• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Қазан, 2019

Абайға тағзым: Қаллеки театры жаңа маусымының шымылдығын түрді

555 рет
көрсетілді

Елорданың бас театры – Қ.Қуа­нышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының бағзыдан бұлжымас қағидаға айналып, ертеден келе жатқан әдемі дәстүрі бар. Ол – қоңыр күзбен жараса шымылдығын түрер әр маусымын Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай» қойлымымен ашып, дәл сол спектакльмен жемісті шығармашылық жұмысын түйін­деу. Жаңалыққа толы кезекті ХХІХ театр маусымын ұлы ақын рухына тағзым етуден бастады.

Жаңа маусым –жаңа жауапкершілік

Қ.Қуанышбаев театры ұжымы үшін биылғы маусымның жөні де, жолы да бөлек. Көңілге қуаныш ұялатып, сүбелі шығармашылық ізденістерге жетелейтін сәулелі себептері де жетерлік. Әуелгісі – жаңа маусым жұмысы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіке­лей тапсырмасымен келер жылы халықаралық деңгейде аталып өтілуі жоспарланған ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келсе, екінші елеулі себеп – ұжым алдағы ХХХ мерей­тойлық маусымын жаңа еңселі ғимарат төрінде қарсы алмақ.

Одан бөлек, қаллекиліктердің Абай тақырыбына аялай қарауының тағы бір сыры – театрға есімі берілген тұң­ғыш қазақ театрының негізін қалаушы актерлердің бірі Қалибек Қуанышбаев – Хәкім бейнесін ең алғаш сахнаға шығарған актер. Өткен ғасырдың 40-жылы режиссер Асқар Тоқпановтың қолтаңбасында сахна көрген трагедияның қазақ театр өнері тарихындағы орны айрықша. Әсіресе Қалибек Қуанышбаев нұсқалаған Абайдың аңыз бейнесі ішкі тереңдігімен өнерсүйер қауымды айрық­ша тәнті еткен еді.

«Қалибектен кейін Абайды талай дарынды актерлеріміз ойнады, бі­рақ Қалибек – Абай біреу-ақ! Ол – Хан­тә­ңірінің биік шоқысында оқшау тұрған бейне». Асқар Тоқпановтың ұлы Қаллеки ойынына берген бұл бағасы талант табиғатына таразы болатындай.

– Бүгін шынымен де толғандыратын, адамға көп ой салатын, мамандығына терең үңілетін, «мен осы әртіспін бе, киелі сахнада жүруге қаншалықты құқым бар?», деген сауалдарға әр актердің өзінің іштей жауап беретін күні. Біздің киелі қарашаңырақ қазақ сахнасының қара нары Қалибек Қуанышбаевтың есімін иеленген. Ендеше, осы атқа лайық адал қызмет етуге тиіспіз. «Сахна – менің өмірім, сахна – менің тағдырым, сахна – менің тәңірім», деп өнер алдындағы жауапкершілікті сезінер болсақ, сонда біз бабаның жолын ұстаймыз, туын құлатпаймыз. Біздің ұжым оған әбден лайық, – деді маусымның ашылу салтанатында театрдың ардагер актрисасы, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова.

Қазақ театры ҚҰТ бола ма?!

Шымылдығын ерекше шабытпен түрген ұжым үшін кезекті театр маусымы зор жауапкершілікке де толы болмақ. Оны санаулы күн бұрын ғана театрдың директоры қызметіне тағайындалып, жемісті жұмысын бастап кеткен Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, PhD докторы Асхат Маемиров айрықша атап өтті.

– Келер жылы ұжымымыз үшін айтулы оқиғалармен айшықталар жемісті де жауапты маусым болады деп күтілуде. Өйткені кезекті театр маусымын көптен күткен төл ғимаратымыздың төрінде қарсы алмақпыз. Архитектуралық һәм техникалық мүмкіндік тұрғысынан Еуразия кеңістігінде аналогы жоқ сәу­летті ғимарат құрылысы театр ұжы­мынан да сол деңгейдегі іргелі ізде­ністі талап етері сөзсіз. Жаңа ғима­раттың табалдырығын аттауға барлық жағынан дайын болуымыз керек. Ол ең әуелі труппаның шығармашылық әлеуетіне байланысты. Сондықтан да қазірден бас­тап театр репертуарының мазмұндық һәм сапалық деңгейіне қатар назар аударып, сол жолдағы ізденіс жұмыстарына жіті мән беріп отырмыз. Одан бөлек, тағы бір қуанышты жаңалық – алдағы ХХХ мерейтойлық маусымымызды Ұлттық мәртебеге ие мерейлі театр төрінде қарсы алмақ ниетіміз бар. Ұсыныс тасталды. Енді нәтижесін күтудеміз. Бұйырса, келесі маусымда Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық театрына, яғни қысқаша айтқанда ҚҰТ-қа келесіздер, – деді театр директоры.

Таланттар тандемі

Иә, расымен де бұл – күн театр ұжымы үшін ерекше толқынысты сәт. Ширек ғасырдан аса уақыт шалқар шабытын шағын сахнаға сыйдырып келген труппа, енді міне, 30 жыл дегенде көптен күткен төл театрының табал­дырығын аттамақ. Жыл басында басталған ғимарат құрылысын жіті қадағалап, тағатсыздана күткен өнер майталмандарының бұл өрекпуінің астарында киелі театр өнеріне деген шексіз махаббаттың жатқаны анық.

– Ұжымымыздағы әрбір актер үшін бұл күннің орны айрықша. Көңілімізде қуанышпен бірге қимастық сезімі қатар қатталып тұрған жайы бар. Өйткені 28 жыл құтты мекен болған шағын да болса шаттықты ғимараттағы соңғы шығар­машылық маусымымызды қарсы алып отырмыз. Біз бұл күнді көп күттік. Алла сәтін салып, театр құрылысы қар­қынды жүріп жатыр. Жаңа ғимаратта труппаның жаңаша шығармашылық тынысы ашылады деп сенеміз, – деді жаңа маусымның ашылуына арналған салтанатты жиында сөз алған театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.

Театр басшысы атап өткендей, Қаллеки театрының елорданың рухани-мәдени өмірінде алатын орны айрықша. Осыдан тура 28 жыл бұрын режиссер, қайраткер тұлға Жақып Омаровтың бастамасымен бас шаһар төріне ту тіккен мәдени ошақ бүгінде шығармашылық қанатын кеңге жайып, өнердің үлкен ордасына айналды. Мұнда қазақ театр өнері режиссурасының реформаторы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің, Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаевтың ізі сайрап жатыр. Ұлт театрының абыз ақсақалы Қалибек Қуанышбаевтай аңыз актердің аяулы есімі һәм тағылымды жолы менмұндалап шақырады әр көрерменін. Бұл жерде арғысы – Шәміл Жүніс, Рымкеш Омарханова, Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Түймехан Атымтаева, Жанат Шайкина, Жұмагүл Мейрамова, Кеңес Нұрланов, бергісі – Нұркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, Ержан Нұрымбет, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Айнұр Бермұхамбетова бастаған талантты актерлер шоғыры шынайылық пен шеберлік егіз өрілген ғажап бір тандемде қызмет етеді.

Абай жолы үзілмейді

Театр әртістерінің қызыл кілемнен өту салтанатымен басталған өнер мерекесі әрі қарай Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымына ұласты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Ораз­бектің режиссерлігімен қойылған спек­такль шын мәнінде театрдың бойтұ­марына айналғандай.

Сахна өнерінде Қалибек Қуанышбаев шықан ең биік шың – Абай рөлі десек, бүгінде сол биікті бағындыруда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Нұркен Өтеуілов жемісті еңбек етіп жүр. Абай – қалпақпен қағып алатын, жүрдім-бардым қарайтын кезекші рөл емес, күрделі бейне. Алып бейнесін шығару актерден ішкі зиялылық пен тереңдікті талап етеді. Үздіксіз ізденіске жетелейді. «Мыңмен жалғыз алысқан» ақын бейнесінің сахнагерге артар зіл батпан ауыртпалығы да, ешбір атақпен өлшенбес абыройға бөлер құдіреті де қатар жүреді. Жас та болса актер Нұркен осы жауапкершіліктің салма­ғын жете түсінеді. Өзін үнемі Абай шығар­машылығымен сусындатып келе жатқан өнер иесінің кейіпкер бейнесін ішке сіңірудегі сол ізденісі әр сөзі мен әрекетінен, әр демі мен үнсіздігінен сезіліп тұрады. Сахнагердің сомдауындағы ақын бейнесі осы бір ішкі иірімдерімен, күрделі күңіреністерімен бірден көз алдыңызда биіктей жөнеледі. Бұл – ең бірінші классиканың құдіреті болса, екіншіден, актер ізденісінің жемісі деп бағалау керек.

«Абайды» бекер мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Дәл қазіргі таңда қазақ сахнасында қаһарман бейнесін кескіндеуші актерлердің тапшылығы, тиіптік бейне алшақтығы айналасынан өрбитін түйткілдер жиі айтылып, жазылады. Мәселе етіп көп көтеріліп те жүр. Әйтсе де бұл түйткілдің Қ.Қуанышбаев театры актерлеріне қатысы аздау. Себебі сайдың тасындай жарасқан талантты әртістер ойы­нына біз дәл осы театр қойылымдары арқылы куәміз: Толғанай мен Зерені кемеліне келтіре кейіптеген Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова, Абай болмысын бейнелілік биігіне көтерген Нұркен Өтеуілов, хан Абылайға айбын сыйлаған Қуандық Қыстықбаев, жалын жұтқан Жанна Д’Арктің өр рухын өткір бейнелеген Айнұр Бермұхамбетова, Гамлет болып күңіренген Сырым Қашқабаев сынды суреткер актерлердің шебер ойыны қай уақытта да көреременін көркем ойлауға, зиялы пайымдауға жетелеп келеді. Қаһарманы бар театрдың қарымы да алымды. Бұл тұрғыдан келгенде Қаллеки театрының бәсі биік, ұпайы түгел. Ендеше жаңа маусымнан да күтер жаңалық көп!