Қазақстан жастарының конгресі Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауы бойынша белсенді жастармен кездесулер өткізуде.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осы орайда, жастар арасында жаңа жобалар құру мақсатында Қазақстан жастарының конгресі Қазақ технология және бизнес университетінде және Астана медициналық университетінде дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиын барысында Қазақстан жастарының конгресі жанындағы Республикалық жастарды дамыту орталығының басшысы Ерғазы Әзімханұлы кездесудің маңызын атап өтіп, қатысушыларға түсінік берді.
Әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауына қатысты өз пікірімен бөлісті.
«Жолдауды тыңдау барысында Президентіміздің қоғамның олқы жақтарынан хабардар екенін байқадым. Себебі бұл Жолдауда қоғамның негізгі тұстарына назар аударылды. Мысалы, орта және шағын кәсіпті салықтан босату, мемлекеттік сатып алулардағы жемқорлықты тыю бастамалары Президенттің бұл мәселеге алаңдайтынын білдіреді. Зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға жұмсауға болатыны – тың жаңалық. Бұл – қазіргі таңда баспана сатып алуға не оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ адамдар үшін үлкен мүмкіндік екенін түсіндім», деді ол.
ҚазТБУ-де өткен іс-шарада «Хабар» арнасының жас тілшісі – Бекболат Арыстанбеков және «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері, режиссер, әнші, актриса, көптеген танымал әндердің авторы Құрманай Бахтиярқызы Президент жолдауына қатысты өз ойларын ортаға салды.
Қазақстан жастарының конгресі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған дөңгелек үстелдер мен кездесулерді Нұр-Сұлтан қаласының барлық жоғары оқу орындарының өкілдерімен өткізуді жоспарлап отыр.