«Қауіпсіз кәсіпорын – сау жұмысшы» тақырыбында елорданың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті. Шараны Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығы ұйымдастырды.
Форум жұмысына Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының басшылары, әлеуметтік серіктестер, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері, халықаралық ұйымдардың, орталық мемлекеттік органдардың және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Мақсат – өндірістік жарақаттар, кәсіптік аурулар, өндірістегі қайғылы оқиғалар және еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақсарту, сондай-ақ жұмыс істейтін халықтың денсаулығын сақтау және қолдау.
Жиынды ашқан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметі Кәсіподақтар федерациясының ерекше назарында екенін атап өтті. Өз сөзінде еліміздің кәсіподақтар басшысы өндірістік жарақат мәселесіне тоқталды. Кәсіподақтар қабылдаған шаралардың нәтижесінде кәсіптік жарақат алу динамикасы төмендегені айтылды.
Бұл күн кәсіподақтар қозғалысы үшін өте маңызды. Биыл алғаш рет Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен, Үкіметтің шешімімен 10 қазан – Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндер тізіміне енгізілді. Бұл кәсіподақтардың және олардың бірлестіктерінің рөлі мен маңыздылығын айқындайды. Еліміздегі кәсіподақтар қозғалысын дамытуға жаңа серпін берді. Сонымен қатар қыркүйектің соңғы жексенбісінде – Еңбек күні аталып өтті. Бұл – әр еңбеккердің, әр кәсіподақ мүшесінің мейрамы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық еңбеккерлердің рөлінің маңыздылығын, еңбек адамының күш-жігерінің арқасында Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандық кәсіподақтар – тұрақтылық тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі болып табылатындығын әрқашан атап отырады. Кәсіподақтар әрқашан азаматтық қоғамның негізгі тіректерінің бірі болып қала береді», деді ол.
Шараға қатысушылар зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын қысқарту мәселелері Кәсіподақтар үшін өзекті болып қалатынын алға тартты. Статистикаға сәйкес, 1,6 миллион жұмысшының 373 мыңы немесе әрбір төртіншісі (22,3%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Шамамен әрбір екінші жұмысшы (45,4%) шу мен дірілдің жоғарылауы жағдайында жұмыс істейді, ал 34,4%-ның жұмыс аймағында газдың ластануы мен шаңның әсері мол.
Осы проблемаларды ескере отырып, Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бөлігінде заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстармен жүгініп, әлеуметтік бағыттағы жұмыс берушілерге ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жағдайын жаңартуға және жұмыс ұйымдастырудағы кемшіліктерді жоюға байланысты шығындар үшін салықтық жеңілдіктер беру тәрізді ұсыныстар айтып отыр. Қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларын күшейту, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды есепке алу мен бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру сияқты ұсыныстар бар.