азаматтар  бізде қаншама.

Моңғол жұрты  балуан деген­де ішкен асын жерге қоятын ха­лық. Күшті, батыл, батыр жігіт­тер­ді олар ерекше пір тұтады. Мұн­дай мінез, басқа ұлттан  көп кездесе бермейтінін айтады біле­тіндер. Неге десеңіз: “Балуан адам үйге келсе  рух көтеріледі”,– деп ырымдайды екен олар.  Балала­рына: “Балуан бол! ” – деп бата беретін де  міне, сол моңғолдар. Осындай елдің, осындай халық­тың  арасында жүріп  даңқ тұғы­рына көтерілген  Бақыт  Одынай­ұлы да  оңай адам емес секілді. Кітаптан біз, міне, осындай ой түйдік.

Жанболат ӘЛИХАНҰЛЫ (Аупбаев),“Егемен Қазақстан”.

Астана.

31 шілде 2002 жыл