Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы Сілеті өзенінің төменгі ағысындағы «Қызыл оба» деген жерді қазған М.Қозыбаев атындағы облыстық университет пен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Margulan centre» орталығының бірлескен археологиялық экспедициясы сенсациялық жаңалық ашты.
Олар жуырда, өздерінің пікіріне қарағанда, ХIV ғасырда Алтын Орда билеушілері жерленген мавзолей-қорымды тапқан. Археологтар оны Жошы хан және одан кейінгі хандар мен төрелер ұрпақтарының жерленген орны деп болжап отыр. Аумағы 1200 шаршы метрлік қорым жай қазақтікі емес, нақ билеушілерге тән екендігі көптеген айғақпен дәлелденген. Соның ішінде сол заманға тән шеберлікпен қаланған кірпіш, оның қалыңдығы, табылған асыл заттар мен т.б. археологиялық ескерткіштер тек билеушілерге тән екендігін айғақтайтындай. Сонымен бірге жерленген адамдардың Ислам дәстүрімен жер қойнына берілгені де белгілі болып отыр. Өйткені Алтын Орда Өзбек ханның кезінен бастап Исламды ресми діні ретінде қабылдағаны мәлім.
Он шаршы шақырымды алып жатқан осы жерден кірпіш күйдіретін пештің, су жеткізетін шығырдың сілемдері табылған. Осы жазыққа археологиялық барлау жасаған спутниктік түсірілімдер мен ұшқышсыз ұшатын аппараттың көмегімен түсірілген аэрофотоларды салыстырып, саралай келе, ғалымдар мұнда ежелгі өркениеттің іздері, қолдан суаратын ирригациялық құрылымдар, тоғандар мен арықтар болғандығын болжайды. Экспедиция басшысы, белгілі археолог, «Үржар ханшайымын» тапқан Тимур Смағұловтың айтуына қарағанда, осы аймақта барлығы 7 мавзолей бар екен. Осының бәрі Орда хандарының бір ставкасы осы жерде орналасқанын және бұл аймақ мемлекеттің бір мәдени-саяси орталығы болғанын көрсетеді.
Мұның өзі, сайып келгенде, Солтүстік Қазақстан даласын мекендеген көшпелі тұрмыстағы халықтың белгілі бір орталығы, сол заманға тән қаласы да болғанын айғақтайды. Кірпіштің жоғары сапасы да инженерлік ақыл-ойдың жетік болғанына мысал бола алады.
Табылған жаңалықтар академик Әлкей Марғұлан бір кезде айтқан қазақ даласында ауыз су жеткізілген ғана емес, сумен жылытылатын қалалар болғаны, оларда шаһар мәдениеті де қалыптасқаны туралы болжамдарын растауға бір дәлел ретінде қарастырылып отыр.
Осы жаңалыққа байланысты Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов журналистер алдында мәлімдеме жасап, табылған қазба жаңалықтары «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосылған сүбелі үлес және тарихи маңызы зор оқиға екенін атап өтті. Сонымен бірге ол қазба жұмыстарын жүргізу жалғастырылатынын, басшылық тарапынан оған жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Еліміз Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге бел буып отырғанда, оның біздің жерімізде орналасқан деп болжануының өзі біз үшін ғана емес, бүкіл республика үшін маңызы зор оқиға. Биылғы қазба жұмыстары аяқталды, ал алдағы жазда археологтарға тиісті қаражат мөлшері, құрал-жабдықтар бөлінетін болады. Ал мавзолей-қорымның өзі облыстағы қасиетті орындардың біріне айналатыны сөзсіз», деді өңір басшысы.
ХV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығы құрылды. Ал археологтар мына жерлеу оған дейін, яғни Алтын Орданың ыдырамай тұрған кезінде жүргізілген деген болжам айтады. Енді табылған артефактілер зертханалық сараптамадан өткен соң оның анық-қанығына көз жеткізілетін болады.
«Біз табылған дүниелердің бәрінің Алтын Орда тарихына жататындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге тырысамыз. Ол үшін жан-жақты зерттеулер жүргізіледі», деді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева.
Сөйтіп ғылым әлемінің табалдырығынан тағы бір ерекше жаңалық аттап отыр.
ПЕТРОПАВЛ