Түркістанда «Бекзат» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген фильм Сидней Олимпиадасының чемпионы, жасындай жарқ еткен жұлдыз Бекзат Саттархановтың өміріне арналған.
Ерте сөнген жұлдыздың санаулы ғұмырындағы жігерлі жетістіктерін, қайтпас қайсарлығын, ұлжандылығы мен намысқойлығын көрсету арқылы бүгінгі ұрпақты рухтандыру, саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен фильмнің алғашқы көрсетіліміне даңқты спортшының ата-анасы, туыстары арнайы қатысты. «Бекзаттың имандылығы, үлкенді сыйлайтын кішіпейілділігі, қазақылығы, табандылығы, алға қойған мақсатын орындайтын қайсар мінезі қазіргі қазақ жастарына керек», дейді Бекзаттың әкесі Сейілхан Саттарханов.
Фильм тұсаукесерінде сөз алған «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев фильмнің түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстанбұл қалаларында өткенін айтып өтті. Картинаның режиссері – Мұрат Бидосов, сценарийін Сержан Закерұлы жазған. Басты рөлді 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған жас актер Самат Әзімқұлов сомдаған. Фильмнің сюжеттік желісінде Бекзат Саттархановтың балалық шағы, бозбала кезеңі және өмірінің соңғы сәті қамтылған. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Боксқа келген алғашқы сәттері, аянбай тер төккен жаттығулары, жарыстардағы жеңісі, Олимпиада шыңын бағындырған сәттері көрініс тапқан толықметрлі картина қазаннан бастап еліміздің кинотеатрларында көрермен назарына ұсынылмақ. Ал «Хабар» арнасында желтоқсан айында көрсетіледі.
Түркістан облысы