Шымкенттегі Тассай индустриялық аймағында орналасқан «Asia Trafo» зауытының аумағында Орталық Азия мен Қазақстандағы қуаты 63 МВА класты, 220 кВ кернеулі алып автотрансформатордың таныстырылымы өтті.
Alageum Electric компаниясы, «Энергия» қазақстандық отын-энергетика жүйелерін ғылыми-зерттеу және жобалау-іздестіру институты АҚ және «Электродеталь» ЖШС кәсіпорындарының құрамына кіретін Кентау трансформатор зауытының ғалымдары мен инженерлері құрастырған қуаты жоғары құрылғы осы саладағы ірі жетістік болып саналады. Аталған қондырғының стандартты трансформаторлардан басты айырмашылығы жұмыс істеу кезіндегі энергия шығыны 43 пайызға төмендетілген. Бір ерекшелігі, аталған қуат көзі сағат тәрізді жұмыс істейді. Телефондарды зарядтауға, микротолқынды пеште тағамды қыздыруға, электр шәйнектерін қайнатуға және электр энергиясынсыз көп нәрсені жасауға болады.
Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк «Өнімді инновацияларды ынталандыру» атты жобаны бірлесіп жүзеге асырып келеді. Осы жоба аясында автотрансформатор 2017 жылы «Өнімді инновациялар консорциумының» бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан болатын. Ғылым мен бизнесті біріктіру арқылы көлік жасау саласында инновациялық ілгерілеуге қол жеткізіп отыр.
Еліміздегі қуаттылығы өте жоғары алғашқы автотрансформатордың жобалаушысы техника ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Сергей Соколов. Өз саласында үлкен нәтижелерге қол жеткізген оның ғылыми еңбектері елімізде және шетелдерде жарияланып, жақсы бағаға ие болған.
«Қуаты 63 МВА автотрансформатор Қазақстанға өте қажет. Мұндай трансформаторларға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Ал шетелдерде бұл трансформатор өзінің ерекшеліктеріне орай басқа да осындай трансформаторлармен бәсекеге түсе алады», деді С.Соколов.
Кентау трансформатор зауытының автотрансформаторы отандық өнім ретінде пайдалануға әзір тұр. Жуық арада Түркістан облысына қарасты Келес, Сарыағаш және Мақтааралда электр энергиясын бөле бастайды. Бүгінгі таңда Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесімен шарт жасалған.
Қуаттылығы жоғары трансформаторларға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, еліміздегі барлық қосалқы стансалар ХХ ғасырдың 80-жылдары салынғаны белгілі. Демек, алдағы уақытта оларды жаңғыртуға тура келіп отыр. Сондықтан ескі құрылғыларды өзіміздің отандық өнімге алмастыру Қазақстандағы импорт алмастыру бағдарламасының негізгі философиялық тұжырымына сай келеді. «Кентау трансформатор зауыты» АҚ бұл бағытта белсенді жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта кернеуі 220 кВ класты қуаттылығы 63 МВА автотрансформатор – Қазақстандағы импорт алмастыру жөніндегі ауқымды жұмыстың жарқын мысалы болары анық.
Оның бір дәлелі, елімізде жоғары қуатты трансформаторларға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Алдын ала есептеулер бойынша, келесі 5 жылда Қазақстанның 220 кВ кернеудегі автотрансформаторларға деген қажеті 4 есе артып, қаржылай мүмкіндігі 22 млн теңгеден аспақ.
«Asia Trafo» зауыты аумағында өткен салтанатты шараның соңы Rixos Khadisha Шымкент қонақүйінде жалғасын тауып, еліміз бен шетелдің сала білгірлерінің қатысуымен алқалы жиынға ұласты. Кеңесте отандық электр трансформатор өндіру ісіндегі мүмкіндіктер мен жетістіктер сөз болды.
ШЫМКЕНТ