Қостанайда Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толлуына арналған «Бейімбет биігі» деп аталатын респуликалық айтыс мәресіне жетті.
Екі күнге созылған айтыстың финалына төрт жұп ақын шыққан болатын. Қазылар алқасының шешімімен әрқайсысы 400 мың теңгеден Омар Шипин және Нұрхан Наушабаев атындағы арнайы сыйлықты Айнабек Бейсенғалиев пен Тоба Өтепбаев алды. Үшінші орын 500 мың теңгеден Салтанат Өтелбава мен Шұғайып Сезімханға бұйырды. Әрқайсысы 600 мыңнан екінші орынды Әсем Ережеқызы мен Серік Құсанбаевқа берді. Бір миллион теңге тұратын бірінші орынды қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алды. Ал бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды айтыста шашасына шаң жұқпаған арқалықтық Айбек Қалиев алды.
Екі күнгі аламанда ақындар Бейімбеттің өмірі мен шығармашылығын, әділетсіз саясаттың құрбанына айналған тағдырын ғана емес, бүгінгі күннің өткір мәселелерін де жыр арқауы етті.
«Бас жүлдеге Айбек Қалиевті бірауыздан ұсындық. Оның ақындық жүйріктігіне көрерменнің өзі куә. Облыста осының алдындағы өткен республикалық айтыстарда бас жүлдені Айбектің еңбегін көре тұра сырттан, өзге облыстардан келген ақындарға берген едік. Өйткені Кейкіге арналған, Шақшақ Жәнібекке арналған айтыстарда осы тұлғалардың аты аталсын, насихатталсын» деген ой болды. Айбек адамгершілікпен, ішкі керемет мәдениетімен соның барлығын да түсінді» деді халық ақыны, қазылар алқасының төрайымы Әсия Беркенова.
Қостанай