А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер академиясының президенті, Қазақстанның Тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағының алты дүркін лауреаты Сағымбай Қозыбаевпен кездесу өтті. Қазақ журналистикасы мен осы салаға мамандар дайындайтын білім ордасында 46 жыл қызмет еткен Сағымбай Қабашұлының алдынан Қазақстан журналистикасының майталмандары түлеп ұшқан еді.
Осы кезге дейін Сағымбай Қабашұлы оқырманына 54 кітап ұсынған екен. Оның ішінде ғылыми дүниелермен қатар замана лебін ақыл мен жүректен өткізген публицистикалық шығамалары да аз емес. Оның бірсыпырасын ол кездесуде оқып та берді.
Сонымен қатар ғалым, публицист Шоқан, Ыбырай, Мұхаметжан Сералин секілді туған жерден түлеген қазақтың ірілері туралы, олардың кіндік қаны тамған жерлердегі белгілердің сақталуы туралы да ой қозғады. Ауылдың тозып бара жатқанына, халқымыздың ірілерін берген кейбір ауылдардың жойылып кеткендігі туралы қамыққан ойларын білдірді.
«Келер ұрпаққа көрсетеріміз, айтарымыз болуы тиіс. Өзіміз сақтамасақ тарих шаңы ешкімді аямайды» деген ой білдірді.
Кездесу Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада өтіп жатқан «Ұлы даланың жеті қыры»: қазақстандық қоғамның рухани дамуындағы кітапханалардың рөлі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында және Сағымбай Қозыбаевтың 75 жасқа толуына орай ұйымдастырылды.
Қостанай