• RUB:
    4.94
  • USD:
    443.16
  • EUR:
    480.39
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қыркүйек, 2019

Атырауда Хиуаз Доспанованың ескерткіші ашылды

1429 рет
көрсетілді

Атырауға алыс-жақыннан келген қонақтар енді әуежай алдындағы әдемі бейнеге көз тоқтатпай өтпесі анық. Тастан жасалған демесеңіз, қанатын қомдап ұшқалы тұрған қыран-қыздың ескерткіші нәзіктік пен қайсарлықтың да бір арнада тоғысатынының көрінісі іспетті. Атырау халықаралық әуежайының аумағында қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен ел қорғаған батыр Хиуаз Доспанованың ескерткіші бой көтерді. Бұл – перзентіне деген туған жерінің шексіз құрметі.

Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Ел басына күн туған қиын сәттерде қазақтың қайсар қыздары да ерлермен бірге атқа қонды. Солардың қатарында Хиуаз Доспанованың есімі айрықша ықыласпен аталады. Кескілескен шайқастың арасынан аман оралған батыр Отанды сүюдің ерен үлгісін көрсетті. Еліне ескерткіш болып оралған Хиуаз Доспанованың есімі мәңгі жасай береді», деді.

Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы шағын ғана ауылдан «ұш­қыш боламын» деген бала арманымен Мәскеуге аттанған қазақтың қаршадай қызын алған бетінен қайтпайтын қай­сар­лығы майдан даласына апарды. Екін­ші дүниежүзілік соғыста ол 300 рет әуеге көтерілді. Құлады, қатты жара­қаттанды, тіпті ауыр жарақатынан дәрі­герлер екі аяғын кесіп тастай жаздады. Сонда да берілмеді. Жазылар-жа­зылмастан ұшағына отырып, жаудың бетін қайтаруға бел шеше кірісті. Же­ңісті Берлин жерінде қарсы алған Хиуаз Доспанова Алматыға оралып, өмірінің соңына дейін сол қалада тұрды. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан туған бауыры Ертарғын Доспанов: «Менің апам Хиуаздың құрметіне қойылған бұл белгіні ел шетіне жау тигенде қасқайып қарсы тұрған барша батыр қыздарға жасалған тағзым деп қабылдаймын», деді.

Салтанатты рәсімде Халық қаһар­манының ерлігін насихаттап жүрген бастама­шы топ жетекшісі, журналист Тұрсын Қа­лимова, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызы, жазушы Сара Латиева, ескерткіш авторы Ба­қытбек Мұхамеджанов, бастамашыл топ мүшесі Әлия Бекқожиева, «Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері Жаңылхан Асылбекова Хиуаз Доспанова атындағы медальмен марапатталды.

Хиуаз Доспанованың соғысқа аттанар алдындағы бойжеткен кезі бейнеленген ескерткіштің биіктігі – 2 м 30 см. Жұмыстың авторы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, мү­сінші Бақытбек Мұхамеджанов: «Хал­қы «қыран қыз», «қанатты қыз» деп атаған батыр Хиуаздың ұшақтан түсіп келе жатқан шағын қоладан құюға талап­тан­дық», дейді.

Көрер көзге келісті дүние болып шыққан ескерткіш қаһарман қыздың туған жерімен қайта қауышуын бейнелеп тұрғандай. «Ерлік ескерусіз қал­майды» деген осы болса керек.

АТЫРАУ

Соңғы жаңалықтар