Қарағанды облысындағы Осакаров ауданының Ошаған ауылында тұратын жалғыз басты ана атаулы әлеуметтік көмек қаржысына жеке қосалқы шаруашылығын құрып, отбасының материалдық жағдайын жақсартуға қол жеткізді.
Татьяна Еськинаның күйеуі біраз жыл бұрын өмірден өткен екен. Содан бері әйел жеті баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Ол осыған дейін өзінің жеке шаруашылығы болғанын армандағанымен қаражаттың тапшылығынан ойындағысын жүзеге асыра алмай жүрген-ді. Сондықтан отанасы биыл АӘК-тен түскен ақшаны үнемдеп жинай бастады. Біраз уақыттан кейін Еськиндердің ауласында үш бұзау, тоғыз қоян және торай пайда болды.
«Енді көршілерден біздің еш айырмашылығымыз жоқ, өз шаруашылығымыз бар. Ең бастысы, балаларым қуанып, бірден үй жануарларына күтім жасай бастады. Енді мал басын көбейтуді жоспарлап отырмын. Кім біледі, мүмкін балаларым болашақта фермер де болар. Барлығы да кішкентай нәрседен басталады емес пе?!», деген көп балалы ана келешегіне үміттене қарайды.
Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, Еськиндердің табысы кедейлік шегінен төмен болды (жан басына шаққандағы кіріс – 8,772 теңге). Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан кейін отбасы біртіндеп кедейлік шегін еңсеріп, күрделі жағдайдан шықты.
«Атаулы әлеуметтік көмек көп балалы отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Көмек алушылардың көпшілігі мемлекет есебінен қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтеді. Кейбірі үй жануарларын сатып алып, жеке қосалқы шаруашылықтарын дамытады. Жалпы, Қарағанды облысында 9 мың 620 отбасы немесе 46 мың 915 адам 3,3 млрд теңге көлемінде АӘК алады. Татьяна Еськинаның отбасына ай сайын 145 мың 523 теңге көлемінде жалпы сомасы 1 млн 746 мың теңгені құрайтын атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды», дейді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Әсем Жүнісбекова.
Жуырда Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырғаны белгілі.
«Ең басты қағида – мемлекет шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға, алдыңғы кезекте балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналастыруға немесе шағын бизнеспен айналысуға қол ұшын созады. Мемлекеттік көмек алуға көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беру кіреді», деген-ді Біржан Нұрымбетов.