Халықаралық жиын ПЕН клубы мен қала әкімдігі ұйымдастырып отыр. Бізге бұл ақпаратты Халықаралық ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин хабарлады.
Екінші рет өтетін халықаралық жазушылар форумына Моңғолия, Түркия, АҚШ, Англия, Франция, Германия сынды елдерден танымал қаламгер, аудармашы, публицистер шақырылған. Бұл ақпарат бүгін түс ауа белгілі болды.
Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин бізбен әңгімесінде жиынға отандық жазушылар арасынан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Дулат Исабеков, Ұлықбек Есдәулет және Смағұл Елубаев сияқты классик жазушылар қатысатынын айтты.
Олар үш күн бойы аударма өрісін кеңейту мәселелерін талқыламақ. Мұндағы мақсат – әдебиетке жаңа арна ашу, қазақ әдебиетін әлемге насихаттау. «Біздің жазушыларымыз ұлттық әдебиетті жасайды. Ал енді аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда аударма мәселесі өте қиын жағдайда. Форумға 20 шақты елден белгілі жазушылар мен публицисттер, аудармашылар және 70-80 шақты жазушы келеді», деді Бигелді Ғабдуллин.