Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы Жолдауында саяси реформалар туралы ұстанымын, сайлау бағдарламасында уәде еткен саяси трансформация мемлекет пен халықтың мүддесіне сай біртіндеп жүзеге асатынын, жүйесіз саяси либерализация тұрақсыздыққа әкелетінін ашып айтты.
Қазақтың табиғаты саудаға жат емес
Жолдауда шағын және орта бизнеске мемлекеттік назар аударылғаны – қажеттілік. Шағын және орта бизнес жалпы өнімнің индикаторы ретінде үнемі назарда тұруы тиіс. Себебі дамыған елдерде ІЖӨ-дегі үлесі 80 пайыздан асса, біздің елдегі деректер әртүрлі. Ресми статистика бұл көрсеткішті 2-4 пайыздың төңірегінде дейді.
Осы орайда бүгінге дейін бизнесті мемлекеттің даму көрсеткішінің күретамырына айналдыра алмадық па деген сауал туындайды.
Әңгімемізді осыдан бастасақ. Іс тетігін кадр шешеді деген кешегі Сталин заманындағы ұстаным әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Бізге де осы көзқарасты жаңа заманға бейімдей отырып, жаңғыртатын кез келді. Себебі тәуелсіздік алған кезден бастап бағдарламалар қабылданды, реформалар жасауға талпыныстар болды. Бірақ нәтиже аз.
Біздің осы күнге дейінгі басты кемшілігіміз – реформаларды, бағдарламаларды қабылдаған кезде қоғамның оған дайындығына мән бермеуіміз. Қолданыстағы заңдарымызды жаңадан қабылданғалы отырған бағдарламаларға бейімдей алмадық. Елдегі әлеуметтік бағдарламаларды бойына қабылдай алатын, сіңіре алатын қоғамды қалыптастыру үшін адамдардың ертеңгі күнге деген сенімін қалыптастыру керек. Бұл – қарапайым тілмен айтқанда кәсібін алаңсыз жүргізуге деген сенім. Тамыр-таныссыз, біреулердің ықпалынсыз балаларының жұмысқа орналаса алатындығына деген сенім. Қазақ қоғамының әлеуметтік ақиқаты ішкі жалпы өнімдегі жекелеген салалардың үлесінен байқалады. Ресми статистика ондағы мұнай-газдан басқа салалардың үлесін тіпті санатқа да алмаған. Демек, бюджеттің кіріс көзі тек шикізаттан ғана түседі. Мұнай-газ саласы тек мультипликативті тұрғыда әсер ететін деңгейге жетуіміз керек еді. Бірақ экономикалық саясат бизнесті, экономиканы ұлттық деңгейге көтере алмады.
Экономика теңіз дейтін болсақ, мұнай-газ саласы соған сырттан келіп құятын бұлақтың бір арнасы ғана. Біз сол арнаның мұнай-газ секторынан өзге көздерінен айырылып қалдық. Қазір әлемдік экономиканың мұнайға деген тәуелдігі төмендеп келе жатыр. Әлем сутегімен жүретін техникаға бет бұра бастады. Тіпті Араб елдерінің өзі мұнайдан кейінгі дәуірдің жайын ойлана бастағанын естіп жатырмыз.
Іс тетігі – орындаушыда
Президент Қасым-Жомар Тоқаевтың кәсіпкерлікке кедергі жасаған факторды мемлекеттік қылмыс деген сөзі көптің ойынан шықты.
«Кәсіпкерлікті неге дамыта алмадық?» деген мәселенің шешімі де барынша кедергі келтіріп тұрған факторды қылмыс деп танымауымызға, мұны жай қалыпты жағдайдың бірі деп жылы жауып қоюмызға байланысты болып келген еді. Демек бұл фактор мемлекеттік деңгейде танылды.
Мәселе, бизнестің дамуына кедергі келтіріп жүргендерді ұстап алып, қамаумен шешілмейді. Демек коррупцияның тамырланып кетуіне мүмкіндік беретін шарттарды заң арқылы шектеп тастау керек.
Қазақ бизнесі екі полярлы жағдайда тұр. Бірінің басында – кәсіпке оңай жолмен келгендер, екіншісінде – кәсіптерін маңдай терлерімен дөңгелеткендер. Арбаға «Мерседестің» моторын орнатсаң, арба бәрібір арбалығын істейді. Біздегі бизнес соған көбірек ұқсайды. Бизнес мемлекеттің ықыласынан кенде деп айта алмаймыз. Мәселе қаржы бөлумен шешілмейді. Мәселе – бағдарламаға жауапты тұлғаларда. Бағдарлама қабылданғанмен, оған жауапты тұлғалардың аты-жөні нақтыланбайды. Кейде мемлекеттік бағдарламалардың бір министрліктен екінші министрлікке көшіп-қонып жүргені жайлы деректерді де естіп қаламыз. Бұдан стратегиялық маңызы бар құжаттарға бөлінген қаржы қайда кетті деп сұрау салудың өзі артық болып келген еді.
Мемлекет басшысы соңғы 9 жылда 1200 кәсіпорын іске қосылғанын, оның экономикаға әсерінің аз болғанын ашып айтты. Енді алдағы уақытта мемлекет тарапынан қаржыландырылатын жобалар ішкі нарықтың қажеттілігімен үйлестіріліп отырылуы тиіс. Біз сол кезде ғана жаңару мен тазаруға бағыт аламыз. Бұл жалпыға бірдей әділетті қоғамның алғышарты.
Президенттің жарлығы мәселені шешпейтінін біз де біліп қалдық. Мәселе – орындаушыда. Қоғам мен билік арасындағы сенімсіздік синдромының қалыңдап кетуіне сол орындаушылардың біліксіздігі себеп болып келді. «Ал орындаушылар қалай дайындалады, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына кім жауапты?» деген сауалға келгенде жігеріміз жасып, төменшіктеп қаламыз. Мысалы, мемлекет тарапынан қаржыландырылған жобаларды кәсіптің не екенін білмейтін, өмірінде 5 адамға жұмыс тауып бере алмағандар бақылайды. Бизнес – тірі ағза. Ол жайлы жерде ғана өсіп-өркендейді. Біз ШОБ туралы әдемі уәделер берместен бұрын оған жайлы атмосфераны қалыптастырайық. Заңмен жолын ашайық. Қолданыстағы заңның орындалуын тиіп-қашып емес, нақты, бұрмаламай, хан мен қараға бірдей ортақ жауапкершілігін алға тартып, бақылайық. Кәсіпкердің кәсібін жүргізуге кедергі келтіретін кез келген тұлғаларды қатаң жазалап, мемлекет пен қоғамға жасаған қылмыс деңгейінде бағаламайынша, заң қол-аяғын еркін қимылдата алмайтын қуыршақ заң, бос сөз болып қала береді.
Сол кезде ғана бизнес ішкі жалпы өнімнің күретамырына қан жүгіртетін факторға айналады. Сол кезде ғана қоғам «биліктің ыңғайы түзелді, енді біз де түзелейік» деп етек-жеңін жинай бастайды. Қазақтың жетідегі баласы мен жетпістегі қариясына дейін жұмыспен қамтылған ұлттық экономиканы, ашық қоғамды қалыптастыру «кім жауапты» деген мәселені нақтылап алудан басталады.
Егер осы тұста мүлт кетсек, әлеуметтік әлжуаздық деген ұғым мен әлсіреген әлеуметтік топтардан арыла алмаймыз.
Ұзақбай АЙТЖАНОВ,
«Atameken Holding»
директорлар кеңесінің төрағасы
АЛМАТЫ