• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Қыркүйек, 2019

Қолбасшы

750 рет
көрсетілді

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдарында тыңнан түрен салып, жекелеген қызмет салаларының тұрақты жүйесін құрған, қалыптастырған мемлекет қайраткерлерінің есімдері Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылып мәңгілікке қалады. Солардың бірі – өзінің бүкіл өмірін арнаған әскери саланың бірнеше күштік құрылымдарын басқарған қолбасшы, халықаралық деңгейдегі дипломат-саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан құрметті ардагер.

Сәт Бесімбайұлы үкімет­те­гі жоғары лауазымды шенеу­нік­­тердің арасындағы құзыры ауқым­­ды саяси басшы ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің және оның халқы алдында ерекше жа­уап­кершілікті жүктейтін Ұлт­тық қауіпсіздік органдары, Прези­дент Күзеті қызметі, Рес­публикалық Ұлан, Қарулы Кү­штер сияқты негізгі күштік құ­рылымдардың қолбасшысы ре­тін­де еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті мемлекеттік қайраткер. Тәуелсіз Қазақ елінің қалыптасу жылдарында бірнеше әскери ведомстволарды жаңадан құру үшін оның Жарғысын, Ережелерін, басқа да көптеген нормативтік заң актілерін жасау, кадр мәселесін шешу сияқ­ты ауқымды жұмыстарды бір жүй­еге келтіру оңай болған жоқ. Мемлекеттік қауіпсіздік орган­да­рындағы қызметін барлаушы болып бастаған генерал-полковник Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев мемлекеттік дең­гей­дегі осындай ірі лауазымдарды абыроймен атқарды. Кеңес өкіметі кезі­нен бергі талай аумалы-төк­пе­лі ауыс­палы заманда кісілік кел­бетін жоғалт­паған, саяси, эко­но­ми­калық қиын­дықтар кезінде өзінің позиция­сын берік ұстанып, әрқашан тығырықтан шығатын жол тапқан, көпті көрген ел ағасы туралы айтатын әңгіме де көп.

Қай қызметте жүрсе де өз міндетін адал, тиянақты атқарып, қан­дай да маңызды тапсырмаларды сәтті аяқтайтын қасиет Сәт Бесімбайұлына әкесі азан шақырып қойған есімімен байла­ныс­ты сияқты. Алматының түбін­дегі Қарғалы деген ауылда бая­ғыда Сәт есімді абыройлы, ел­дің алғысына бөленген, қолы ашық мырза болыс болған екен. Жұрт оны «жалғыз атты болыс» деп атаған. Себебі қора­сына біткен малды келген қонақтарға со­йып, кедей-кеп­шіктерге таратып беретін көрі­не­ді. Тек астындағы жалғыз аты белдеуде байлаулы тұрады екен. Қазақ ырымшыл емес пе. «Түрксіб» теміржолының алғаш­қы қадаларын қаққан байыр­ғы теміржолшы Бесімбай ІІ дүние­жү­зілік соғыс басталған жылы дүние­ге келген ұлына осы болыс сияқты елінің қамын ойлайтын үлкен азамат болсын деп ырым­дап атын Сәт деп қойыпты. Содан болар оның өміріндегі әрбір бас­тамасы сәтті болды. Мектепті бітіргеннен кейін 1956 жылы жас жігіт еңбек жолын Алматы облысы Іле ауданындағы «Комсомол» ұжымшарында жұ­мысшы болып бастады. Бір жылдан кейін С.М.Киров атын­дағы Қазақ мем­ле­кеттік универ­си­тетінің заң факультетіне оқу­ға түсіп, 1963 жылы бітіріп шық­қан жас заң­гер Алматы облыс­тық про­ку­ра­турасының тер­геу­шісі болып қызметке кі­рісті. Сол жылдың күзінде КСРО Мемлекеттік қауіп­сіздік ко­ми­теті органдарына қыз­метке шақы­ры­лып, Минск қала­сын­дағы арнайы мектепке оқуға жіберілді.

Оқуды бітіріп елге қайтқан жас лейтенантты МҚК-де жаңа­дан ашылған барлау бөліміне шақырды. Сол кездегі Барлау бөлімінің басшысы Әбдіғали Бай­ғариннің ұсынысымен Мәс­кеу­дегі барлау мектебіне оқуға кан­дидат ретінде аттанды. Мәс­кеу­де білім деңгейі, өжеттігі, төзім­ділігі, тапқырлығы, есте сақтау қабілеті, психологиялық дайын­дығы, қиын-қыстау кез­дерде жол табу, барлау жұ­мыс­тарына жарамдылығы сияқ­ты кандидаттардың әртүрлі қа­сиет­те­рін анықтайтын жан-жақты сынақ­тардан сүрінбей өтіп, Мәс­кеу­дегі барлаушылар дайындайтын мектепке қабылданды. Со­нымен қатар Сыртқы істер ми­нистрлігі жанындағы Жоғары дипломатиялық мектебін бітіріп, үш жылдың ішінде қытай және ағылшын тілдерін жетік мең­герді, ІІ-ші хатшы деген дип­ло­матиялық дәрежеге ие болды. Ұзақ жылдар сыртқы барлау желісі бойынша жедел жұ­мыстарда болды. Өз ісіне тың­ғы­лықтылығы, практикалық жұ­мыс­тарда жинақтаған тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті Сәт Тоқпақбаевтың қызметтік бас­палдақтармен жоғары өрле­уіне, Қазақстанның күш құры­лымдарындағы маңызды лауа­зымдарға жол ашты.

Сәт Тоқпақбаев 1986-1993 жыл­дарда – Алматы облысы бо­йынша Қазақ КСР МҚК бас­қар­масының бастығы, республика МҚК орталық аппаратында бас­қарма бастығы қызметтерін атқар­ды. 1993 жылы Сәт Тоқ­пақ­баев ҰҚК төрағасының бі­рін­ші орынбасары, одан кейін Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің Жарлығымен ҰҚК төрағасы болып тағайындалды. Бұл тәуелсіздігін енді алған жас мемлекетіміздің қалыптасу кезе­ңі­нің басы болатын. Ең бастысы, кадр тапшылығы қатты сезілді. Көптеген қызметкерлер өздерінің тарихи отандарына қайтты. Өзі­міз­­дің мамандар болса әлі де қалыпқа түсіп ысыла қоймаған, тәжі­рибесі жоқ. Осыған байла­ныс­ты Сәт Бесімбайұлының арна­йы қызметтің жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысын жоғары жақ қолдап, Алматыда МҚК қызметкерлерін дайындайтын академия ашылды. Алайда, мұнда да көптеген қиындықтар алдан шықты, бұрыннан қа­лып­тасқан оқу базасы, оқы­ту­шы-профессорлар құрамы бол­ма­ғандықтан барлығын нөлден бас­тау керек болды. Дегенмен, Сәт Бесімбайұлының тікелей араласуымен барлығы біртіндеп орнына келді. Бүгінде бұл академия Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белді оқу ордасына айналған. Сонымен қатар Ресейдегі әріп­тес­терімен жақсы қарым-қатынас орнатуының арқасында барлаушыларды Мәскеу тегін оқытатын болып келісті. Осы жылдарда Сәт Тоқпақбаев көп елдер әлі де жақсы біле бермейтін, әлемдік картадан енді ғана ойып орын алған Қа­зақстан Республикасының дер­бес қауіпсіздік қызметін таныстыру мақсатында Ресейден бас­қа АҚШ, Қытай, Германия ел­дерінде ресми сапарлармен бо­лып, көптеген мәселелердің басын ашып алды, екі жаққа да тиімді ортақ келісімдер жасады.

Сәт Тоқпақбаев 1995 жылдың қараша айынан 1997 жылдың наурызына дейін – ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы – ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы міндетін атқарушы болып екі бірдей басшылық ла­уазымды бірге алып жүрді. Екеуі де жаңадан құрылған ведомство болғандықтан сүрленген соқпақпен емес, тыңға түрен салып жаңа жолмен жүру керек болды. Сәт Бесімбайұлы екі жауапты саланың атқаратын қыз­ме­тін, бағыттарын айқындап, қа­лып­тас­ты­рып кетті.

«Бұл табандатқан екі жылдай уақыт еді. Екі жыл өзіме де үлкен мектеп болды. Олай дейтін себебім – Тәуелсіз Қазақстанның өз алдына мемлекет болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Қиын­шы­лық шаш етектен. Ба­сы­­на тартсаң аяғына, аяғына тарт­саң басына жетпей жатқан тап­шылық дүние. Гвардия қол­басшысы кезінде Ұланды жа­сақ­тау­мен қатар Президент күзеті қызметінде де бірқатар игі бас­тамаларды бастап кеткен едік. Президент іссапарға шығатын кезде ол кісінің баратын жері, кіммен жолығатыны, келіссөз қанша уақытқа созылатыны, қай жерде, қашан өткізілетіні туралы мәліметтер жинап Елбасының алдына қою біздің міндетіміз болды. Сапарға бару, қайту қауіп­сіздігін қадағалау ісі де не­гізгі міндетімізге кірді. Ең әуе­лі Президент күзеті туралы жарғыны жазып, Ережені бекі­ту керек болды. Күзетке алы­­натын тұлғалардың жақын маңа­йын­дағыларды да мұқият тек­­серу керектігі тұңғыш рет осы Жарғыға енгізілді. Осы құ­жат­­ты екі түн отырып өзім жазып шықтым. Мемлекеттік тілге аударт­тым. Осы құжаттар туралы білігі мол кісілерден ақыл сұрап тағы біраз жерін түзетіп талқыға сал­дым. Ақыры Президенттің күзет қызметінің жұмысы бір жүйе­ге түсіп, кәдуілгідей басы бар, аяғы бар тәртіпке бағынатын үл­кен ұйымға айналды», деп жазады өзінің естелігінде.

Осындай маңызды, жауап­кер­шілігі мол екі ведомствоны құрып, аяғына тұрғызған алпыс жастағы гене­рал енді отставкаға шығуды жос­парлап жүрген. Алайда, Елба­сы білікті басшының мол тә­жі­ри­­бесін әлі де пайдалану керек деп ұйғарып, 1999 жылдың қа­зан айындағы Жарлығымен Сәт Тоқпақ­баевты Қазақстан Қор­­ғаныс министрі қызметіне та­ғай­ын­дады. Қорғаныс саласында оны ешкім қол шапалақтап, құшағын ашып қарсы алған жоқ. Тағы да барлығын басынан бас­тап, тұралаған саланы көтеру керек болды. Бұл кезде еліміздің экономикасы, тұрмыс-жағдайы, әл-аухаты нашар, кей­бір өңірлерде электр жарығы, тіпті азық-түлік тапшылығы қат­ты сезілетін. Қорғаныс сала­сы­на барған бас қолбасшы осын­­дай жағдайға тап болды. Қаражаттың жоқтығынан, бас­қасын былай қойғанда, минис­тр­дің кабинетіндегі үш телефон да жұмыс істемейді екен. Әскердегі жеке құрамның 29,7 пайызы тері ауруына шалдыққан, өйткені жуынатын, қажетті гигие­­­налық заттар, дезинфекция жа­сайтын медикаменттер жоқ. Әс­кер­дің үштен бір бөлігі саптан шыққан. Әскерилердің жалақы алмағанына екі-үш ай болған, зейнеткерлер зейнетақыларын ұмытуға айналған. Жауап – қара­жат жоқ. Оның алдында мини­стр болған Қасымовтан кезінде қатты қаусырап қалған Қарулы күштерді қалпына кел­ті­ру үшін Сәт Тоқпақбаевтың қаншама күш-жігер жұмсағанын көпшілік біле бермейді. Ол алдымен сарапшылар тобын құрып министрліктегі қаржыландыру мөлшері қандай, неге мұқтаж екенін білуді тапсырды, содан кейін ақшаның қайда кетіп жатқанын, қандай мұқтаждыққа жұмсалып жатқанын тексерткізді. Нәтижесінде осындай қатерлі олқылықтарға ешқандай шара қолданбай жайбарақат жүр­ген орынбасарлардан бастап бір­қатар жоғары лауазымдағы сардарлар қызметтен алынды.

Сол жылы қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінде Қарулы күш­терді реформалау мәселесі қаралды. Біраз гарнизондарды аралап жағдайларымен танысқан Қорғаныс министрі Елбасы өткі­зетін осы отырысқа ішкі жағ­дай­ды жақсы білетін үш кәсіби генералды өзімен бірге алып барды. «Бұлар шындықтан хабардар, қиын ахуалды жете түсінетін гене­ралдар. Мәселен, Әуе күш­терінің 98 пайызы жұмыс істе­мей­ді. Жаяу әскерлер екі жылға шақырылады, бір рет те мылтық атпайды, киімдері де жаңа емес, әйтеуір тамақ ішеді. Танктердің барлығы тоқтап тұр. Артиллерия да сондай жағдайда. Әрбір сала 98-99 пайызға жұмыс істемейді. Жалақы мүлде төмен. Осыған сүйеніп Қазақстанда Қарулы күштер мүлде жоқ деп айтамын» деп мән-жайды толықтай жайып салды. Осыдан бастап Қазақстан әскерилерінің жала­қы­сы өсті. ТМД елдеріндегі ең жоғары жалақыға жетті. Сар­дар­лар жаңа пәтер ала бастады. Сәт Тоқпақбаев Қорғаныс министрлігін басқарған жылдары әскери Доктрина қабылданып, көп мәселелер оң шешілді.

Құрыштан құйылған қан­жар­дың жүзі қайтпайды. Жастайынан те­мір­дей тәртіпке үйренген, адам­дық пен адалдықты ту етіп ұс­таған Сәт Бесімбайұлы жасы жет­пістен асқанша аттан түскен жоқ. 2001 жылдың желтоқсан айы­нан ҚР Президентінің кеңесшісі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және ҚР мемлекеттік қыз­мет­керлерінің қызметі жөніндегі комиссияның төрағасы – ҚР Президеті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия­нын төрағасы, 2002 жылы – «Еуро-Азия Эйр Интернэшнл» ААҚ Халықаралық еуразиялық әуе компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2007-2011 жылдары – Парламент Мәжілісінің 4-ші шақырылым депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің мүшесі болды. Сәт Тоқпақбаев күштік құрылымдар сала­­сындағы ерен еңбегі үшін «Даңқ», «Барыс» ордендерімен, 14 медальмен марапатталған. «Отан қорғаушы» номинациясы бойынша 2000 және 2001 жылдары «Жыл адамы» (Алтын Адам) атағына ие болды.

Еліне қалтқысыз қызмет етіп, бірнеше ведомстволарды басқарған, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің үзеңгілес серігі болған аңыз адам туралы жазатын дүниелер өте көп. Сәт Тоқпақбаевтың Қазақ еліне сі­ңір­ген еңбегі, артына қал­дыр­ған іздері, игі істері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала береді. Біз, Сәт Бесім­бай­ұлы­ның қарамағында қызмет еткен әріптестері, одан сабақ алған кейінгі буын оны білікті басшы, тәлімгер ұстаз, жаны жайсаң аға ретінде құрмет тұтып, барлық жағынан оған ұқсауға тырысамыз.

 

Әділ ШАЯХМЕТОВ,

Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы директорының орынбасары,

генерал-лейтенант