• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2013

Кәкімжан Қазыбаев: “Бұл… мен күтпеген ұсыныс еді”

498 рет
көрсетілді

Кәкімжан Қазыбаев: “Бұл… мен күтпеген ұсыныс еді”

Жексенбі, 13 қаңтар 2013 0:12

1982 жылдың 10 марты. ҚазТАГ-тың қарбалас  жұмысымен тағы да ой үстінде отырғанмын. “Кремлевка” зың ете қалды. Жалма-жан  ала қойдым. Димекеңнің қоңыржай ашық даусы.

– Қазыбаев, шұғыл жұмысың көп пе? Егер саябыр болсаң маған келіп кетші.

 

Жексенбі, 13 қаңтар 2013 0:12

1982 жылдың 10 марты. ҚазТАГ-тың қарбалас  жұмысымен тағы да ой үстінде отырғанмын. “Кремлевка” зың ете қалды. Жалма-жан  ала қойдым. Димекеңнің қоңыржай ашық даусы.

– Қазыбаев, шұғыл жұмысың көп пе? Егер саябыр болсаң маған келіп кетші.

Жүрегім дір ете қалды. “Қандай шаруамен?” деп те  сұрап үлгермедім.  Неше түрлі ой келді. Неде болса бара көрейін. Түрлі-түсті фотоцех ашу жөнінде  мәселе қойып жүр едім, соның  қамы ма екен?! Бұл шынында да пісуі жеткен іс-ті. Қазір жай – фото өткеннің ісі. Кітаптар, альбомдар шығарарда слайдаға, түсті  фотоға сұраным өте көп. Баспалар, мекемелер бізді  мазалайды. Республикадағы ең бір  жедел орталық, ең бір ұрымтал мекеме. Осы арада  түсті  фотоны да дұрыстап жолға қойса, бұл  істен көп пайда келтіруге болады.

Димекең бұған дейін үй мәселесін (мекемеге), жедел байланыс жайын (телетайптарды) шешіп берген.  Транспорт та жөніне келді. Осы мәселелердің  қайсысы жайында болсын, бір байқағаным, Димекең істі терең білген, оның  мүддесін  жанашырлықпен  ойлаған адамды мейлінше  ұната ма деп қалдым және табан астында  істі тапсы­ратын  адамға  тапсырып, бас ая­ғыңды тұйықтап, өзіңді күт­кенің­нен арман разы етіп жібереді. Қанаттанып, қайрат­танып қайт­қанмын.  Тосыннан қоятын сұрақ­тары да бар. Сол мәселеге байланысты сен  күтпеген қырды анықтап алады. Дайын болмасаң састырып тастайды.

Сондай жағдайға душар болмайын деп, қанша валюта  керек, ол цех қанша бөлмеге сияды,  Москвада бұл мәселені шешуге   қатысатындар кімдер – бәрін  тәптіштеп  өзімше  дайындап алдым. Былай десе – былай, былай десе – былай деп жауап  бермекшімін.  Алайда қанша өзіңді дайындағанмен  ол кісінің кабинетінің  табалдырығын  аттағанда ойыңдағыңның бәрінен айырылып  қалатының болады.  Бұған дейін  сан рет  солай болған-ды.  Ондайды  ол кісі бірден сезеді де өзіне тән жарқындықпен  сөз бастап,  сені  қалыпқа  түсіріп алады. Қал-жағдайыңды  сұрайды… “Есіңді жиған” кезде, “Ал келген шаруаңды айт” — дейді. Жақсы  хабарды жаны  ұйып тыңдайды. Өзіңді құптап, жетектеп ала жөнеледі. Біраздан соң тіпті еркінсіп кетесің.  Тағы да бір нәрсені сұрап,  бір мәселені  шешіп қалғың келіп тұрады.  Бірақ  ар жағыңнан қанағат тізгіні тежеңкірейді.Жайыңды тапқан  адам­ның  қанағатсыздықпен   жанына тиіп алма дейді.

Бұл жолы да тек  түрлі-түсті фотоцехтың жайын  айтуға ғана бекініп келе жатырмын.  Қас қылғандай, табалдырықтан  аттай бере  ойым бытырады да кетті.

Димекең орнынан тұрып, салалы саусақты қолын беріп, алдымен  өзі амандасты. Мен де жалма-жан қол беріп, нұсқаған  орындыққа отырдым.  Аузыма  сөз түспеді.

– Осы сен ҚазТАГ-та істегеніңе  қанша жыл болды?

– Алдымыздағы ноябрьде сегіз жыл толады.

– Көп отырып қалыпсың ғой…

Мынау күтпеген  сұрағым.  Маңдайымнан суық тер  шып ете қалды.

Сосын  Димекең әңгіменің  бетін кілт  басқа жаққа  бұрды да, жалпы  идеологиялық жұмыстың  жайына ауысты.  Әр-әр  кадрлар жөнінде  пікір  сұрады.  Мен білгенімді  жасырмадым. Әр сала жайлы өз  түйгендерімді  шамам келгенше  жеткізуге  тырыстым. Мұндай  тақырыпқа  бұрын ешқашан  сөйлесіп көрген емеспіз. Бір жағы  сенім, бір  жағы  сынау да шығар деп ойладым. Бұрын  әркім-әркімнен  байқау ретінде өз тұжырымын жұрт пікірімен  салыстырып отыратын әдеті бар дейтінді  еститінмін. Кең толғанып жатуға  менде шама болған жоқ.  Жүрегімде не тұрса,  тілімнен сол шықты.   Қулануға да, сақтануға да  құлқым  бара қоймады.

– Сен ертеңге дейін  ойланып, обкомдарға идеология жөнінде  секретарьлыққа жарайтын  бес адамның  тізімін әкеп берші.  Осы майданда  талайдан келе жатырсың ғой.

– Жарайды, Димеке!

 Фотоцех жайына  қалды.  Өз ойыммен өзім болып  кете бардым.  Осы  майданда  талайдан  келе  жатырсың деді, ә.  Бес адамның  тізімін әкел.  Тапсырманың  аты тапсырма.  Іздеуім керек.  Қандай адамды  ұсынғанынан сол  адамның  өзін тануға  болады ғой.  Бұл да сын.  Қойшы,  сол күні  кешке дейін, түнімен  Димекеңнің  әр сөзін, әр қимылын есіме  түсіріп, бұл  жұмбақтың  жобалап болса да шешімін табуға  тырыстым. Қалай  дегенмен де көңілге  тоқ бір жай бар.  Екінің бірін  шақырып алып, бұлай  кеңесе бермейтін  шығар.  Мұнда үлкен  сенімнің төркіні  жатқандай.  Димекеңдей кісіге  тіпті бір мәселе бойынша, бір кандидатура жөнінде кеңесші болудың өзі  мәртебе емес пе?! Осы  ойым семірткенмен: “Апарған  адамдарымның бірі жарамай қалса,  онда не болдым?” – деген ой да жүдететін сияқты.

Ертеңгі сағат 11.  Яғни  марттың  11-і  күнгі сағат 11.  Уәделі уақытқа  келдім.  Қолымда  адамдардың  тізімін жазған  бір бет  қағазым бар.  Амандықтан соң  қағазға қарап шықты да,  төрде тұрған столының үстіне қоя салды.

– Мен саған  әңгіменің  турасын айтайын.  Бізде  қазір  идеология жөніндегі  хатшының орны бос.  Біраз ойланып, біз  саған тоқтап отырмыз.  Қалай қарайсың?

Үнім шықпай қалды.  Сасқандығымнан емес,  күтпегендігімнен.  Иә, бұл… мен күтпеген ұсыныс еді. Біраз  ойлар лықып,   көмейге де келді.  Сөйлеп кетуіме де  болар еді.  Оның  жөні қалай? Шүкіршілік, халқымыз өсті ғой. Қазір  оның  нағыз  кемелді шағы. Осы Димекеңнің өз қанатында шыңдалған, шыныққан  қаншама  кадр бар. Менің  атымның аталуы  олардан  артықтығымнан емес шығар.  Бұған дейінгі  ұстанған өмірлік  принципім: берген қызметті адал атқару. Адалдық өз түсінігімде ең ардақты байлығым. Ұрпағымның  бойына сол қасиетті   молынан еге білсем, одан асқан  бақыт жоқ мен үшін. “Лениншіл жаста”, “Жетісуда” істедім.  Артқан жүкті адал көтеріп көрдім.

Бір ой ұдайы  қанаттандырып  жүретін.  Оны сырлас  достарға ашып  айтатын да едім.

– Біздің  маңдайымыздың  бақыты бес елі. Саналы  өміріміз республиканы  Димекеңдей адамның  басқарған кезіне  дөп келді. Біз керемет мектептен дәріс алудамыз.  Ол өзімізге үйреншікті  болғанмен біреуге  арман,  біреуге қиял. Осы мектептің  босағасын берік ұстайық.

– Ойды ой жетелейді.  Осы  ойым  Димекеңнің  алдына  тағы бір  ойды  сумаң еткізді. “Мен 1972 жылы  Орталық  Комитетте нұсқаушы едім. Міне, 1982 жыл. Он жыл. Енді  секретарьлықты ұсынып отыр. Он жылда нұсқаушылықтан – секретарьлыққа! Пісіп жете қойдым ба?

Айтылмағанмен  осы ойлар  ішімде әлем тапырақ. Сыртқа  шықса, сұрқы қашып жүре ме? Үнсіз отырып қалыппын.

– Сенімдеріңіз солай болса, мен үшін  оны  ақтаудан артық не бар!

Аузыма түскен  сөз осы болды.

– Онда дымың  ішіңде болсын.  Келінге де үндеме. Москваға  барып,  пленум өткенше аузыңа  құлып сал.

“Дымың ішіңде болсын”,  “аузыңа құлып сал” деген  сөздерді  жазушымыз деп жүрген біздер  де  керек жерінде  таба қоймаймыз.  Бұрын да Димекеңнің  қазақ  сөздерін қадай айтып, жағын  айыра  сөйлейтінін  байқайтынмын. Бұл жолы да  соның тағы куәсі болдым.

10 март – 30 март. Өмірімде осы 20 күндей таусылмас күндер  болмаған шығар.  Ол екі ортада  үйден де, өзгеден де  жасырынып Москваға,  КПСС Орталық Комитетіне  бекуге барып қайттым. Әйеліме алғаш өтірік айтқаным да осы жолы.  ТАСС-қа  бір құрылыстың дауымен  бара жатырмын дедім. Ол сене салды.  Бірақ сан түнде ұйқысыз ояу жатқанымды байқап қалып: “Осы сен бір қалың ойдың қамауына түскен  сияқтысың, жай ма?” – деді.  Алдында ауруханада болып шыққаным бар-ды. “Әлде дәрігерлер  бірдеңе деп, бізден жасырып  жүрсің бе? – деп те тақымдады.  Оның ең қорқатыны  осы аурухана төңірегі.

– Сәуегейсімесеңші, ештеме де жоқ, – деп қоям.

Ал қалың ойдың қамауында қалғаным рас еді. Көп болмаса да бұған дейін  қызметтен  қызметке  ауысқанда мұнша  толғанған емес­пін.  Толғанбайтын жай ма?! Бұрын ҚазТАГ секілді  бір ғана нақты  участокке жауап бер­сең, енді  сондай кемі  елу­ге тарта  са­ланың  тағ­дыры сенің қолыңда болады.  Сала­ның  тағ­ды­ры ғана ма?  Ең алды­мен ондағы  адамдар­дың тағ­дыры ше?!  Жазушы, артист, ғалым деген  қауымдар­дың  қат-қабат сырының өзі не тұрады? Идеоло­гия атты  ұғымды  құрай­тын тағы басқа салалар көз  алдымнан  өткенде жүре­гім лоблып қоя берді.  Соның  әр­қай­сысын терең білсең ғана  тіл табасың, жөн табасың, білгір  басшы­лық жасай­сың. Зама­нында Вольтерге  тұстас­тары мынадай  сұрақ қойған екен.

– Халық алдындағы беделіңіз күшті. Сізден  даңқты әзірге ешкім болмай тұр. Адам даңқ салмағын қалай  көтереді екен?!

Сонда Вольтер былай  деп жауап беріпті:

– Биіктеген сайын жел күшті болады. Шың басында ол сені тіпті қатты шайқайды.

Бұл да сондай желі  қатты шың ғой.  Шайқауына төтеп бере  алармысың. “Креслоның күшіне сенбе, өзіңнің  ісіңе сен”,–  деген қанатты  сөздерді кезінде  блокнотыма түртіп қойғаным бар-ды.  Сол сөздер  міне, алдымнан шығып отыр.

Бәрінен де алды-артымды  шырмап, ауыр салмағын  әсіре сезінетінім Димекеңдей адамның  көрсетіп отырған  сенімі.  Саяси Бюро  мүшесінің  қасында  серіктес болуға жететін  күш, қабілет бар ма? Бұл сенімнің  бүгінгі  жүгінен ертеңгі жүгі ауыр емес пе. Қоярын қояр, сайлауын сайлар. Сол жүкті  көтере алмай қайқаңдай бастасам ше?! Қаяу салу деген сол емес пе. Осы күнге дейін   көкейімнен кетпейтін тұжырым: “Димекеңдей адамның  көңіліне қаяу салудан артық  қылмыс жоқ” – деген  тұжырым еді.  Түн ұйқыны  шайдай  ашатын да осы ойлар.  Шынымды айтсам, Пленум  болатын күнге  қуаныш кернеп емес,  бірінен-бірі салмақты түпсіз ойлар қамап, әрең  жеттім.

Сол екі ортада Димекең  бір-екі рет телефон соқты.

– Әзірге  алыпқашпа сөз жоқ. Аузыңа берік болғансың-ау деймін.

– Ауызға беріктік біздің  тұқымымызға дарыған қасиет, Димеке.

– Сырға беріктік  – сынға беріктік.

Осы бір  ұтқыр  мақалмен  Димекең тағы бір қырынан  таң қалдырды.

Сынға беріктік сырға  беріктіктен ауырлау болар.  Сан сын  алдымнан шығар да сан қыспаққа салар.  Сонда шыңдала берсем,  шымыр бола  түссем бір сәрі.  Морт үзіліп, болмас жасық темірдей иім босай берсе, онда не болды?

Өз мүмкіндігімді  қайта-қайта өз безбеніме салған  мазасыз күндер, түндер бірін-бірі  қуалап өтіп жатты.  Күшіңе  сенген  де жақсы, бірақ  қабілетіңді  асыра  бағалау да жаман.  Пленумға  жетпей-ақ алдағы шығар  биіктің  өкпек желі  осылай шайқай бастаған еді.  Көңіл шіркіннің  бір ғана үлкен медеуі бар. Ол – Димекеңнің  өзі, оның  ат жалын тартып мінгелі көрсетіп келе  жатқан үлгі-өнегесі, оның әрбір әрекет, ағысты қимыл арнасы, биік парасаты, азаматтық асқак тұлғасы. Қиын асулар болар. Қиын шақтар да туар, қиналатын жайлар да  кездесер. Димекең аман болсын.

 

22 наурыз 2001 жыл.