Халқымызда «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген қанатты сөз бар. Ұлт руханиятына олжа салған атақты ақындардан бөлек, бүгінде Әулиеата өңірінде жас шайырлар шоғыры да қалыптасып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Жастар жылы аясында Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев өңірдің жас қаламгерлерімен кездесті.
Еркін пікір алаңына келген әкім әуелі Алматы шаһарында өткен студенттік жылдарынан естеліктер айтып, Шығыстың ұлы шайыры Омар Хайямның рубаятын және қазақтың дарынды ақыны Жүсіп Қыдыровтың лирикалық өлеңін жатқа оқып берді. «Тараз – ақындардың қаласы. Кезінде көне Тараздың келбеті мен аруларының сұлулығын Фирдоуси сияқты ұлы ақындар «Сергітер жүрек жарасын, мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп жырлаған. Бүгін өздеріңіздей талантты жастармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын», деді әкім. Кездесу барысында әңгіме әдебиет тақырыбында өрбіді. Сонымен қатар әкімдіктің қолдауымен Әулиеата өңірінде жас қаламгерлердің форумы ұйымдастырылса, жастардың бірқатарының кітабы жарыққа шықса деген ұсыныстар да айтылды. Бұдан кейін жиынға қатысқан Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Нұрболат Сатымқұл, Арайлы Жақсылық, Ғайникен Маралтайқызы және өзге де жас ақындар өз өлеңдерін оқыса, Шапағат Әбдір халқымыздың игі жақсыларына арнау арнады. Кеш барысында Нұрлан Әбдікәрімов Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы», Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» атты әндерін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Емен-жарқын әңгіме барасында Қайрат Досаев жиынға қатысып отырған жиырма жас ақынның бәрінің кітабын болмаса да, үш-төрт автордың жеке жинағын шығарып беруге болатынын айтып, олардың әрқайсысына хакім Абайдың қарасөздер кітабын сыйға тартты.
Жамбыл облысы