Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыр дертке шалдыққан балаларға стационарда ем алып шыққаннан кейінгі психологиялық және әлеуметтік оңалтуды ұйымдастырудың өзекті мәселелері» атты халықаралық конференция өтті.
Қаршадайынан ауыр дертке шалдықса да татар дәмі таусылмай білікті дәрігерлердің арқасында өмірге қайтадан оралып жатқан балалар аз емес. Бұл баға жетпес үлкен қуаныш. Дегенмен «батпандап кіріп, мысқалдап шығар» аурудан айығуда өмірге құштарлықпен бірге табандылық, ата-ана, дәрігерлер мен айналадағы ортаның түсіністігі мен қолдауы қажет-ақ. Сондықтан да конференция тақырыбында көрсетілгендей, онкологиялық ауруларға шалдыққан және ағзаларына трансплантация жасалған балаларға, олардың отбасыларына кәсіби және кешенді көмек көрсетуді ұйымдастыру, ұзақ уақыт аурумен күрестен кейін олардың қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасау өте өзекті.
«University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының психоәлеуметтік көмек көрсету секторының меңгерушісі Ләйла Түсіпбаеваның айтуынша, бойларындағы дертпен күресіп, стационардан емделіп шыққан балалардың оңалып кетуінде, әлеуметке бейімделіп қалыпты тіршілікке енуінде дұрыс психологиялық ахуал болмаса көңілдегідей түпкілікті оң нәтиже шықпауы да мүмкін. «Балалар орталықта ұзақ уақыт емделеді, жарты жыл, тіпте бірнеше жыл жатып, клиникадағы күтімге үйренген бала мен ата-ана үйлеріне шығысымен абдырап қалады. Айналадан вирус жұқтырып ала ма деп қорқып, оқшауланып, жандарын қоярға жер таппайды. Ал конференцияда осы санаттағы балаларға емнен кейінгі өмірде жасалар қадамдар жайында айтылып, әлеуметтік-психологиялық жәрдем беруде тәжірибе алмасу қай тарапқа да пайдасын тигізетіні сөз болды. Шынында да конференцияның пленарлық және секциялық отырыстарында мәселелер көтерген мамандар қайта оңалту жұмыстарын жүргізуде арнайы орталықтардың қажеттігіне мән берді. Иә, ауыр дертті жеңген балалар саны тым көп емес шығар, алайда олардың әрқайсысының қалыпты тіршілікке оралуы қоғам үшін маңызды, сапалы өмір сүруіне қол жеткізуі отандық медицинаның ғана емес, қоғамның да жеңісі. Ізгіленген қоғамда ортаға қайта қосылған әрбір бала – капитал, баға жетпес құндылық дейді. Сондықтан да оңалту орталықтары облыстарда да ашылып, оған мемлекетпен қатар бизнес, жалпы қоғам араласып жатса ғанибет болмақ.