Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында белгілі жазушы, журналист, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының 90 жасқа толуына арналған салтанатты жиын өтті.
Тәуелсіздікке дейін, сонау «ұлы» деген сөзді «ұлтшылдық» деп түсінетін кеңестік кезеңнің өзінде-ақ ұлттық намыстың алдаспаны болып жарқылдап, қоғадай жапырған тегеурінді темір жүйеге ішкі қарсылығын «Қыдырбекұлы» деген атпен қаймықпай білдірген танымал қаламгерге тағзым 90 жылдығымен байланысты өріс алды. «Социалистік Қазақстан» газетіне қатардағы тілші болып келіп бас редакторға дейінгі барлық қызмет сатысынан өткен, Жоғарғы Кеңеске екі мәрте депутат, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы болған, талай журналисті тәрбиелеп шығарған ұстаздың есімін ұлықтау шарасын Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Мемлекеттік филармония мен Қазақстан Композиторлар одағы ұйымдастырды.
Халқымызды Қарасай, Қазыбек, Наурызбай секілді тарихи тұлғалармен табыстыруда бір адамдай тер төккен Б.Қыдырбекұлының еңбегін елі әлі ұмыта қойған жоқ. Дербестіктің дәмін жаңа татып тұрып «Жер сатуға болмайды, сақтан, жұртым!» деген де шындықтың жүзіне тура қарап өткен қазақтың қайсар ұлы болатын. Еліне адал перзентке ұлағатты құрмет көрсету – тірілердің парызы. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев оқып берді. Бүгінде жасы 100-ге келген ел газеті «Егемен Қазақстанмен» етене байланыста, құрдас болып қанаттасып ғұмыр кешкен Балғабек Қыдырбекұлының 90 жылдық торқалы тойына бас басылымның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі де сахнадан өз жүрекжарды лебізін жолдады.
Кеште Балғабек Қыдырбекұлы мен Балнұр Қыдырбектің шығармалары орындалды. Салтанатты кеш Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балнұр Қыдырбектің сүйікті әкесінің аруағына бағыштап жазған «Балғабек» атты симфониялық күйімен ашылды. Дирижер Мүсілім Әмзенің жетекшілігімен Мемлекеттік симфониялық оркестр сүйемелдеген шығарма әкеге деген сағыныш пен аңсауды сахнадан төгілітіп тұрғанда, талай адамның көкірегінде Алатаудың бекзада Балғабегінің бейнесі күлімсіреп қайта оянғандай күй кешті.
Балғабек Қыдырбекұлы аға басылымға басшылық жасауымен бірге, өткір-өткір фельетондар, сын-сықақ, сатиралық шығармалар жазған, «Ешкімге айтпа», «Шайтанның шатағы», «Қара сандық», «Маздаған шырақ», «Ұрының еншісі», «Ақпа құлақ», «Ақымақтың миы» секілді бірнеше жинақтар шығарған. Жазушы шығармашылығынан басты орын алатын оның осы сатиралық сипаттағы шығармаларын орайымен еске алып, салтанатты кеште сәтімен пайдаланылғаны кештің ұтымды тұсы болды. Талай сахна саңлағын шыңдап жүрген белгілі драма шебері Ерғалым Төкеев орындаған қысқа интермедиядан Б.Қыдырбекұлының бодан болып жүрген кездегі құлдық сана көрінісін қалай әжуалағаны көрінді. «Алғаш мені басшы қызметке ұсынғанда, осы омалып қалған «овты» алмағаныма да қораға түскен ұрыдай кінәлі болғаным бар. Орталық Комитет бюросында «Мынау қазақ газетінің қалай редакторы болмақ, әзербайжан емес пе?» деп сол кездегі хатшының бірі Мельник қойып қалған. Сонда қазақ атымен өскен, «білгір» қазақтың бірі: «Жоқ, бұл ядовитый деген сөз» деп жібергені. «Улы редактор болады десеңші» деп күлді басқалары. Жанындағыдан түсінік алған Мәскеуден келген бастық бір көзін аса қарап, бір көзін баса қарап «бұдан ұлтшылдық исі шығып тұрған жоқ па»?» деп едірейіп-әкірейіп шыға келді. Сөйтіп бюродан белі кеткен жылқыдай қиралаңдап зорға өттім...». Айғайлап айта алмайтын тар заманда азаматтық үнін сыналатып сатираға сыйдырған әдебиет сайыпқыраны нағыз ұлтшыл, ұлтжанды ұл екенін ешқашан бүгіп қалмаған. Бәрін де бір тарының қауызына сыйдырған кеңестік кезеңнің өзінде ноқтаға басы сыймай тегіндегі «ов» деген жалғаудан бас тартқан мұндай батыр мінездің барлық буын мен ұрпаққа бірдей жарасымды болатынын салихалы кештің тағылымы анық ұғындырды.
Композитор Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» операсынан «Мамыр» ариясын орындаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаеваның, «Көкенай» ариясын шырқаған Ілияс Артығалиевтің, «Қалқаман» ариясын әуелеткен Дархан Жолдыбаевтың диапазоны кең дауысы зал ішін керней, әр кеудеге мөлдір шық болып қонақтап жатты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе дирижерлік ететін Мемлекеттік симфониялық оркестрі, сондай-ақ көркемдік жетекшісі және бас дирижері Б.Демеуов басқаратын Б.Байқадамов атындағы хор каппеласының өнері де қаламгерге арналған кештің көркемдігін арттыра түсті.
Б.Қыдырбектің күрделі симфониялық шығармаларының бірі «Реквием», сөзін ақын Тұманбай Молдағалиев жазған осы «Реквиемнің» V-ші бөлімі «Et resurrexit – Балғабекті» Абай атындағы опера және балет театрының бір топ әртісінің академиялық орындауына көрермен дуылдата қол соқты.
Әр кештің өз ғибраты бар. Салтанатты жиынның көпшілікті риза етіп, рухын оятқан әсерлі көріністерінің бірі – деректі фильм таспасынан Балғабек Қыдырбекұлының қайраткерлік қасиетін айғақтай түсетін 1992 жылдары Жоғарғы Кеңестің депутаты болып жүрген кезінде айтқан сөзін бүгінгі күн тұрғысынан ерлікпен пара-пар бағалауға болатындай. Азаттықтың ақ таңының енді ғана сібірлеп атып келе жатқанына қарамастан, Парламент төрінен ел мен жердің тағдырына алаңдап, қарағайға қарсы біткен бұтақтай азаматтық ойын ашық білдіруі оның тілін тек шындық үшін төсейтін турашылдығының дәлелі іспетті. «Құрметті депутаттар! Көрші мемлекеттер «Өзбекстан Республикасы», «Қырғызстан Республикасы» деген атауды қалап алды. Осы тұрғыда біздің мемлекетіміздің Қазақстан Республикасы деп аталуы туралы ұсынысына көңілім жатпай тұр. Себебі былай. Басқаны қойғанда ондаған жылдар бойы өзіміздің бауырымыз болып саналып келген одақтас республикалар тұрғындары да Қазақстаның не, Қырғызстаның не, Тәжікстаның небәрі бірдей болып, ажырата алмайтын. Америка Құрама Штаттары мен Еуропа елдері бізді әлі де Россия бөлшегі ретінде қарайтыны жасырын сыр емес. Кімнің кім екенін білмей, бәрімізді шатастыратыны күмән туғызбайды. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Түрікменстан, тағы Ауғанстан мен Пәкістан, Үндістан бар, СУАР дейтін Шығыс Түркістан, өзін Аястан дейтін Армения бар... Өркениетті мемлекеттермен тереземіз тең болсын десек, мемлекет атауын нақтылы қоюдан бастайық. Бес ғасыр бойы ежелгі атауымыз Қазақ хандығы болды. Осыған сүйеніп, елімізді «Қазақ Республикасы» дейік. Қазақ – мемлекет негізін қалаған ұлт атауы, ал республика – мемлекеттің Конституциялық құрылысының белгісі» дейді тәуелсіздік енді ғана тәй-тәй басқан тар уақытта азаматтық ірілікпен атой салып.
Бар саналы ғұмырында қара сөзге қамшы басып, қазақы болмысына қылау түсірмей өткен ардақты ұл Балғабек Қыдырбекұлы сол Жоғарғы Кеңестің төрінен «министр мырзалар, міндеттеріңізді адал атқарып, нандарыңызды адал жеңіздер» дейтін атақты сөзімен алқалаған жұртына жақсы заманның жалғыз ғана кепілі ұлтын сүйіп, еліне қалтқысыз қызмет қылу екенін тұңғиығы терең жанарымен білдіріп, мазмұны терең, мағыналы кешінің жып-жылы әсерімен шығарып салды.
АЛМАТЫ