Шетелдік тәлімгерді шақыру шығындарын мемлекет төлейді, кәсіпкер тек тұратын орны мен тамағын тауып берсе болды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұқпаеваның айтуынша, жыл соңына дейін мұнайлы өңірге шетелден бес «Аға сеньор» келеді.
– «М-Системс Групп», «Бірінші мамыр» ЖШС, «Раушан», «Жұмағалиев» ЖК тарапынан шетелдік тәлімгерге сұраныс түсті. Ал «Caspiy Lana Atyrau» мекемесіне Түркиядан Касым Гюнгор келіп, жұмыс істеуде, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жанаргүл Жоламанова.
Тоқыма фабрикасының өнімдері өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауында «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымын жеңіп алды. «Атырауда жасалған» жылы көрпелер мен жамылғылар әзірге еліміздің батыс, оңтүстік өңірлеріне жеткізіліп отыр. Ендігі мақсат – өткізу нарығының аясын кеңейтіп, алыс-жақын шетелдерге шығару. «Аға сеньор» да осы мақсатта шақырылды.
АТЫРАУ