• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2019

Жылу маусымына дайындық жүйелі ме?

848 рет
көрсетілді

Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірде 2019-2020 жылдың жылыту маусымына әзірлік ерте көктемнен басталған. Бүгінде жылу-электр стансалары дайын, жылу желілері жөнделіп, тозғандары жаңасына ауыстырылды. Барлық жұмыс белгіленген мерзімге сай атқарылып келеді.

2012 жылдан бері қолданыста бол­ған өңірдегі «Жылыту маусымына дайын­дық және жылыту маусымын өткізу­дің ережелері» былтыр күшін жой­ды. Бұған себеп, соңғы жылдары қала тұрғындарынан қыс кезінде үйдегі жылу­дың азаюына қатысты шағым жиі түсе бастады. Жылудың ерте күзден беріліп, жазға жақын сөндірілуіне қатысты да пікірлер көбейді.

Тіпті, облыс әкімдігі үнемділік, тиімділік дегенді жиып қойып, биылғы жылу маусымын 15 қыркүйекте басталады деп хабарлады.

Жалпы елімізде жылыту маусымы әлеуметтік инфрақұрылым үшін 1 қазанда, тұрғын үйлер үшін 15 қазанда басталады. Жылу беру әлеуметтік инфрақұрылым үшін 25 сәуірде, тұрғын үйлер үшін 15 сәуірде тоқтатылады.

Бірақ белгілі бір министрлік тарапынан нақты бекітілмегендіктен, әр өңір жылу беру мен тоқтатуды ауа райының өзгеруіне байланысты қолданады. Егер ауа райы өзгерісіне орай десек, онда солтүстік өңірлер үшін бөлек, оңтүс­тік өңірлер үшін жеке уақыт мезгілі белгіленгені дұрыс болар еді.

 Сондықтан түрлі шағымдар мен пікірлерді ескерген облыстық мәслихат депутат­тары 2012 жылғы ереженің ес­кір­­генін айтып, жаңасын әзірлеуді немесе ескі нұсқаға өзгерістер енгізуді ұсын­ған-ды. Бұл ұсыныстан соң облыс­тық Энергетика және тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылық басқармасы үш түрлі балама жоба әзірлеуді қолға алды.

 – Өйткені 2012 жылдан бері көп өзге­ріс орын алды. Өңірдегі жылу-электр орталықтары да жаңарып, тұ­ты­­ну­шылардың талабы өзгерді. Біз жа­­сай­тын жаңа ереженің жобасынан соң пәтерлерге жылу беру үрдісі, көр­сет­кіштерді бақылау тиімді болары сөз­сіз, – дейді басқарма басшысының орын­басары Талғат Есполов.

Мысалы, бұған дейін 5 күн бойы орташа ауа температурасы -10 градус болған жағдайда көпқабатты пәтер­лер­де­гі жылу қосылып, ажыратылатын. Жаңа ереже 3 күн ауа температурасы -10 градус болса жеткілікті дегенді қа­рас­­тыруда.

 Тағы бір жаңашылдық – енді жы­­луды пәтердегі ауа температу­ра­сы­мен ғана емес, көпқабатты үй­лер­дің кіре­берісіндегі жылу беру көрсет­кіші­мен бірге есептемек. Бұл жүйе пәтерлердің не себепті жылынбай­ты­нын анықтап береді. Мәселен, пәтер­дің іші салқын, ал кіреберіс жылы. Демек, бұл үйге жылу тиісті параметр­лер бойынша берілгенімен, пәтер иелері кооперативтері жұмысының салғырттығынан жылу желілерінде ақау бар дегенді көрсетеді.

Мамандардың айтуынша, жылудың тəу­лік­тік жүктеме кестесі тұрақты, жы­лу таратушының параметрлерін тəулігіне арасына 2-3 сағат салып өлше­ген дұрыс. Өлшемді бірнеше тəулік бойы сыртқы ауа температурасы мен желідегі судың температурасына сəй­кес өлшейді.

Жылу маусымына арналған осындай жаңа ережелердің жасалуына мәслихат депутаттарымен бірге, тұрғындар да белсене қатыса алады. Жоба қоғаммен талқыланып, басқарма сайтында жарияланады. Кейін облыстық мәслихат сессиясының қарауына ұсынылады. Егер депутаттар тарапынан қолдау тапса, алдағы жылдары жылу маусымы жаңа ережелерге сәйкес жүргізілуі әбден мүмкін.

Облыстық басқарма басшысының орынбасары Талғат Есполовтың айтуынша, бұл жоба жылытуды өз дең­гейінде жеткізбеу, желілердегі ақау­лар­ды анықтауға көмегін тигізбек.

– Өйткені пәтер иесі үшін өз үйінің жылы болғаны ғана керек. Жылу орта­лық­­тарындағы көрсеткіштердің қандай ек­ен­­дігі ойландырмайды, – дейді Талғат Есполов.

Сонымен бірге өңірдегі Ақсу, Екі­бастұз және облыс орталығының тұр­ғындары пәтерлерінің жылытылмай­ты­нын айтып, жиі шағымданды. Екібас­тұз­да 80 шақырымдық құбырды қай­тадан төсеп шығу үшін 8-10 млрд теңге қажет болса, мамандар тіпті, бұл мақсат технологиялық тұрғыдан да, қар­жылық жағынан да мүмкін емес дейді. Бүкіл екібастұздықтар қазір алаң­даулы.

 Басқарманың мәліметінше, 2018-2019 жылу маусымы кезінде осы қалалар тұрғындарынан 806 өтініш түскен.

– Облыс орталығындағы екінші Пав­лодар, Толстой-Қамзин көше­ле­рі аумағында дренажды жүйе, Саяжай, Усолка аудандарындағы тұ­ты­нушылар үшін №30 және №42 жылу магис­траль­дарын, Орман зауыты ауданында жылу желісін салу керек, – дейді мамандар.

Былтыр да облыс орталығындағы көптеген үйлердің тұрғындарынан жылу маусымы кезінде пәтерлердегі температураның төмендігіне байланыс­ты шағымдар көп түсті. Шағымдардың дені облыс, қала әкімдігінің сайтында жарияланды. Қалалық тұрғын үй инспекциясы, қалалық қоғамдық ден­саулық сақтау бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, пә­тер иелері кооперативтері, «Жылу желі­ле­рі» мекемесінің өкілдері бірлес­кен рейд барысында тұрғын үйлердегі жылу температурасының нормаға сәйкес келмейтінін анықтады. Ереже бойынша жылу 20 градус болуы тиіс. Сонымен қатар сыртқы жылу желілері тексеріліп, жылу энергиясының жетіс­пей­тіні де расталды.

 Рейдке қатысқан топ өкілдері Та­би­­ғи монополияларды реттеу және бә­се­келестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаментімен осы мәселелерді талқылап, заң нормаларын қарастырды. Нәтижесінде, Әкімшілік кодекс аясында белгілі баптарға сәйкес әкімшілік шара қолдану туралы шешім қабылданды.

Ал биылғы жылу маусымы қандай болмақ?..

Тұрғындар Табиғи монополиялар­ды реттеу және бәсекелестікті қор­ғау комитетінің облыс бойынша де­пар­таменті қыс кезінде жылу жет­пейді деген арыз-шағымдарға сай жұмыс жүргізетіндеріне, қыста пәтер­ле­рінде тоңбайтындарына сенімді. Басқарманың мәліметінше, алдағы жылыту маусымына 428 мың тонна көмір жеткілікті. Қазір 19,9 мың тонна көмір қоры бар. Бір тонна көмірдің бағасы жеткізумен қоса есептегенде 6 800-16 500 теңге. Тұрғындар «Майкөбе» ЖШС, «Богатырь көмір» ЖШС, «Қаражыра ЛТД» ЖШС көмірлерін сатып алады. Бөлшек сауда нарығында көмір жеткізуді 300-ден астам жеке кəсіпкер жүзеге асыруда.

 Көмір сатып алу бойынша барлық тендерлік іс-шаралар өткізіліп, көмір тасымалдаушыларымен келісімшарт жасал­ған. Барлық әлеуметтік нысан­дар­ға көмір қоры жеткізілді. Басқарма мамандары ауылдарды аралап, мекеме­лер­дің дайындығын тексерді.

Сонымен бірге өңірдегі 575 мектеп, 333 денсаулық сақтау, 285 мә­дениет және спорт нысандары жы­лы­­ту маусымына толықтай дайын. Барлық нысандардың жылыту жүйе­лері тексерістен өткізіліпті. Десе де ауылдағы мектептер салқын. Ақсу, Баянауыл, Шарбақты, Тереңкөл, Май аудан­дарындағы мектептерде қазан­дықтардың ақаулығынан, темпе­ратуралық режімнің бұзылғаны үшін жылуға жауапты қызметкерлер әкім­ші­лік жауапкершілікке тартылып, ескерту алған.

Ал жуырдағы соңғы гидравликалық сынақтар кезінде облыс орталығындағы жылу желілерінен ақау шыққан. Қазір коммуналдық сала мамандары ақауларды қалпына келтіруде.

Жылу магистральдарының əбден тозығы жеткенін ауыстыру жыл сайын жалғасып келе жатқан мəселе екені таңсық емес. 2016 жылдары жүргізілген құны қымбат инвестициялық жоба­лар­дың да нәтижесіз қалғаны өкінішті. Облыс әкімдігі 15 қыркүйекте жылу беріледі дегенмен, облыс орта­лы­ғын­да­ғы 1276 тұрғын үйдің бәріне бірдей жылу беріле қойған жоқ. Және де 15 қазанға белгіленген уақыт мөлшері бар.

– Облыс орталығының көшелерінде жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарына орай тұрғын үйлер де қазан айында кезең-кезеңімен жылуға қосылады, – дейді коммуналдық шаруашылық мамандары.

 

Павлодар облысы