Кеше Алматы қаласындағы Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде Оспан батыр Сіләмұлының туғанына 120 жыл толуына арналған «Тұран романтизмі» атты сурет көрмесі ашылды. Іс-шараны «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры мен «TURAN-QAZAQ суретшілер консолидациясы» бірлесіп ұйымдастырған.
Көрмеге қатысуға ниет білдірген суретшілердің туындыларын қабылдау 4 қазаннан 25 қазанға дейін жалғасады. Шығармаларды арнайы қазылар алқасы сараптап, жүлдегелер анықталады. Осы аралықта баспасөз және өнертанушылар ортасында да талқылаулар өткізіліп, олардың пікірлері де ескеріледі. Көрме қорытындысы 25 қазанда шығарылып, жүлдегерлер марапатталады. Оспан батыр атындағы бас жүлде 1000 000 теңге (1 адам). Бірінші орын (1 адам) 750 000 теңге. Екінші орын (2 адам) 500 000 теңге. Үшінші орын (2 адам) 250 000 теңге сыйақы алады.
«Романтизм идеясы бізде Мағжан Жұмабаевтан басталады. Романтизм болмаса басқа өнерлердің дамуы қиын. Мәдениет тарихын қарасаң, бәрі бейнелеу өнерінен басталады. Кейін барып әдебиет, музыка дамыған. Сондықтан біз Тұран өркениетінің мұрагері ретінде осындай бастаманы қолға алдық. Ел рухын көтеретін мынау Оспан батырдың 120 жылдық мерейтойы тура келді де, оның ерлік жолын тақырып етіп алдық. Жалпы, ұлттық рухты көтеру керек. Осы романтизм көрмесі арқылы біраз адам іріктеліп, өз өнерін көрсетеді деген үміттемін»,- дейді мәдениет қайраткері Жанарбек Берістенов.
«Ер Жәнібек» халықаралық қорының төрағасы Жеңіс Түркиянын түсіндіруінше, шараның ерекшелігі өткен ғасырдың 30-40 жылдардағы қазақ тарихындағы әділеттік, еркіндік жолында күрескен Оспан батырдың бейнесі. Бұл жерде тек Оспан батыр емес, Алашордаға қатысты, көшпенділер өмірі, қазақ даласындағы көптеген тұлғаның бейнесі мен жүрген жолы қамтылады.
«Сондықтан да сурет көрмесінің тақырыбын «Тұран романтизмі» деп алып отырмыз. Комиссия да тарих, өнер, көркемөнер сияқты түрлі саланың адамдарынан құралған. Енді өз деңгейінде сараланып, ең мықты деген өнер иелері марапатталады деген сенімдемін»,- дейді «Ер Жәнібек» халықаралық қорының төрағасы Жеңіс Түркия.
Биыл Оспан батырдың 120 жылдығына орай бірнеше атаулы іс-шара ұйымдастырылды. Көктемде қазақ күресінен республикалық турнир, «Сұлубайдың әні» атты театрландырылған қойылым мен халықаралық жыр мүшайрасы және бұқаралық ақпарат құралдарына арналып бәйге жарияланған.
Барлық іс-шаралардың қорытындысы ретінде желтоқсан айында Алматыда кеш өткізіледі.
АЛМАТЫ