• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Қыркүйек, 2019

Игіліктің бастауы

218 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы ұлттық санамызды серпілтіп, елдікке бас­тайтын тарихи құжат болды. Қазақ­станның даму стратегиясын тереңнен пайымдап, сарабдалдықпен жүзеге асырып келе жатқан Президенттің ел бірлігі, ұлағатты ғұлама тұлға­ларымыздың еңбектерін халық арасында кеңінен дәріптеу мәселесі, мемлекеттік тілге қатысты ұстанымы оның кемел ойлы кемеңгерлігін тағы бір қырынан танытты.

Еліміздің бірлігі мен қоғамдық тұрақтылығына үлес қосу бар­ша­мыздың асыл міндетіміз бо­­лып саналады. Қазақстанның әлеу­меттік-саяси өмірінде ұлттың бір­лігі, қоғамның тұрақтылығы мен тұтастығы маңызды орын алады. Қоғамдық келісім мен саяси тұ­рақ­­тылық – біздің ең басты бай­лы­­ғы­мыз. Бұл жетістікті баға­лау, оны сақтау жолында аянбай ең­бек ету борышымыз деп біле­мін. Пре­зидент Жолдауда елдің бір­лігіне, татулығына арнайы тоқтал­ды. «Қазақ халқының мемлекет құ­ру­шы ұлт ретінде рөлін бекемдеп, эт­нос­аралық татулық пен дінаралық түсі­ніс­тікті қалыптастыра білуіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында», деп атап өтті.

Жолдаудың қазыналы тұсы – елдің рухани болмысын мерейлі ете­тін әлемнің екінші ұстазы атан­ған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Ұлылық көші­нің алтын тұғы­рындағы Абай Құ­нан­­бай­ұлының 175 жылдығы дәріп­теле­тіндігі.

2020 жылы ұлы Абайдың туға­нына 175 жыл толады. Осыған орай биыл 30 мамырда Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде тойлау туралы Жарлық шығарған болатын. Президент бас­тамасынан кейін ұлы ақынның мерейтойын ауқымды түрде атап өтуге жан-жақты дайындық жұмыстары да басталып кетті. Президент Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз деп баса айтты.

Президент Жолдауда «Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мә­дениетін дамытуға жағдай жасай бере­міз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтара­лық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміздің даң­ғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүр­гізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлк­ен саясаттың құралы екенін де ұмыт­паған жөн», деп атап көрсетті.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәрте­бесінің биік болуы оның қоғамның барлық саласында жан-жақты және қарқынды қызмет етуімен тікелей байланысты. Қазақ тілін дамытудың жаңа деңгейі – ендігі кезекте оны ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру функциясын нығайту екенін Президент Жолдауда айқын белгілеп берді.

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағын­да шамамен 125-тен астам этнос өкіл­дері тұрады. Елімізде барлық эт­нос­тар тілінің, олардың ұлттық құн­­ды­лықтарының дамуына қажетті жағ­дай жасалып отыр. Бұл – ұлттық құн­д­ыл­ықтардың барлығы «қазақ» деген ұлттың мемлекетқұраушы рөл­ін бекемдеу үшін, біртұтас қазақ­стан­дық жүйесін қалыптастыру үшін жасалынып отырған жағдай екені белгілі. Қазақ тілін дамытудың жаңа бағыттары ендігі ретте оған жа­ңа дәрежелі қоғамдық функция жүк­телуімен байланысты анық­талады. Бұл ретте қазақ тілін жа­ңа бағыттарда зерттеу, қазақ тілін оқытуды, үйретуді алдыңғы қатар­лы елдердің тәжірибелеріне сәйкес­тен­діре ұйымдастыру сияқты келелі жұ­мыс­тар атқару көзделеді.

Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі мәртебесін дәлелдейтін тарихи фак­тілерді жинақтап, насихаттау керек. Бұл ата тіліміз – түркі тілінің ХІ ғасырда, Махмұд Қашқаридің «Диуа­ни-лұғат-ат-түрік» кітабында көр­се­тілгендей, әлемдік тіл болғанын дәлел­деумен басталады.

Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәрте­бесін толық орындауы үшін тіл саясатында қандай бағыттар анықталуы керек деген мәселені де уақыт оздырмай шешу керек деп санаймыз. Бұл мәселе «Мемлекеттік тіл туралы заң» қабылдануы теориялық және практикалық түрде қажет екенін дәлелдейді. Егер қазір арнайы заң қабылданатын болса, қазақтың жаңа жазуға көшуі де, мемлекеттік тіл мәр­тебесін тағы бір биік деңгейге өсіре­тін құбылыс ретінде бағаланады. Латын графикасына негізделген жаңа қазақ жазуының қабылдануын қоғам­ның дамуынан жеке-дара алмай, елдің тұтас инновациялық дамуының табиғи компоненті ретінде қарастыру және сол арқылы қоғамымыздың заман желінің оң арнасымен биікке өту мүмкіндіктері де көкжиектен айқын танылып отыр. Ол көкжиектер – латын графикасын қолдану төл тарихымызда болғаны және көрші түркі тілдес елдердің латын графикасын қабылдау тәжірибелері.

Біз ұлттық сананы жаңарту үде­рісін бастадық. Сол жаңғырту, жаңар­тудың басында қазақ тілінің мем­лекеттік тіл ретіндегі рөлін кү­шей­тіп, ана тіліміздің мәртебесін есе­лей түсетін нақты қадам қажет. Ең бас­тысы – ана тіліміздің тағдырына алаң­дайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын уақыт жетті. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Қазақ тілінің ұлттық тіл ретіндегі әлемдік тілдер қауымдастығындағы орнын, ерекшелігін, артықшылығын түсінікті тілмен, қоғамның әртүрлі топ мүшелері үшін қолжетімді құ­рал­дармен айқындап беру қажет. Әлеу­меттік имиджін көтеріп, оны беделді саяси, мәдени тұлғалар арқылы насихаттауды бастауымыз керек. Қазақ тілі ең биік саяси мінберлер­ден, х­а­лық­­аралық ареналардан естілуі қажет.

Осы ретте, біріншіден, мем­ле­кет­тік тілдің нормативтік базасын кү­шейтетін инструменталды әдіс­­намаға сүйенетін құжат керек, онда мемлекеттік тілдің міндетті қол­да­нылатын ортасы, жағдаяты нақ­ты көрсетіліп, ал қолданылмаған жағ­дайда арнайы шаралар қабылдау рәсімдері нақты көрсетілу қажет деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді білу парыз дегеннен өсіп кеттік, мемлекеттік тілді білу – міндет! Сондықтан мін­деттейтін шараларды жетілдіруіміз керек. Президент заңдарымыз тым либералды деп айтты. Тілге қатысты заңдарымыз да тым жұмсақ. Соның салдарынан мемлекеттік тілге деген енжар көз­қарас, салғырт қатынас тыйылмай келеді. Жауапкершілік бар жерде іс жүреді.

Сондықтан Мемлекет басшы­сының қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтуге бағыт­тал­ған тапсырмасын орындауға ел болып жұмыла кірісуіміз керек.

Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас құралына айналуы ел үшін, тіл үшін, әрбір қазақ пен әр қазақстандық үшін игілік болып табылады. Осынау игілікті қолданудың кілтін Прези­дент­тің Жолдауындағы «Қазақ тілі­нің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тілі­не айналатын кезеңі келеді деп есептей­мін» деген сөзі айқын көрсетеді.

Ғалымжан МЕЛДЕШОВ,Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы