Ат спорты маусымының жабылуына орай ұйымдастырылған қалалық ашық турнирге Нұр-Сұлтан қаласынан, Қарағанды, Теміртау, Тараз, Өскемен, Алматы өңірлерінен тұлпарлар қатысты.
Бұл күні ипподромға жиналған жұртшылық 24 шақырымдық аламан бәйге, 2,4 шақырымдық майда жарыс, 14 шақырымдық негізгі бәйге және 8 шақырымдық жорға жарыстарын тамашалады.
Сөйтіп, 24 шақырымдық аламан бәйгеге 12 жүйрік қатысты. Павлодарлық «Сенім» атты тұлпар аламанда бірінші болып келді. Аттың иесі – Бақтияр Байзақов. Тоқ бәйгеде де Бақтиярдың «Карлухкан» атты жүйрігі топ жарды.
Ал ұшқыр аттардың қысқа қашықтықтағы жарысында Алматының «Мэйк Мемерис», Успен ауданы «Галицкое» ЖШС-нің «Попутчик» тұлпарлары алда келді.
–Мен жыл сайын бәйгеге қатысамын. Бүгін «Карлукхан» атты тұлпарыммен тоқ бәйгеде бірінші келдім. Әр жүйріктің өз ерекшелігі бар. Аттың шабысы бізге де байланысты. «Карлукхан» былтырдан бері бәйгеге қатысуда. Былтыр машина олжалап едік, бүгін 1 миллион теңге ұтып алдық, – дейді 12 жасар шабандоз Нұрболат Семетай.
Бәйгені көруге келген Жанаргүл Білай Кемеңгер ауылындағы аграрлы-техникалық колледжде техник-программист мамандығында білім алуда.
–Колледжде ашылған «Аламан» клубын студенттер ғана емес, ауыл жастары мен оқушыларды атқа мінуге және жылқы баптауға үйретуде. Өзім 8 жасымнан атқа мініп үйрендім, – дейді Жанаргүл.
Бәйгеден соң, жаппай көкпар басталды. Біздің облыста көкпаршы жігіттеріміз негізінен Екібастұздың Ақкөл ауылында, Баянауылда, Май ауданында, Ақсуда тұрады.
Облыс әкімі Болат Бақауов та додаға қатысып, спортшылармен күш сынасып көрді.
Жаппай көкпар ойынында Ислам Рат осымен екінші мәрте жүлдегер атанды. Аттың иесі Бақтияр Байзақов автокөлік иеленді.
–Әрине, тартыс кезінде бірде ақың кетеді, бірде еселене қайтады. Көкпар деген сонысымен қызық. Қиқуы да ғажап. Қызған додаға атты қосып кеп жіберіп, көкпарға қол тигенде жаның рахат табады. Салым салған соң көңіл де жадырайды, – дейді Ислам.
Көкпаршылардың бәрі де бала кезден көкпарға тай, жабағы, құнандармен барғандарын айтады. Бірден үлкен көкпарға араласу мүмкін емес.
–Соңғы кездері жаппай көкпар мен командалық көкпардың айырмашылықтары да айтылуда. Көкпар спорт емес. Мән-мазмұны басқа. Ата-бабадан қалған мұра. Ұлттық ойынымыз. Кең даланың көкпары мен театрландырылған көріністі командалық көкпардың айырмасы жер мен көктей, – дейді көкпаршылар өзара ой бөлісіп.
Ал облыстық Туризм және спортты дамыту басқармасының мәліметінше, Ат спорты түрлері бойынша турнирге 3 «Lada» автокөлігі, мотоцикл, сондай-ақ ақшалай жүлде тігілген. Енді алдағы желтоқсан айында өңірімізде алғаш рет облыстық құсбегілер сайысы өтеді.