Жоғары білім орындары ешқандай министрлікке тәуелді болмауы керек. Бұл мәселе Парламенттің отырысында талқыланып, 4 шілдеде «ЖОО-ның академиялық еркіндігін және басқарушылық дербестігін нығайту» туралы Заң қабылданған. Еуропада әлдеқашан іске қосылған бұл жүйе Орталық Азия елдерінде кешеуілдетіп жүзеге асырылып жатқанымен, аз уақыт ішінде іске асқан жобалар бүгінде өз нәтижелерімен қуантуда.
Үздік тәжірибе және пікір алмасу үшін ортақ диалог алаңын құру мақсатында Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша ІІІ Орталық халықаралық форумында жаңа жүйе және басқа да мәселелер кеңінен талқыланды. Парламент Сенатының және Мәжілісінің депутаттары мен Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей елдерінің білім және ғылым министрліктерінің өкілдері қатысқан маңызды шараны Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесіп ұйымдастырды. Азия елдерінің 20 мемлекетінен келген 400-ге жуық делегат өзара тәжірибе алмасқан форумды «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» КЕМ (коммерциялық емес мекемесі) директоры Алина Жұмағұлова жүргізді. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның құттықтау хатын оқып берген сенатор, Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов ұлағатты ұстаздардың төл мерекесімен тұспа-тұс келген шараға жиналған барлық қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Жоғары оқу орындарындағы білімнің сапасын бақылау арқылы нәтижелі іске қол жеткізуіміз керек. Білім және ғылым министрлігінің ешқандай нұсқауынсыз әр білім ордасы өз жүйесін қалыптастыруы қажет. Өзіндік білім беру жүйесі мен оқыту формалары бір ізге негізделген білім ошақтары оқыту қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. Осы халықаралық форум дәл сол салаға бағытталған», деді Бақытжан Жұмағұлов.
Елімізде аккредиттеу жүйесі 2001 жылы бастау алған болатын. Ал 2011 жылы жоғары білім беретін барлық оқу орындары аттестациядан емес, жаһандық бәсекеге қабілетті ел ретінде аккредиттеу жүйесінен өтуі тиіс деген өзгеріс Заңға енгізілген 2015 жылдан бастап жоба іске асып келеді. Форумда тәуелсіз сапаны бағалау агенттіктері мемлекеттік органдардың жұмысына, тиісінше мемлекеттік мекемелер тәуелсіз агенттіктердің ісіне араласа алмайтыны, алайда «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» жоғары оқу орындарынан экономикалық бағыттағы мамандарды даярлауды қатаң түрде бақылауға алуы тиіс екені айтылды. Университеттер де елімізге қажетті деген мамандықтарға көңіл бөлуі керек. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей және Еуропа елдерінің білім және ғылым министрліктері өкілдерінің осы форумда отырғанын пайдаланып, ұйымдастырушы тараптан аталған мәселелерді басты назарға алу сұралды.
Өз кезегінде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Болатбек Әбдірәсілов әр мемлекет өз жерінде жоғарғы деңгейде ғылым мен білімнің дамуына жол ашарлықтай жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті. «Бүгінгі форумның мақсаты да сол, әлемдік тәжірибелерді ортаға салу. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі университеттердің білім сапасын бағалайтын аккредиттеу органы. Білім сапасын көтеру бағытында біз де бар күшімізді салып, білікті, тәжірибелі, талапты мамандарды даярлап шығаруды мақсат етеміз», деп өз ойын білдірді ректор. Ал АРТА аккредиттеу кеңесінің төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор К.Бозымов форумның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарының аккредитациядан өту арқылы халықаралық дәрежеге көтеру екенін айтты. «Біз аккредитациядан өткізгенде ЖОО-ның білім сапасымен қатар, тәрбие, мәдениет жағына да мән беріп, кеңестер айтамыз. Қазіргі уақытта Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның жоғары оқу орындарында өткіздік. Жақында Балтық жағалауларындағы оқу ордаларында өткіземіз. Биылдан бастап аккредиттеуден өтпеген ЖОО-ға грант бөлінбейтін болды. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігіне ұсыныстар беріп тұрамыз. Ешкімді қадағалаудың керегі жоқ, бірігіп сапаны көтеру үшін жұмыс істеу керек», деді К.Бозымов.
Сапа мәдениетін ілгерілетуге, кәсіби қоғамдастықты қалыптастыруға ықпал ететін үздік тәжірибелер алмасу мен халықаралық диалог алаңын құру, ЖОО-ның академиялық еркіндігін және басқарушылық дербестігін кеңейту сынды өзге де мәселелер форумда кеңінен талқыланды. Білім саласындағы білгірлердің пікірталастары мен ұсыныс-пікірлері негізгі отырыстан кейінгі дөңгелек үстелдерде де жалғасын тапты.
Түркістан облысы