Түбі бір түркі жұртының тұтастығы жолына ғұмырын арнап, тағдырын қиған даңқты қолбасшылар, жаужүрек батырлар тұлғасы тарих үшін қашанда қастерлі. Уақыт-ағзам алақанында әлдеқашан жазылып қалған ақиқат кейінгі ұрпаққа ғұмырлық тағылым десек те, сол дала данышпандарын лайықты деңгейде ұлықтай алып жатырмыз ба?! Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында ерекше тоқталып: «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» – деп, өскелең ұрпақтың танымын тағылымды тарихпен суарып, патриоттық рухта тәрбие алуына, жас өскіндер санасына ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы фильмдер мен сахналық қойылымдарды жарыққа шығару жұмыстарына барынша назар аудару керектігін айрықша атап өткен болатын. Ұсыныс баянды бастамаларға арқау болып, ұлттық кинематография бірнеше сапалы көркем туындымен толығып үлгерді. Соның бірі – «Томирис» фильмі.
«Томирис» кино тілінде сөйлейді» деген ақжолтай хабарды естігеннен бастап-ақ премьера күнін көпшілік қауым асыға күтті. Әсіресе басты рөлді сомдайтын актрисаның таңдалуы қызу талқыға түскені де ұмытыла қойған жоқ. Қазақстанды былай қойғанда, атағы күллі түркіні шарлап кеткен туынды халықтың төл тарихын тануға деген ынта-ықыласын әйгілеп берді. Санаулы күннен кейін отандық режиссер Ақан Сатаевтың көркем сараптауында көпшілікпен қауышқалы отырған картинада басты рөлді кино әлеміндегі жаңа есім – Әлмира ТҰРСЫН сомдайды. Аты аңызға айналған әйгілі Сақ патшайымын өз биігінде бейнелеу жолында тер төккен актрисамен фильм тұсаукесері алдында жолығып, аз-кем ой бөлісудің сәті түскен еді.
– Әлмира, алда ұлттық кино өнеріндегі айтулы оқиға – көптен күткен «Томирис» фильмінің тұсаукесері келе жатыр. Қандай сезімдесіз?
– Сенесіз бе, сөзбен айтып жеткізгісіз қызық бір күйде жүрмін. Қорқыныш та, толқу да бар. Оны әлі өзім де толық түйсініп, сезіп үлгерген жоқпын. Өйткені «Томирис» менің үлкен кинодағы дебютім. Алғашқы тәжірибе болғандықтан, алдын ала болжамай, барлық эмоцияны сол тұсаукесер күніне қалдырғым келеді. Фильмнің қалай болатыны маған да қызық. Өйткені сіздер секілді мен де «Томиристің» толық нұсқасын әлі көрмедім. Алла жазса, премьера күні көрермен болып барамын (жымиды).
– Қазақ қыздарының ішінде Томирис, Зарина патшайым болуды армандамайтын ару жоқ шығар. Шыныңызды айтыңызшы, қиялыңызда болсын бұл рөлді армандап па едіңіз?
– Жоқ, нақты Томирис болуды армандаған емеспін. Бірақ мен үшін кино кеңістігі қашанда қызық болатын. Өзімді камераның алдында сынап көрсем деген іштей бір тілегімнің болғанын жасырмаймын.
Кәсіби актриса болмасам да, фотосуреттерімді көріп, студент кезімнен-ақ продюсерлер кастингке жиі шақырып тұратын. Алайда мені қызықтыратын лайықты жоба кездеспеді. Сондықтан киноактриса болсам деген тілегім тек арман күйінде қалып қойды. Өзімнің күнделікті жұмыстарыммен айналысып жүріп, тіпті ол арманымды ұмытып та кетіппін. Содан бір күні күтпеген жерден «Томирис» фильмінің кастинг директоры Жайна Әбдиевадан шақыру келіп түсті. Оның өзінде нақты ешқандай уәде бермеді, тек іріктеуге қатысып көрсеңіз деді. Іштей біраз ойландым. Жолдасыммен, анаммен ақылдастым. Барлығы бірден қолдап, іріктеуден өтетіндігіме сендірді. Сол сенім қанат бітіріп, кастингке қатысуға бел будым. Алла қолдап, сәтін салып, бірнеше кезеңнен сүрінбей өттім. Соңында, міне, өздеріңізге мәлім болғандай, Томирис рөлі бұйырды. Алла жазса, қыркүйектің 27-сінде фильмнің премьерасы өтпек. Біздің жұмыс аяқталды, ендігі бағаны көрермен өзі береді. Көпшіліктің көңілінен шығады деп сенемін.
– Іріктеу қаншалықты тартысты өтті? «Өтпей қалам-ау» деген іштей бір қорқыныш болмады ма?
– Кастинг кезінде үміткердің әрқайсысына жекелей қарым-қатынас жасалды. Сондықтан болар, барлығымыз өзімізді Томирис сезіндік. Ал фильмге нақты кімнің бекітілгендігі жайлы соңғы күнге дейін айтылмады. Ақпарат құпия болған сайын мәреге жету қызықты болды. Әрине алғаш кастингке келген кезде сыртқы келбетімді көріп, мінезімді саралай, әңгімелесе келе аталған рөлге салыстырмалы түрде көп мүмкіндік менде екендігі айтылды. Бірақ ресми түрде нақты шешім шықпағаннан кейін соңына дейін сенімсіз жүрдім. Оның үстіне «Егер бекітіле қалсам, атағы әлемге жайылған патшайымды қалай сараптаймын?» деген мың сан сұрақ тағы мазалады. Жүрексінгенімді де жасырмаймын. Өйткені Томирис рөлі мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Халық мені қалай қабылдайды деп ойлай бердім. Бірақ кейін таңдау жасалып, фотосуретім көпшілік назарына ұсынылған кезде, әлеуметтік желіде жазылған жылы лебіздерді көріп қанаттанғандай болдым. Пікір қалдырғандардың жазбасынан: «Нағыз Томирис осындай-ақ болса керек!», «Фильмді асыға күтеміз!» деген сынды оң пікірлер жаңаша бір шығармашылық тыныс сыйлады. Өзіме деген сенімім қайта оралып, сілкініп алдым десем артық емес. Осындай тамаша сезімде түсірілім жұмысына кірісіп кеттік.
– Расымен де түр-әлпетіңіз ерекше. Тіпті ғаламторда суретіңіз алғаш жарияланып, халық арасына тарала бастаған кезде де «Томирис рөліне таңдалған актриса қазақ емес екен» деген пікірлер көп айтылып жатты...
– Иə, солай болды. Және көпшіліктің ол пікірі негізсіз емес. Өйткені менің бойымда бірнеше ұлттың қаны бар. Яғни, метиспін. Бірақ өзімді толықтай қазақпын деп есептеймін. Өйткені екі әжем де қазақ. Алматы қаласында туып-өстім. Мектепті де сонда бітірдім. Біздің әулет ұлттық қалып пен салт-дәстүрді берік ұстанған нағыз қазақы отбасы болды. Жеті жасыма дейін әжемнің қолында өстім. Ал тек, тәрбие дегеніміз негізінен әйел, анаға да тікелей байланысты ғой. Əкем де, анам да қазақ отбасында өсіп, қазақша тəрбиеленген. Бірақ аталарым басқа ұлттан. Əкемнің əкесі, яғни өз атам татар ұлтынан болса, анамның әкесі еврей қанынан. Егер биологиялық тұрғыдан тарқатар болсақ, онда әрине, бойымда үш ұлттың – қазақ, татар және еврей қаны бар. Бірақ мен өзімді ес біліп, ақыл тоқтатқалы бері қазақпын деп таныдым. Сондықтан «Ұлтың кім?» десе, берер жауабым жалғыз – қазақ.
– Сіздің сараптауда Томириске қай қырынан басымдық берілді: жауынгер Томириске ме, әлде əйел, ана Томириске ме?
– Менің әу бастағы мақсатым – кейіпкерімді жан-жақты көрсету болатын. Әрине шамамның, таным-түйсігімнің жеткенінше Томириске сан қырынан келуге тырыстым да. Төрткүл дүниеге таңдай қаққызған патшайымның аңызға бергісіз таңғажайып ерлігін ғана емес, ана ретіндегі мейірімі мен әйелдік нәзік табиғатын да кейіпкерімнің өн бойына бірдей тоғыстыруға талпындым. Себебі Томирис жаужүрек батырдан бұрын, ең әуелі жүрегі жұмсақ, жаны нәзік әйел, мейірімді ана ғой. Барлық әйел заты секілді ол да риясыз сүйіспеншілікті, мызғымас отбасылық махаббатты армандады. Бірақ ол кездегі жағдай, замана заңы талдырмаш талай Томиристі еркінен тыс атқа қондырып, ел тұтастығы жолында қайратты болуға қайрады. Ерлермен иық тірестіре жүріп, шайқасудан өзге таңдау қалдырмады. Егер бейбіт заман болса, Томирис те көп әйелдің бірі болып, отбасы бақытын бәрінен биік қоятындығына сенемін. Өйткені оның ойы емес, өмірі осындай шешімдерге алып келді. Фильмде соны көрсетуге тырыстым. Жеткізе алдым ба, жоқ па – ол жағына енді көрермен төреші. Семіз айтып, арық шығудан қорқамын. Сондықтан барлығын премьера күні өздеріңіз көріп, бағасын берерсіздер.
– Ал өзіңіздің өн бойыңызда Томириспен қандай ұқсастықтар бар деп ойлайсыз? Жалпы, қазір Томирис сияқты қыздар бар ма?
– Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін Жаратқанға мың да бір шүкір деймін. Еркелеп, нағыз әйелдерше әдемі ғұмыр кешіп жатсақ, ол осы мызғымас тыныштығымыздың арқасы деп білемін. Осы бейбітшілігіміз лайым ұзағынан болғай. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ ел үшін қандай да бір қиын жағдай бола қалса, кез келген қазақ қызы Томиристің ерлігін қайталайды деп сенемін. Десек те әр заманның өз талабы бар ғой. Отбасын асырау жолында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ерлермен тең дәрежеде еңбек етіп, үйдегі бала тәрбиесіне де, түздегі қызметіне де бірдей үлгеріп жүрген қыздардың ерлігі бүгінгі заманға сай томиристік тұлғаны танытуға толықтай өлшем деп ойлаймын. Тіпті кейбір кезде өзім де Томирис сияқты болып кетемін (күлді). Оған фильмнің де әсері болуы мүмкін.
– Қалайша?
– Негізі мен өзімді нәзік қыздардың қатарына жатқызамын. Бірақ «Томирис» фильміне түскелі бері жаңа қырларымның ашыла бастағанын байқадым. Оны жақындарым да айтты. Томиристі ойнағалы мінезімде мықтылық, тәуекелшілдік пайда болды. Өйткені бірнеше ай бойы түсірілім алаңында Томирис болып өмір сүргеннен кейін, бар болмысың кейіпкеріңмен біртұтас әлемге айналып кетеді екен. Томиристен көп нәрсе үйрендім. Сөзбен суреттеп жеткізгісіз ғаламат әсер алдым. Кейіпкерімнің болмысын қабылдағаным соншалық, түсірілім жұмыстары біткен соң біраз уақыт өз-өзіме келе алмай жүрдім. Білесіз бе, әлі фильм жарыққа шығып үлгерген жоқ, ал мен түсірілім алаңын сағынып үлгердім. Кейіпкерім де, ондағы атмосфера да, кинодағы серіктестерім де, шығармашылық түсіру тобы да маған көп нәрсе үйретті.
– Рөлге қалай дайындалдыңыз? Тарихи кітаптар оқып, арнайы мамандармен, кеңесшілермен жұмыс істеуге мүмкіндік болды ма?
– Тарихи фильм болғандықтан, атқа отыру, қару ұстау сынды шайқас қимылдарын үйрену, секіру жаттығуларымен айналысуға басымдық беріп жібердім бе, алғашқы кездерде арнайы архив ақтарып, тарихты терең тануға мүмкіндік болмады. Әлбетте ниет болғанымен, уақыт мұрсат бермеді. Cондай бір қызу дайындық үстінде тайып құлап, аяғымды сындырып алдым. Бір айдан аса уақыт тапжылмастан төсек тартып жатуға тура келді. Сол кезде Геродоттан бастап тарихты жазған талай автордың еңбектерімен танысып шықтым. Әсіресе Болат Жандарбековтің «Сақтар» дилогиясының «Томирис» аталатын бірінші кітабы арқылы көп мәліметке қанықтым. Бұл сынақты Жаратқанның маған ізденіс үшін берген бір мүмкіндігі деп қабылдап, осы уақыт ішінде образымды ойша жүйелеп, мінез ерекшеліктерін екшеп үлгердім. Әрине менің бұлайша аяқасты жарақаттанып қалуым түсірілім тобын біраз сарсаңға да салды. Өйткені жаттығу жұмыстары аяқталып, түсірілім процесінің басталуына санаулы күн қалған болатын. Ал менің төсекке таңылуым сол жоспардың күл-талқанын шығарды. Тіпті түсірілімге жарамайтындай жағдайда басқа актриса табуға уақыт тым тапшы еді. Егер табыла қалса, режиссер шешіміне түсіністікпен қарауға да дайын болдым. Өзімді іштей соған дайындадым. Тіпті ауырып жатып: «Мүмкін бұл менің жолым емес шығар. Киноға адасып келгенімді Жаратқан осылай ауыртып көрсетіп жатқан болар» деген ойлар да бір сәт маза бермеді. Сондай сан түрлі сезім үстінде: «Менің жағдайымда Томирис не істер еді?» деген ой келді. Дәл сол кезде ішімдегі қалғып кеткен Томирис оянды. Дереу өзімді жинап алдым. «Томирис жеңілмес еді!» дедім іштей нық бекіп. Кейіпкерімнен берілген тегеурін сөйтіп мені түсірілім алаңына қайта алып келді.
– Ал түсірілім барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?
– Шығармашылық жұмыс болғаннан кейін түсірілім басталғаннан аяқталғанға дейінгі кез келген әрекетің жауапкершілік. Түрлі қиындықтар кездесіп жатты. Соның ішінде соғыс қимылдарына үйрену қажырлы күш-жігерді талап етті. Біраз уақыт әскери жаттығу лагерінде тұрып, арнайы тәжірибеден өттік. Дәл әскердегідей болды. Өзімді солай сезіндім. Одан кейінгі мені түбегейлі ізденіске итермелеген тағы бір жайт – көне түрік тілінің ерекшеліктерін игеру болды. Қолданысымызда болмағаннан кейін біраз қиындықтар кездесті. Арнайы тіл мамандарымен, тарихшылармен жұмыс істеуге тура келді. Бастапқыда қиналғаныммен, кейін сөйлеп жаттыққаннан соң тіл әуезінен керемет ләззат алдым. Бейне бір сақ дәуірінде жүргендей өзіме деген сенім пайда болды. Себебі көне түрік тілінде сөйлеп жүріп сол дәуірдің сол көңіл күйін қатар ұстайсың. Тіл үйренудегі жаңа тәжірибе өзіме қатты ұнады.
– Сонда фильм тек көне түрік тілінде түсірілді ме?
– Иә, көне түрік және көне парсы тілдерінде түсірілді. Бұл да жұмысқа тамаша атмосфера береді екен. Бұған дейінгі қазақ фильмдеріне ұқсамайды. Түсірілім біткеннен кейін таспада жазылған үзінділерді көріп шықтым. Керемет әсер етті. Кейіпкерлерді көне түрік және парсы тілдерінде сөйлету картинаның айтулы ерекшеліктерінің бірі деп ойлаймын. Оқиға ерте ғасырларда өтіп жатыр екен деп сеніп қаласың. Бұл – режиссер тарапынан табылған оң шешімдердің бірі екені сөзсіз.
– Тарихи фильмнің сәтті шығуының тағы бір сыры – суретшілердің шеберлігі һәм сезімталдығы екені талассыз. Осы орайда Сақ патшайымы киімдерінің ерекшелігі жайлы білгіміз келеді. Костюмдерді кім тікті?
– Фильмдегі барлық костюм Əсел Шалабаева бастаған талантты кәсіби суретшілердің қолынан шықты. Тарихты жіті зерттеп, сол дәуірдің стилін барынша ұстануға тырысты. Костюмдердің барлығы таза табиғи материалдан тігілді. Өрнектері де әр деталіне дейін ойластырылып, қолдан жасалып шықты. Сондықтан болар ол костюмдер көрер көзге ғана әсем емес, денеге киген кезде де қонымды, жүріс-тұрысқа ыңғайлы болды. Бейне бір тарихтан, сол дәуірден келген киімдер сияқты әсер етті. Бұл да фильмде өте үлкен рөл ойнады. Өзімді нағыз Сақ патшайымындай сезіндім.
– Әлмира, сізді жолы болғыш адам деуге болатын шығар. Кәсіби актерлердің өзі кинодағы рөлін шағын эпизодтардан бастап жатады. Ал сіз бірден тарихи фильмдегі басты рөлге таңдалдыңыз. Оның үстіне бүгінде кино кеңістігінде есімі жиі аталып, көрермен ықыласына бөленіп жүрген трендтегі режиссерлердің бірі Ақан Сатаевпен тандемде жұмыс істеу мүмкіндігі бұйырды...
– Оныңыз рас. Аллаға мың мәрте шүкір деймін. Ақан аға ең әуелі тамаша адам, содан кейін жақсы маман. Адамгершілігі зор, мақсаты биік. Мұны режиссермен сөйлескен кез келген адам сезеді. Өзінен де, сөзінен де жылы леп есіп тұрады. Кино алаңында жүріп көп нәрсе үйрендім. Білмеген, олқы түсіп жатқан тұстарда түсіністік танытып, қолдау білдірді. Кәсіби ақылын айтты. Ақан аға ешқашан «мына көріністі дұрыс шығармадың» деп ұрыспайды, керісінше «барлығы жақсы, тек енді былай көрсек қалай болады» деп жұмсақ айтып отырып түсіндіреді, кейіпкеріңнің мақсатын ұғындырады. Бастапқыда тек режиссердің айтқанын ғана орындап жүрсем, кейін уақыт өте келе, түсірілім аяқталар шақта тіпті өз ұсыныстарымды айтып, шығармашылық импровизацияларға баруға жарап қалдым. Бұл да Ақан ағаның жанында жүрген әріптестеріне, актерлерге сенім сыйлай алатындығының арқасы. «Актерлерге ауыр сөз айтсаң ойы бөлінеді. Себебі әртіс – бәрін сезіммен, жүрекпен жасайтын адам. Сол көңілді аялау керек» деп үнемі айтып отырады. Мінезі жұмсақ бола тұра ішкі тегеуріні мықты, тәртіпке қатал. Түсірілімдегі әр детальға мән беріп, жұмысына үлкен жауапкершілік, ыждағатпен келеді. Режиссердің осындай биік адамгершілік мінездерін көріп, өзің де іштей жиналасың, ширығасың, ширайсың. Мен үшін Ақан ағаның қасында жұмыс істеу үлкен мектеп болды.
– «Томирис» фильміне түсу актерлік тəжірибеден бөлек тағы не берді деп ойлайсыз?
– Киноны көру басқа да, оның ішінде жүріп, ішкі процестеріне араласу бөлек әлем. Жеке өз басыма «Томирис» кино аталатын ғаламат кеңістіктің есігін ашып берді. Кәсіби білікті мамандармен, тамаша актерлермен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Қазақы әдеби сөз саптаудан бастап, адамгершілік, кәсіби біліктілік тұрғысынан әрқайсысынан үйренгенім көп. Алғаш түсірілім жұмыстарына кірісер кезде қатты жүрексіндім. Өйткені арнайы актерлік білімім болмағаннан кейін, олқы түсіп жатқан тұстарда кәсіби мамандар түсіністік таныта қояр ма екен деп толқыдым. Бірақ алаңдауым бекер екен. Келгеннен барлығы құшақ жая қарсы алып, білгендерін үйретті. Бақытыма орай маған кіл мықты серіктестер жолықты. Тамаша достар таптым. Соларға қарап бой түзедім, білмегенімді үйрендім. Барлық түсірілім тобына алғысым шексіз.
– Білуімізше, негізгі мамандығыңыз экономист екен. Шығармашылық салаға қай кезден бастап қызыға бастадыңыз?
– Иә, әуелгі мамандығым – бизнес пен коучинг. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетінде оқыдым. Кейін Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасын «Менеджмент пен коучинг» саласы бойынша тәмамдадым. Үшінші мамандығым – психолог. Қай саланың да өз ерекшелігі, қызығы бар және барлығы бір-бірімен өте тығыз байланысты. Мәселен, психология бағытында алған білімім Томирис рөлін шығаруға көп көмектесті. Сондықтан да мен жалпы адам, маман ретінде бір орында қалып қоюды құп көрмеймін. Мен үшін өзімді жетілдіріп, дамытып, беймәлім, бейтаныс салада сынап көру – жаңа эмоцияларға, өзіңнің жаңа мүмкіндіктеріңді ашуыңа таптырмас тәжірибе. Бағытымды түбегейлі өзгертіп, кино саласына келуімнің басты себебі осы адами, рухани ішкі сұраныстарымның арқасында деп ойлаймын. Сондықтан келешекте мүлдем басқа қырымнан танып жатсаңыздар, таңғалмаңыздар (күлді). Өйткені менің өмір сүру қалыбым осындай.
– Сөзіңізден түсінгеніміз – өте тәуекелшіл, жаңалыққұмар жан екенсіз. Басқа қандай ерекше қырларыңыз бар? Томирис – Әлмира тағы неге қызығады?
– Ең әуелі маған өмір сүрудің өзі өте қызық. Сондықтан өзімді, әр күнімді үнемі жаңа эмоциялармен байытып отыруға тырысамын. Би билеймін. Өлең жазып, спортпен шұғылданған қатты ұнайды. Психологиялық кітаптарды көп оқимын. Мұражай, сурет көрмелеріне жиі барып, өзімді рухани тұрғыдан дамытып, ішкі үндестікке ұмтылу да жаныма рахат сыйлайды. Жалпы, маған қандай да бір нәрсе қызық болса, оны соңына дейін зерттеп, танып-білмейінше тыным таппаймын. Ал керісінше жағдайда тіпті көңіл бөліп те қарамаймын. Сондай бір қыңырлау мінезім бар (күлді). Ал жалпы адамды дамытатын, ішкі әлемін байытатын шығармашылық жұмыстардың барлығымен айналысқан ұнайды.
– Өлеңді қай тілде және қандай тақырыпта жазасыз?
– Әзірге орыс тілінде жазып жүрмін. Алдағы мақсаттарымның бірі – қазақ тілін әдеби деңгейде еркін игеріп, өлеңді қазақша жазу. Әрине оған біраз уақыт керек. Бірақ өзім қатты қызығамын. Демек, бағындыруға болатын белес деп ойлаймын. Ал өлеңдерімнің тақырыбы негізінен Хақ жолын табу, арманға сену, өмірді сүю, жалпы әйел бақыты туралы. Ақиқатына келгенде өлең деген белгілі бір тақырып пен қағидаға таңылмайды ғой. Адам нені сезінеді, қандай көңіл күйде – сол ақ қағаз бетіне түседі. Әзірге мені толғандырып жүрген тақырып осылар.
– Ал өзіңіз арманға сенесіз бе?
– Әрине! Сірә да адам баласының армансыз күні болмас. Бала күнімнен ертегі оқып, ғажайыптарға сеніп өскенмін. Әлі де сол қалпымдамын. Тек қазір армандарымды қиял күйінде қалдырмай, мақсатқа айналдыруға тырысамын. Ең әуелі адам Аллаға, содан соң өзіне, ішкі түйсігіне сенер болса, орындалмайтын арман болмайды. Құдай өзі берекесін береді.
– Болашақтағы армандарыңыз немен байланысты: кино саласымен бе, әлде бастапқы мамандығыңыз қызығырақ па?
– Оны енді уақыт көрсетеді. Жалпы мен жүрегімнің қалауымен жұмыс істейтін адаммын. Сондықтан әзірге маған кино қызық. Алда жақсы жобаларға ұсыныс түсіп жатса, неге сынап көрмеске?! Бірақ өз мамандығым да ұнайды. Кім біледі, алда қос саланы біріктіріп, жаңа бір өнер ойлап табармын (күлді). Өйткені барлығы бір-бірімен өте тығыз байланысты. Дұрысы, мұны уақыттың еншісіне қалдырайық.
– Жақсы жобалар деп қалдыңыз, басқа режиссерлер тарапынан келіп түсіп жатқан қандай да бір ұсыныстар бар ма?
– Әрине ондай ұсыныстар көп. Кастингке де жиі шақырып тұрады. Бірақ «Томиристің» жарыққа сәтімен шығып, көрерменнің қабылдауын көрмейінше, басқа жобаларға әзірге шектеу қойдым. Өйткені алғашқы жұмысымның жемісін, халық тарапынан бағасын көріп-біліп, қажетінше нәтиже шығарғым келеді. Көңілім қалайтын, жаныммен үндесетін жақсы жоба кездеспейінше, асығыс шешімдерге барғым келмейді. Әзірге ондай сценарий кездеспеді. Болашақта жақсы режиссерлер тарапынан сәтті жобалар болып жатса, өзімді неге тағы да сынап көрмеске?!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»