Жеке табыс салығын төлемей, тұрғын үйді жалға беретін жеке тұлғаларды анықтау бойынша Ішкі істер министрлігінің бұйрығы негізінде мемлекеттік кірістер органдары мен ішкі істер органдары өзара бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Алайда осы күнге дейін Шымкент қаласының полиция департаменті тарапынан бірде-бір адам бойынша мәлімет ұсынылмаған.
Осыған байланысты атқарушы құқық қорғау органдары, учаскелік полицейлер жоғарыда аталған іс-шараға қатысты тиісті мәліметтерді Мемлекеттік кірістер департаментіне ұсынуы керек. Салық төлеуді дұрыс көрсету бойынша жұмысты ширату керектігін айтқан кеңес мүшелері тойханалардың салық төлеу мәселесін көтерді. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңесте кеңінен талқыланды.
Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрпейіс Құлымбетовтің айтуынша, 2019 жылдың 8 айының қорытындысымен комитет құзыретіне жататын кірістер бойынша мемлекеттік бюджет жоспары 6 млрд теңге артығымен қамтамасыз етілген. Жоспарда 111 млрд теңге болған, нақты түсім 117 млрд теңгені құрапты. Сонымен қатар аталған департамент тарапынан қаланың бюджет түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау мақсатында ұсыныстар айтылды.
Салық төлеуден жалтарғандар қатарында шаһардағы самаладай самсаған тойханалар көш бастап тұр. Дереккөздерге сүйенсек, Шымкентте 118 тойхана бар. Алайда тойханалар салық төлеуден жалтарғанды жөн көреді. Тіпті кей тойханада 4 адам ғана жұмыс істейді деп көрсетілген. Ол бойынша тиісті хаттама толтырылып, жауапты органға міндеттеме жүктеледі.
Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жариялануына орай кеңес мүшелері полиция департаментінің өкіліне шаһар аумағындағы заңсыз көше саудасын реттеу, көшеде қайыр сұраушылардың әрекетін тоқтату керектігін айтты. Сондай-ақ қаладағы әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының тұрақты тасымалдау тарифтерін белгілеу туралы қағидалары қаралып, алдағы уақытта қоғамдық кеңес арнайы комиссия құратын болды.
Шаһардың санитарлық-эпидемио-логиялық жағдайы туралы баяндама жасаған Шымкент қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевқа қоғамдық кеңес жоғары баға беріп, басқа мекемелерге үлгі болса дегенді білдірді. Себебі Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қоғамдық кеңестің отырысына түгел басшылық құрамымен келген. Кеңес мүшесі Бекайдар Мұсаұлының айтуынша, аталған департамент бұл есеп беру арқылы қоғамдық кеңеске деген құрметі жоғары екенін көрсетті деп санайды.
Қоғамдық кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңес мүшелері бірқатар ұсыныс айтты. Айтылған ұсыныстар мен пікірлер бойынша хаттама жасалып, оларды орындауға күш салынатын болады.
Жиында Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер, полиция және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері есеп беріп, өз салаларына қатысты мәселелерді сөз етті. Сонымен қатар қала аумағын абаттандыру, жасыл желекті күтіп ұстау және қорғау, қаладағы әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының тұрақты тасымалдау тарифтерін белгілеу қағидалары қаралып, нормативтік-құқықтық акт жобалары келісілді.
ШЫМКЕНТ