Елордада электронды төлем жүйесін енгізу нәтижелері тақырыбына арналған «Қоғамдық көлік: реформалау және даму жолдары» атты конференция өтті. Жиынға қатысушылар сараланған тарифті енгізгеннен кейін қоғамдық көлік жұмысында қандай өзгерістер болғанын айтып, оны енгізудің қорытындысын шығарды.
Иә, 2011 жылдың сәуір айында қала әкімдігінің қаулысы бойынша Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының қатысуымен «Астана LRT» компаниясы құрылған болатын.
Компанияның негізгі атқаратын міндеттері – қаланың кешенді көлік сызбасын әзірлеуге қатысу, зияткерлік көлік жүйесін енгізу, көлік ағындарын басқару, әртүрлі шешімдер арқылы жолдардың жүктемесін азайту, қоғамдық көлікті диспетчерлеу, қоғамдық көлік саласындағы құқық бұзушылықты айқындау мен жою, жол ақысын төлеудің электронды жүйесіне (ЖТЭЖ) қызмет көрсету, қоғамдық көліктің бағдар желісін жаңғырту, көлік мамандарын оқыту және басқалар. Бұл қала ауқымында көлік саласындағы аталған міндеттерді атқаратын Қазақстандағы жалғыз компания екенін айта кеткен жөн.
Соңғы 10 жылда елорда халқы 2 еседен астам өскені белгілі. Қалада бірнеше шағын аудан салынды, жаңа көшелер, адамдардың жаппай тартылу орындары пайда болды. Қаламен бірге халықтың көліктік қамтамасыз етуге қажеттілігі де қатар өсуде. Қазір елорда тұрғындары еуропалық деңгейдегі жайлы автобустарды қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ал 5-6 жыл бұрын елордада талаптарға сай емес автобустар қатынайтын еді. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктері ескерілмейтін ескі, суық автобустар көп болды. Қаланың автопаркін жаңарту міндеті «Астана LRT» кәсіпорнына жүктелді. 2014 жылдан бастап 2018 жылға дейін City Bus жобасы аясында 738 автобус сатып алынған. Бұл ретте талаптарға сай емес 400 ескірген автобус желіден шығарылған. Осылайша жылжымалы құрам 70%-ға жаңартылды. Ал автобустардың 73%-ы тұрғындардың қозғалысы шектеулі топтары үшін қолжетімді бола бастады. Биыл «Астана LRT» ЖШС Yutong маркалы 100 электробус сатып алу туралы шартқа қол қойған-ды. Жаңа автобустарды сатып алу қаланың бағдар желісін ауқымды түрде жаңғыртуға мүмкіндік берді. 2013-2014 жылдары шетелдік сарапшыларды тарта отырып, талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде 70 бағдар оңтайландырылып, 35 жаңа бағдар іске қосылған. Жаңалықтар енгізілгенге дейін өте ұзақ қалалық бағыттарға көліктер кейде қатынап, кейде мүлдем қатынамайтын еді. Қазір қала маңындағы автобустар күнделікті 29 елді мекеннің 50 мың тұрғынын тасымалдайды.
«Қоғамдық көлік үшін BusLane арнайы жолағы бөлінді. Бүгінгі таңда ұзындығы 77 шақырым 24 жол учаскесі қамтылды. BusLane арқылы бағдар желісінің негізі қалыптасып, магистралды көшелер қамтылды. Бұл шара аялдамаларда автобусты күту уақытын 24%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Зияткерлік көлік жүйесі шеңберінде қоғамдық көлікті диспетчерлеудің бірыңғай жүйесі енгізілді. Заманауи GPS үйлестіру жабдығы, бақылау сезбектері, сондай-ақ автобустардың қозғалыс кестесін бейімді басқару онлайн режімде автобустарды бақылау мен басқаруды дұрыс жолға қоюға мүмкіндік берді. Нәтижесінде келесідей ереже бұзушылықтар тыйылды, яғни бекітілген бағдарды бұзу, аялдамадан тоқтамай өтіп кету, ауысымды уақытынан бұрын аяқтау және т.б. Сондай-ақ тұрғындардың автобус қозғалысы туралы ақпаратқа қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Бақылау онлайн ғана емес, сонымен қатар желіде де жүзеге асырылады. Көліктік бақылау департаменті құрылды. «Астана LRT» жанынан құрылған көліктік бақылау департаменті менеджерлері күн сайын тасымалдаушылар мен жүргізушілер және жолаушылар тарапынан болатын қоғамдық көліктегі бұзушылықтарды бақылайды. Жол ақысын төлеудің электронды жүйесі – зияткерлік көлік жүйесінің құрамдас бөлігі. Бұл жолаушылар ағынын дәл санауға және бағдарлар желісін жақсартуға мүмкіндік береді. Көлік мамандарының біліктілік орталығы – қоғамдық көлік қызметкерлерін: жүргізушілер, бақылаушылар, кондукторлар және тіпті байланыс орталықтарының операторларын даярлау мен қайта даярлауға маманданған Қазақстандағы бірден-бір орталық. Жол жүру қағидалары бойынша стандартты сабақтардан басқа, жүргізушілер алғашқы медициналық көмек, психология, жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті және тағы басқа пәндерді оқиды. Күйзеліс деңгейіне, реакция жылдамдығына тест өткізіледі. Қажет болған жағдайда қайта оқытылады, қосымша консультациялардан өтеді. Жыл басынан бері орталықта оқу және қайта оқудан 1130 жүргізуші, 69 байланыс орталығы операторлары, 15-тен астам басқа мамандар өтті. Біз қоғамдық көлікті дамыту және оны жолаушылар үшін жақсартуға әрқашан дайынбыз», деді «Астана LRT» компаниясының мамандары.
«Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов өткен жылдың 21 шілдесі – елорданың қоғамдық көлігі үшін айтулы күн болғанын, дәл сол күні елорда әкімдігінің қаулысы күшіне еніп, қаланың көлік саласының серпінді дамуының жаңа белесі айқындалғанын атап өтті.
«Сараланған тариф енгізілгеннен кейін небәрі 10 күн ішінде көлік карталарын пайдалану үлесі 46-дан 66 пайызға дейін артты. Жолақы төлеудің баламалы тәсілдері қолжетімді болды. Көлік карталарын қашықтан толтыру мүмкіндігі пайда болды. Қаланың бірнеше автопаркі кондукторлар қызметінен бас тартты. Бұл шығындарды қысқартып, қаражатты қайта бөлуге және нәтижесінде жүргізушілердің жалақысын арттыруға, сараланған тариф тасымалдаушыларға қойылатын талаптарды күшейтуге мүмкіндік берді. Егер бұрын автопарктердің бір бөлігі жүргізушілермен автобусты жалға беру жүйесі бойынша жұмыс істесе, енді сараланған тарифтің енгізілуі арқылы барлық жүргізушілер бәсекеге қабілетті еңбекақымен, әлеуметтік топтамамен және жүргізушілерге қойылатын белгіленген талаптармен штатқа қабылданды. Сондай-ақ айналымдарды орындау және бағдарды қатаң ұстану бойынша талаптар күшейтілді. Осы шаралардың нәтижесінде расталған статистика бойынша, аялдамадан өтіп кету, билет бермеу туралы жолаушылардың шағымдары азайды. Небәрі 6 ай ішінде ақысыз төлеу үлесі екі есе өсіп, қазіргі уақытта 95 пайыз деңгейінде сақталып тұр. Сараланған тариф енгізілгеннен кейін тасымалдаушылардың табысы артты. Көлеңкедегі ақша айналымының 30 пайызы жарыққа шықты. Осының бәрі қолма-қол ақша айналымын барынша азайту арқылы мүмкін болды. Табыстың көбеюі нәтижесінде автобус парктері жүргізушілерге еңбек жағдайын жақсартып, қарыздарын өтеп, автобустарды біртіндеп жаңартып, көбейте алады. Бүгінде 22 бағдарда автобустардың саны ұлғайды, бағдарлар саны артты. Егер сараланған тарифке дейін жолаушыларға 86 бағдар қызмет көрсетсе, 2019 жылдың тамыз айында 91-ге жетті. Мұның бәрі оң өзгерістердің басы ғана», деді «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы.
Сонымен қатар ол қоғамдық көлікте ақша қаражатының көлеңкелі айналымы қалай азайғаны туралы айтты.
«2018 жылдың мамыр айында автопарктердің табысы 1 млрд 47 млн теңгені құрады. Оның 75%-дан астамы жыртылмалы орама билеттерді сатудан түскен. Ал 2019 жылғы мамырда автопарктердің табысы 40%-ға артып, 1 млрд 529,3 млн теңгені құрады. Бұл ретте қолма-қол ақша төлеу үлесі тек 7% көрсеткішке ие. Біз бүгінгі таңда Президент Жолдауында баса назар аударған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сай жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 70%-ға жуық автобус паркін жаңартып, 100 электрлі автобус сатып алдық. Күн сайын 50 мыңнан астам халық қала маңындағы елді мекендерге қатынайды. 2 gis, AstraBus және Senim үш мобильді қосымшасы бүгінде сұранысқа ие, қала тұрғындары өте белсенді пайдалануда. Тиімді өзгерістердің нәтижесіне халық куә болып отыр. Біз қала тұрғындары мен азаматтардың өтініштерін үнемі талдап отырамыз. Осыдан бір-екі жыл бұрын бізге билет бермеген автобус кондукторлары туралы тұрғындардан көптеген шағымдар келіп түсті. Бұл жолаушылар төлеген ақша көлік парктерінің кассаларына түспегенін және жосықсыз жұмысшылардың қалтасына кеткенін білдіреді. Кейбір адамдар қоғамдық көлікте жолақысын төлеуден қашады. Тегін жүріп-тұрғысы келетін жандарды түсінбеймін», деді ол.
Және де «Астана LRT» көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығының директоры Жеңіс Жалбыр алдағы уақытта жолақыны қымбаттату жоспарда жоқ екенін жеткізді.
«Жолақыны өсіру алдағы жоспарларда қарастырылмаған. Себебі бұл ең бірінші халықтың мүддесі және басым көпшілігі қоғамдық көлікті пайдаланатынын ескергендіктен туындап отыр. Біздің мақсатымыз – тұрғындарға сапалы қызмет көрсету. Айта кететін тағы бір жайт, біз 20-бағдарға жолақысын viza картасы арқылы төлеудің қанатқақты жобасын енгізген болатынбыз. Соған сәйкес жаңа құрылғылар да орнатылды. Осы тәжірибе табысты жүзеге асатын болса, басқа бағыттардағы көліктерге де осы тәжірибені енгіземіз» деді Ж.Жалбыр.
Сондай-ақ іс-шарада автопарктердің басшылары да баяндама жасап, кәсіпорындардың ағымдағы қаржылық жағдайы, кірістер, шығыстар туралы айтты.