ЕКПА күзгі сессиясы аясында сенаторлар Сәуле Айтпаева мен Сергей Плотников Италия парламенттік делегациясының жетекшісі Алвизе Маньеромен және италиялық делегация басшысының орынбасары, Депутаттар палатасының мүшесі Дебора Бергаминимен жұмыс бабында кездесу өткізді. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық пен парламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Италиялық делегация Италия Парламенті төменгі палатасының Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялағаны туралы қазақстандық сенаторларды хабардар етті. Құжат қазіргі уақытта Италия Сенатының қарауында жатыр.
Депутаттар Сәуле Айтпаева мен Сергей Плотников ЕКПА аясында Британ делегациясының басшысы сэр Роджер Гейлмен де кездесті.
Қазақстан мен Британияның стратегиялық әріптестігі, екі елдің заңнамалық органдары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелері қаралды, сондай-ақ ағылшын құқығы негізінде қызмет ететін АХҚО қызметі атап өтілді.