Арыста зардап шеккен әскери қызметшілер одан әрі емделу үшін Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпитальдің бейінді бөлімшесіне ауыстырылды.
Бұл туралы хирургиялық жұмыс жөніндегі әскери медициналық мекеме басшысы, медициналық қызмет полковнигі Ғалымжан Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір аталған науқастар жағдайы қанағаттанарлық күйде. Олар әскери госпитальдің бейінді бөлімшесіне жатқызылған. Арыстағы оқиғадан кейін бұл әскери қызметшілер әскери авиацияның медициналық мекемесіне жедел түрде жеткізілген болатын. Онда оларға уақтылы қажетті медициналық көмек көрсетіліп, тез арада оңалуға жағдай жасалды.
Жалпы еске салар болсақ, 21 қыркүйекте арнайы жабдықталған полигон аумағында (Арыс қаласынан 60 шақырым жерде) жоспарлы жару жұмыстары барысында оқ-дəрі фрагментінің өздігінен жарылысы орын алған болатын. Соның салдарынан келісімшарт бойынша қызмет істейтін 10 сапер-әскери қызметші жарақаттанған еді.