Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, былтыр Кереку өңірінде абаттандыру мен тазалық жұмыстарына 12,8 млрд теңге қаржы бөлініпті.
Сенбілік шаралары аясында 1 миллион 116 мың текше метр ауланың аумағы тазаланып, 10,2 мың тонна қоқыс, 14 мың тонна жапырақ сыртқа шығарылған. Сондай-ақ 277 ескерткіш маңы қалыпқа келтірілді. Жергілікті әкімдіктердің қолдауымен 10,3 мың түп күзгі ағаш отырғызылған. Сенбілікке 91 мың адам мен 800 бірлік техника қатысқан. Ал абаттандыру ісіне немқұрайлы қараған тұрғындар мен шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне жергілікті полиция тарапынан 112 әкімшілік хаттама толтырылып, 348 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Мәселен, «Хаги-Павлодар» ЖШС 19 түп ағашты кескені үшін 93 түп ағашты қайта егетін болған-ды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпорынға 100 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген «Ағаштарды қорғау және сақтау туралы» ережелеріне сәйкес, ағаштарды заңсыз кесу кезінде 5 есе еселенген өтемақы мөлшері белгіленеді. Әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін қайта 5 ағаш отырғызып, оған екі жыл мерзімінде күтім жасау қажет.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Айзада Келдібекованың айтуынша, биыл облыс орталығына 6196 түп ағаш егілді. Оның бір мыңнан астамы – өтемақы түрінде отырғызылған ағаштар екен. Ал қалғаны бюджет қаражатына сатып алынған. Яғни қаланы көгалдандыру, көшет егу, оны суару бойынша жарияланған тендерді биыл «Горзеленстрой» ЖШС, «Дос-ПВЛ» ЖШС және «Аяулы алақан» ЖШС сынды компаниялар ұтып алған. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 104 миллион теңге қаражат бөлінген.
– Кәсіпкерлер құрылыс жүргізу үшін бұрыннан өсіп тұрған ағаштарды кесуге рұқсат сұрайды. Сондықтан бір ағаш кессе, орнына 5 түп жас тал егу міндетін қою арқылы рұқсат беріледі. Мысалы, «Денсаулық» саябағында салынып жатқан «Forte bank» АҚ 100-ге жуық ағашты кесіп, оның орнына Усолка шағын ауданындағы бассейн маңына 500 түп жас тал екті, – дейді маман.
Алайда мұндай жолмен егілген жас көшеттердің қаншасы көктеп, қаншасы қурап қалғанын ешкім біле бермейді. Сондай-ақ облыс орталығында, аудандарда да көріп жүргеніміздей, сенбілікте отырғызылған ағаштардың суарылмай, күтімнің жоқтығынан қурап, солып қалатыны – назарға алатын-ақ мәселе. Бұдан шығатын қорытынды, бүгінде дәстүрлі сенбіліктердің өзі көзбояушылыққа айналып бара жатқан секілді. Жергілікті әкімдіктер жалаң көрсеткіштер қуып, тіпті, ойға қонымсыз сандар да көрсете бастады. Айталық былтыр облыстық әкімдік отырысында Железин ауданында 7 мың адам, облыс орталығында 25 мың адам сенбілікке қатысып, 230 техника жұмылдырылған делінді. Сенбілікке қатысушылар сол іс-шара аясындағы тазалық пен көшет отырғызуды ғана ойлайды. Бірақ сенбіліктен соң да өмір бар ғой. Туған қаламыз бен ауылымызды жасыл желекке бөлейміз десек, өз қолымызбен еккен ағаштарды күтіп-баптап, суаруға да арналған сенбіліктер керек сияқты. Сонымен бірге коммуналдық сала бөлімдері сенбілікте егілген әр ағаштың тағдырына жауапты болуы керек. Өйткені әр ағашқа қаржы бөлінеді.
Жалпы, көшеттер отырғызу, жеке аулалар мен қоғамдық орындардың аумағын тазалау, қала мен ауыл көшелерін көріктендіріп, абаттандыру жұмыстары жыл бойы жалғаса беретін жұмыс. Биыл облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы 100 мыңнан астам көшет отырғызбақ.
Павлодар облысы