Өлмес мұра, өшпес қазына – ұлттың рухани құндылығы осы. Өзге байлық бірде телегей теңіздей тасиды, бірде арнасын кептіріп, кеберсіп қалады. Оған арғы-бергі тарих куә. Рухани құндылықтың құдіреті сол, заман жаңғырып, адамы ес жиып, төңірегін түгендегенде жыл құсындай қолыңа келіп қонып, қанатын жайып, еңсеңді тіктейді. Сол құнды қазынаның бірі ән өнері десек, соның бір сара саңлағы әнші-композитор Сәдіқожа Мошанұлының 100 жылдығына орай, үлкен шара, жақында Алматы облысы, Ұйғыр ауданының орталығында өтті. Қазақтың бір қадірлі қасиеті – арасына әнші келсе, жыр нөсерін төккен ақын жетсе, қаумалап келіп рухын көтеріп, шабытын оятып небір керемет туындылардың тууына түрткі болып жатады. Бұл өнерін құрметтеген жұрттың үлгісі еді.
Екі күнге жоспарланған игілікті істің бірінші күні ғылыми-практикалық конференция болды. Алғашқы сөзді аудан әкімі Ш.Нурахунов алып, бұл атаулы мереке Елбасының рухани жаңғыру идеясы негізінде Үкіметтің арнайы қаулысы шыққанын атап, Абай әлеміне шолу жасап, қысқа ғұмырында мол мұра қалдырған әнші-композитордың әуезді әніне, сазды сөзіне тоқталып, осы елдік жұмыстың кең көлемде аталып өтуіне қамқорлық жасаған азаматтардың қатарында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын-драматург Н.Оразалиннің, Алматы облысының әкімі А.Баталовтың, белгілі меценат С.Белғожаевтың, ел ағалары Ы.Бектұрсыновтың, Т.Естеновтің, Н.Есжанның, тағы басқа жанашырлардың болғанын атап ризалығын білдірді.
«Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді» деген жыр жасыны С.Торайғыровтың қанатты сөзінен ой өрбіткен, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Б.Нұржекеұлы ән мен сөзінің ұмытылмауы нағыз талантқа тән қасиет екеніне дәйектер келтіріп, «Сары бидайды» қосқанда, артына жеті ән-мұрасын қалдырған Сәдіқожа туындылары ғылыми дәйектелгенін, жалпы қай бастаманың да арқауын ғылыммен тиянақталуын атап, жеті ән емес бір ғана «Баласы Басығара Қанапия» деп келетін бір әнімен тарихта қалған Қанапияны мысалға келтірді.
Сәдіқожаның әуезді әні мен нәрлі сөзі туралы «Ана тілі» ұлт апталығының бас редакторы, талантты ақын Ж.Әшімжан жан-жақты әңгіме қозғап, өлең сөздеріндегі тұнып тұрған лирикаға ерекше мән берді.
Жетісу ән-өлеңі мен күйін зерделі зерттеп жүрген зерек ғалым ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінің деканы С.Медеубекұлы Сәдіқожа шығармашылығына бойлап барып, әр сөзін ән әуенімен бекітіп, «Ақ тамақтан емінтіп бір иіскетсең, Айналсоқтап қасыңнан кетемін бе», «Ат арылтып алыстан барғанымда, Ақмаралдай керіліп шықсаң шіркін» деген нәрлі өлең жолдарын мысалға келтірді. Сол секілді бұрын қызыл бидай, бір бидай деген тіркестердің болғанын, ал сары бидай Сәдіқожа қосқан тың сөз екенін алға тартты.
Ал аталмыш әнші композитордың алғашқы ізашары болған туындыларын тұңғыш орындаған профессор Қ.Алпысбаев Сәдіқожа Ақан, Біржан, Естай, Әсет, Кенен әндерінің дәстүрін жалғастырушы екеніне дәйектер келтіріп, жеті әннің тарихына тоқталып, алғаш өзімен қатарласа орындаған М.Шәпиев, Ж.Мырқаев екенін де еске салып өтті. Ол Сәдіқожа әндерінің тағылымды екенін де тілге тиек етті. Конференцияда өнертану ғылымдарының кандидаты Ә.Сабырева, филология ғылымдарының кандидаты Т.Әлібек, өлкетанушы С.Ағыбаев Мошанұлының мол мұрасын әр қырынан көрсетті.
Екінші күнгі салтанатты рәсім өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ойраннан шекара асып кетіп, онда да тағдырдың тауқыметін аз тартпаған азамат орда бұзарға отызға жетпей өмірден озса да, артында мол мұра қалдырған оның кіндік қаны тамған «Біздің ауыл Кетпеннің етегінде» деп ән әуелеткен, «Кетпен» ауылында жалғасты. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, дарынды ақын Б.Беделханның толғауы негізінде қойылым көрсетіліп, Сәдіқожаның еңселі мүсінінің ашылуы болды. Хан-Тәңірінің бір шыңындай биік мүсінге қаржыны профессор Қ.Алпысбаевтың баласы Едіге Құныпияұлы көтерсе, тасқа қашалған тұлға бейнесінің авторы Бақтияр Қайранбаев екен. Ұлт асылын ұлықтаған азаматтар жаңа заман жастары, олардың бұл еңбегін ауылдастары жоғары бағалап, астарына кілем жапқан ат мінгізді.
Ауыл ортасындағы жап-жасыл алаңға әрлі сахна орнатып, айналасына ақ шаңқан үйлер тігілген екен. Қарапайым халықтың дидарындағы серпіліс, көңіліндегі құлшыныс, асылына деген ілтипат ерекше көрінді. Үлкен-кіші бір кісідей жұмылып жүр.
Келісті сахнада Сәдіқожа әндерін Қазақстанның халық әртісі Н.Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Р.Стамғазиев, Н.Жанпейісов, Е.Шалдыбеков, өзге де әншілер келістіре орындап, жұрттың алғысын алды. Ел ішіндегі өнерлі өрендер де арнау-толғауларын оқып, әндерін әуелетті.
Рухани тағылымы мол құрметтің жалғасы Құран бағышталған ас дастарқанында ұласты.
«Басқа халықтар маймылдан жаратылды деген Дарвиннің іліміне таласпаймын. Қазақтың жылқыдан жаратылғанына еш күмән келтірмеймін» деп кеңестік кезеңде ұлт мінезін астарлап айтқан болмысы бөлек қаламгер Асқар Сүлейменов сөзіне бақсақ, мұндай игілікті іс қашан ат бәйгесіз өтіп еді. Үйсінтаудың етегінде керемет ат жарысы болды. Өнер құдіреті рухын көтерген қалың жұрт бәйге алаңына келгенде, тіпті арқаланып, қиқулай жөнелді. Жүзден жүйрік шыққан тұлпардың иесі «Нива» көлігін тізгіндесе, өзге сайыпқыран жүйрік иелері де сый-сыяпатсыз қалған жоқ.
Сонымен «Есіңе ал, ескер мені» деп кейінгіге үміт артып кеткен Сәдіқожаның жүзжылдығын ел есіне алды, ел ескерді. Ол бүгінгінің атқарған абзал ісі, кейінгіге қалдырған үлгісі деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»