Қазақтың жанын ұлттық рухпен суарған тағы бір тамаша туынды көпшілікке жол тартты. Көрерменін екі жарым жылдан бері тағатсыздандыра тостырған «Томиристің» үлкен экрандағы тұсауы кесілді. Елорданың «Қазақстан» орталық концерт залында өткен фильм премьерасына төл тарихын тануға ұмтылған халық ине шаншар орын қалдырмай, лық толды.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Sataifilm» компаниясы бірлесе түсірген тарихи картинаның идея авторы және бас продюсері Әлия Назарбаева, қоюшы режиссері – Ақан Сатаев. Кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде балдырған қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айырылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған теңдессіз патшайымы – Томиристің тағдыры баяндалады.
Фильм режиссері атап өткендей, «Томиристің» сценарийін жазуда ежелгі грек тарихшысы Геродоттың еңбектері басты назарға алыныпты. Туындыны түсірмес бұрын шығармашылық топ көптеген тарихи материалдармен танысып, жобаға ғалым-кеңесшілер арнайы тартылған. Картинаның түсіріліміне еліміздің алдыңғы қатардағы киногерлерінен бөлек, шетелдік мамандар, оның ішінде скрипт-доктор және компьютерлік графика шеберлері жұмылдырылды. Сөйтіп 2017 жылдың желтоқсанында басталған түсірілім жұмысы араға екі жарым жыл уақыт салып өз жемісін берді.
– Осыдан 3 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батасын алып, «Томирис» фильміне кіріскен болатынбыз. Ауқымды жоба. Шығармашылық тобымыз үшін айтулы тәжірибе болғаны сөзсіз. Фильмдегі әрбір детальға, оқиғаға барынша ыждағатпен, жауапкершілікпен, дәлдікпен келуге тырыстық. Туынды сценарийін Тимур Жақысылықов пен Әлия Назарбаева тарихшы мамандармен кеңесе отырып, бірлесе жазып шықты, – дейді фильм режиссері Ақан Сатаев.
Режиссер Ақан Сатаев пен продюсер Әлия Назарбаева арасындағы шығармашылық тандем 2016 жылы жарыққа шыққан «Анаға апарар жол» картинасынан басталған болатын. Көпшілік ықыласына бөленген туынды былтыр Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Енді міне «Анаға апарар жолдан» «Томириске» жалғасқан одақ тағы бір ауқымды жұмысын киносүйер қауым назарына ұсынды. Тарихи туындының жалпы бюджет қоры 10 миллион долларды, яғни ұлттық валютаға шаққанда 2 миллиард 259 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы фильм премьерасына орай өткізілген брифингте Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Арман Әсенов мәлім етті.
– «Томиристі» түсіруге 3 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Сапалы фильм жасап шығару үшін бұл көп емес. Өрелі өнер қашанда қомақты қаржыға тәуелді. Әсіресе кино өнері. Сондықтан «Томиристі» түсіруге жұмсалған ақша өзін ақтайды деп сенеміз. Жалпы, кино өнері тез пайда әкелетін кәсіп түрінен емес, өнердің қайтарымы баяу, бірақ идеологиялық тұрғыдан келешек ұрпаққа берері ұшан-теңіз. Осы себепті де киноны, жалпы ұлттық құндылықтарымызды қандай да бір ақшамен өлшеудің қажеті жоқ. Өнердің қайтарымы шексіз. «Томирис» фильмінің де өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол, көркемдік сапасы жоғары, нағыз өнер деңгейіндегі туынды болатындығына сенеміз. Алда фильмнің прокатын тек Қазақстанмен шектемей, таралым географиясын кеңейтіп, әлемдік аренаға шығару ойда бар. Оған «Томиристің» тақырып ауқымы да, тарихи тағылымы да, көркемдік сапасы да толықтай жауап береді, – деді Арман Әсенов.
Киностудия президентінің пікірі негізсіз емес. Ақан Сатаев бастаған шығармашылық түсірілім тобы ауқымды жұмыс атқарыпты. Әсіресе, әйгілі Сақ патшайымы Томирис тағдыры айналасынан өрбитін тартысты оқиғалар фильмнің өн бойына динамика үстейді. Жалпы, көркем картина тұрмақ, Томирис туралы кітапты оқудың өзі қызық. Патшайым маңдайына бұйырған тартыс пен ерлікке толы ерекше тағдыр оқырманын бір сәт те бей-жай қалдырмаса керек-ті. Әсіресе, сақтар өмірін шынайы суреттеп бүгінге жеткізген тарихтың атасы атанған ертедегі Геродот жазбасынан бастап, ұлттық ұғым тұрғысында сәтті жүйеленген бертінгі Болат Жандарбековтің «Сақтар» дилогиясының өзі Томириске қатысты талай дерекке қанықтырады. Егер соның бәрін сәтті сөйлетер болса, Сақ патшайымы туралы фильм бір бөліммен шектелмей, көп сериялы ауқымды жобалардың жүгін көтеруге де жарап тұр. Қай дерекке жан бітірем десең де, әрқайсысы жеке-жеке серияға сұранып-ақ тұр. Демек, тарихи мәліметтердің осыншалықты ауқымдылығын ескерсек, онда Томиристің тұтас тағдырын бір фильмге сығымдап сыйдыру түсірілім тобынан үлкен ыждағат пен төзімді талап еткені анық. Томириске қатысты барлық деректі барынша қамтуға ұмтылған сценарийст жұмысының шашыраңқылыққа ұрынуының да бір себебі бәлкім осында жатса керек. Осы орайда екі жарым сағатқа сыймай қалған оқиғалар, уақыт шектеулілігіне байланысты кеткен кейбір асығыс шешімдер белгілі бір деңгейде сценарий жүйелілігіне нұқсан келтіргенін атап өтуге тиіспіз. Ол әсіресе Сақ патшайымы Томирис пен өз дәуірінде патшалардың патшасы атанған парсының әйгілі қолбасшысы, қаһарлы Кирдің арасындағы қанды шайқас көрінісінде анық сезілді. Көрермен еркше күтіп барған осы бір тартысты сәттің бір қайнауы ішінде кеткендей, фильм финалына қанағаттанбай қалдық. Яғни басынан жүйелі құрылып, сәтті сөйлеп келген картина соңына қарай асығыстыққа бой алдырған. Томиристің өмірге келгенінен бастап жаужүрек ерлік иесі деңгейіне жеткенге дейінгі өмірі жан-жақты тәптіштеле суреттелгенімен, патшайым өмірінің екінші кезеңі сүйген жары мен бауыр еті баласынан айырылып, атақты Кирден кек алатын шешуші сахна әлсіз өріледі. Соның салдарынан фильм финалы солғындыққа ұрынған. Жоғарыда атап өткендей, мұның себебін әлбетте деректің көптігі мен уақыттың аздығынан деп түйдік.
Әйтсе де, көрермен ретіндегі біздің көңілімізде кеткен осындай азды-көпті ойлар жалпы фильмнің көркемдік сапасын көмескілендірді деп кесіп айтуға негіз болмаса керек-ті. Туындының өн бойында шығармашылық сәтті шешімдер көп. Түсірілім сапасы да өте жоғары деңгейде жүзеге асқан. Оны кино басталған сәттен бастап-ақ көрермен анық сезеді. Әсіресе, фильмде пайдаланылған техниканың соңғы мүмкіндіктері, шебер жасалған графикалық жеткізу тәсілдері кино тілін тіпті байыта түскен. «Nomad» жаттықтыру лагерінде жүргізілген атқа жайдақ міну, қару-жарақты асынып, садақ тарту, соғыс өнерінен сауаттарын ашу және тағы да басқа әскери машықтарды үйренуге бағытталған актерлер талпынысы мен ізденісі де экранда әсерлі көрсетілген.
Тарихи туындыда басты рөлді кино әлеміндегі жаңа есім Әлмира Тұрсын ойнады. Актриса ретіндегі алғашқы жұмысын көрермен назарына ұсынған Әлмира ізденісі көрермен көңілінен шықты. Сондай-ақ экраннан 15 жастағы Томиристің рөлінде Салтанат Серкебаева көрінсе, ал патшайымның 10 жасар балдырған шағын Лия Фомина кейіптеді. Одан бөлек, еліміздің бірқатар танымал актерлері де айтулы жобада сапалы ізденіс нәтижесін көрсетті. Атап айтсақ, фильмдегі Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпеков және тағы да басқа талантты актерлер жұмысы көңілге құрмет орнықтырды. Ал Кир патшаның рөліне Ридли Скоттың «Аспан патшалығы» фильмінде Саладин патшаның рөлі арқылы танылған голливуд актері Гасан Масуд шақырылған.
Картинаның түсіру жұмыстары 2017 жылы желтоқсан айында Алматы облысы Заречный ауылының маңында басталып, «Казақфильм» киностудиясында, сонымен қатар еліміздің өзге де табиғаты әсем Жаркент, Шонжы, Бурабай, Баянауыл елді мекендерінде жүргізілді. Фильмнің соңғы сахнасы «Қазақфильм» киностудиясының территориясында соғылған «Вавилон» декорациясында түсірілді.
Режиссердің айтуынша, сол дәуірдің бітім-болмысын дәлме-дәл көрсету үшін тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. Фильмдегі декорацияларды, костюмдерді, қару-жарақтарды, күйме арбаларды, ат әбзелдерін, тұрмыс заттары мен әшекей бұйымдарын «Томирис» картинасы үшін фильмнің қоюшы суретшісі Қуат Тілеубаев бастаған суретшілер тобы арнайы жасаса, костюмдер Əсел Шалабаева жетекшілік еткен талантты кәсіби суретшілердің қолынан шықты. Тарихты жіті зерттеп, сол дәуірдің стилін барынша ұстануға тырыса отырып тігілген киімдердің барлығы таза табиғи өнімнен дайындалған. Тіпті, фильмнің көне түрік пен көне парсы тілдерінде түсірілуінің өзі туындыға ерекше атмосфера сыйлайды. Алайда осы тұстағы жалғыз-ақ әттеген-ай 100 пайыз қазақ тілді көрермен жиналған премьера күнгі көрсетілімнің ана тілі емес, орыс тілінде өтуі болды. Шығармашылық топтың тосын шешімін түсінбей тосырқай тарқаған тек біз емес, төл тарихын тануға асыға жеткен лық толы залдың көкейінде де осы сауалдың тұрғанына бәс тіге аламыз. Бірақ оны ескерген де, ескерткен де ешкім жоқ. Ұлттық кинематография қоржынына қосылған қазақ киносының жаңа белесін айқындайтын қомақты жұмысқа толыққанды қуанып, шаттана шапалақ соға алмауымыздың себебі де бәлкім осында жатса керек. Өткенінен өнеге алып, тарихына тағзым етуге келген көрермен тілегімен санасар нағыз ұлтжанды ұйымдастыру тобы бар болса, қанеки?!