«Алтын алма» шаттық пен қуаныштың белгісіндей, Алматыда өткен Орталық Азия қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесінде әр ұлттың қолынан шыққан бұйымдары келушілердің көңілінен шықты.
«Алтын алма» Орталық Азия қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесіне Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей елдерінен өз саласының майталман мамандары қатысты.
Әдеттегідей Орталық мемлекеттік музейінде өткен бұл көрмеге аты айтып тұрғандай алмаға ұқсайтын бұйымдар көптеп қойылды. Алматыдағы жаймашуақ алтын арайлы күз мезгіліне дөп келетін жәрмеңкеге келушілер де береке мен бірліктің белгісіндей қабылдайды.
Нарттай қызыл алмалар қаламыздың символы ғана емес, ол әр отбасыға амандық пен саулық тілеген ақжолтай ниеттің белгісіндей болып көрінеді. Онда киіз бен жібек матадан тоқылған бұйымдар, сән салтанатымен әспеттелген өрнекті заттар, зергерлік бұйымдар, сандықшалар мен құлпырған кілемдер көз жауын алады.
Алмадай алаулаған күзгі жәрмеңке жан дүниеңізді әдемі әсерге бөлейді.