• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Қыркүйек, 2019

Мұнай-химия саласы жолға қойыла ма?

1213 рет
көрсетілді

Қазақстан көмірсутегі қорының молдығы бойынша әлемдегі 20 елдің санатына кіреді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде барлығы 1,5 млрд тонна мұнай мен газ конденсаты өндіріліп, өндіру мен экспорттау көрсеткіші бойынша дүние жүзіндегі көшбасшылардың қатарына қосылдық.

Дегенмен, шикізат дәуірінің өтіп бара жатқанын ескерсек, сондай-ақ адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян келтірмейтін қуат көздері табылып жатқанын назарға алсақ, құр қара майға қарап отыруға болмайды. Оның орнына ел экономикасын алға сүйрейтін басым бағыттардың бірі ретінде мұнай-химия саласын атауға болады. Біріншіден, елімізде саланы дамытуға шикізат жеткілікті, өндіру де жолға қойылған. Екіншіден, көмірсутегін өңдеу де біршама дамыған, дайын өнім шығаратын бірнеше зауыт бар. Үшіншіден, мұнай-химия нарығы дүние жүзі бойынша ең қарқынды түрде өсіп келе жатқан сала. Қазақстан одан сырт қалмау үшін барын салуы керек.

Қазіргі таңда отандық мұнай-газ өнді­рісінде «Shell», «Chevron», «Agip» сынды әлемге әйгілі компаниялар жұмыс істеп жат­қаны белгілі. Осы компаниялардың шикізат күйінде өндіріп, кейін шетелдерде терең өңделіп, елімізге қайта келген тауарларын қолданбайтын қазақ кемде-кем. Елдің бәрі көлігіне тежегіш майы, мотор майы сияқты бірнеше көлік майларын құяды. Оның сыртында дәрі-дәрмек, түрлі тыңайтқыш, каучук, бояу дейсіз бе, ондаған тауар түрін де шетелдерден алдыратынымыз тағы рас. Қысқасы, өзіміздің шикізатты қара бақырға өткізіп, әлденеше есе қымбатқа қайта сатып алуды әдетке айналдырдық. Яғни, импорт өнімдері үшін төленген қыруар қаражат шетелдердің экономикасына жұмсалып жатыр.

Мұнай-химия саласын жолға қоя алсақ, қыруар тауардың бәрін өзімізде өндіреміз. Шикізат өзімізден шықса, оны өзіміз терең өңдесек, елде тұтынып қана қоймай экспортқа шығарсақ, мұртымызды балта шаппайтыны түсінікті. Импорттан үнемделетін қаржы мен экспорттан түсетін табыс көл-көсір пайданың көзі. Импортқа тәуелділігі азайған сайын экономиканың еңсесі тіктеліп, қаржы секторы да дамиды. Жұмыс орындары көбейетінін де ескеру керек. Мұнай-химия саласы ғылыммен қатар дамитынын да ұмытпаған жөн.

Мұнай-газ компаниялары одағының алқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, мұнай-химия кешенін дамытуға қызығушылық танытып отырған шетелдік инвесторлар бар. Отандық кәсіпкерлердің де деңгейі соңғы жылдары біршама өсіп, шетелдік әріптестерімен бой теңестіруге жақындады. Шикізатты тереңдетіп өңдейтін кәсіпорындар салуға қажетті қаражат өз елі­мізден табылады. Соған қарамастан мұнай-химия кешенінің мандымай жатқанының бас­ты себебі – білікті мамандар аз.

– Бұған дейін экономистер мен заңгерлер көптеп дайындалып, мұнайшы, химик, техник мамандар әзірлеуге кейінгі жылдары ғана көңіл бөліне бастады. Қазақстанда мықты химиктер тапшы. Өнімдеріміз халықаралық талаптарға сай болуы үшін стандарттау мен сертификаттауды жетік меңгерген мамандар керек. Олар да біздің елде аз. Бұл саладағы басты проблема – маман тапшы, – дейді Р.Жақсылықов. Екіншіден, шикізаттың қоршаған ортаға әсерін зерттеумен, өнімнің сапасын арттыру және бастапқы бағасын түсірумен шұғылданатын арнайы зертханалар аз.

Қысқасы, Қазақстан мұнай экспортымен мақтанса да, мұнай-химия саласымен мақтанатын деңгейде емес. Мұнай-химия секторының ІЖӨ-дегі үлесі 1 пайызға да жет­пейтіні осының бір белгісі. Шет мемлекет­тердің тәжірибесіне жүгінсек, бүгінгі таңда Қытайда мұнай-химия саласының ІЖӨ-дегі үлесі 9 пайыздан асады екен. Жапонияда бұл көрсеткіш 8,5 пайызға тең. Германияда – 7,2 пайыз, АҚШ-та – 6,4 пайыз. Мұнай-химия секторы экономиканың басқа салаларына, әсіресе құрылыс, денсаулық сақтауға тікелей әсер ететінін ескерсек, дамыған елдерде мұнай-химия өнеркәсібі экономиканың төрттен бір бөлігін құрайды екен. Көршілес Өзбекстанда 2 жыл бұрын Орталық Азиядағы ең ірі газ-химия кешені іске қосылды. Иран соңғы 15 жылда мұнай-химия өндірісінің қуатын 8 есеге дейін арттырыпты.

Еліміздің Энергетика министрлігінің қызметі 3 стратегиялық бағытқа негізделген. Соның бірі – мұнай-газ және химия салаларын дамыту. Атыраудағы еркін экономикалық аймақта мұнай-химия паркі салынып жатыр, ол іске қосылғаннан кейін аталған сектордың ІЖӨ-дегі үлесі 3 пайызға дейін артады деген оптимистік жоспар бар. Алдағы уақытта Үкімет кәсіпкерлермен тізе қосып, мұнай-химия секторын дамытса, Қазақстан экономикасына шикізат экспортына тәуелділіктен құтылуға жол ашылатыны анық.