Қазіргі уақытта облыс аумағында республикалық дәрежедегі Омбы – Майқапшағай және Талдықорған – Өскемен жолдарының құрылысы жүргізілуде. Жақында Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Асқар Мамин осы жолдардағы құрылыс барысымен танысқан болатын.
Талдықорғаннан Өскеменге дейінгі жолдың 880-1073 шақырымдарын италиялық «Тодини Централ Азия» мердігер компаниясы салуда. Құрылыстың жалпы құны 67,1 миллиард теңгені құрайды. Жол бойында 31 көпір тұрғызылып, су өткізуге арналған 176 құбыр төселмек. Компания жұмыстарды қарқынды атқаруда, әрі жолдың сапасы да өз дәрежесінде. Олардың жол бойында екі бірдей зауыты жұмыс істеп тұр. Істерінде кідіріс жоқ. Ал Қалбатау – Майқапшағай трассасының 906-1090 шақырымдарында «СП ҚазГерҚұрылыс» ЖШС жұмыс атқаруда. Бұл – Қалбатау ауылынан бастап Тарбағатай ауданының аумағына дейінгі аралық. Өздеріне берілген 184 шақырым жолды 80 миллиард теңге қаржыға салып шығулары тиіс. Жол бөлігінде 18 көпір мен 214 су өткізу құбыры болады. Осы жолдың 1090-шы және 1321-ші шақырымдары аралығында қытайлық «Сhina Xing-Xing Group Co LTD» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Олар Майқапшағайдан бастап Тарбағатай ауданындағы Қабанбай ауылы тұсына дейінгі жолды жөндеуде. 231 шақырым жолды салуға 78,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл аралықта 15 көпір мен 230 су құбыры салынады. Үш мердігердің жұмысымен танысқан А.Мамин «Тодини Централ Азия» компаниясы жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып келе жатқанын атап өтіп, «Қазгерстрой» мен «Сhina Xing-Xing Group Co LTD» компанияларына құрылысты ширату қажеттігін айтқан болатын. «Жұмыстың келесі жылға жоспарланған көлемі тым көп екенін естен шығармаңыздар. Ескертіп айтарым, алдағы жылдың аяғына дейін бұл жолдармен көліктер жүруі тиіс. Өзге абаттандыру жұмыстары кейін атқарылады. Ең бастысы, көліктер қозғалысына жол ашу. Міндет осы», деген-ді Үкімет басшысы.
Талдықорған – Өскемен бағытындағы 1090-шы және 1321-ші шақырымдары аралығында жұмыс істеп жатқан «Сhina Xing-Xing Group Co LTD» компаниясының жұмысы неге тежелуде? Мұның себебін техника жетіспеушілігімен түсіндіріген компания өкілдері өздерінде 190 бірлік техника бар екенін, алдағы уақытта Қытайдан тағы қосымша техника жеткізілетінін айтқан-ды. «Қытайлық мердігердің жұмысты кешіктіруіне техника ғана емес, білікті мамандардың жетіспеушілігі себеп болуда. Қазір мердігер компания маман тарту жұмыстарымен шұғылданып жатыр. Жол салу жұмыстарына жергілікті мамандарды тарту мақсатында облыстың аудан әкімдері халық арасында тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бұл мәселе жақын арада оң шешімін табады деп ойлаймын», дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Шығыс Қазақстан облысы